«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІЛ БОЙЫНДАҒЫ ЕСКІ ШАҺАР Ақтау қалашығы туралы не білесіз?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақтау – Петропавл қаласының солтүстік-шығысына қарай 5-6 шақырым жерде, қа­зіргі Солнечный шағынауданының төңірегінде, Есіл өзені бойының биік жарқабағында орналасқан тарихи-археологиялық кешен. 1972 жылдары Петропавл педагогикалық институтының және облыстық өлкетану музейінің біріккен археологиялық экспеди­циясы тарих ғылымдарының кандидаты Марал Хабдуллинаның басшылық етуімен сол жерде қазба жұмыстарын жүргізген. Тарихи кешен қазба жұмыстары кезінде толығымен зерттеліп, бұрынғы сүлбесінің қалпы жүйелендіріп, құрылыс әдістері айқындалып, пай­даланылған табиғи материалдар, сол замандағы күнделікті өмірде пайдаланылған тұр­мыс­тық заттар, құралдар көптеп табылды.

Жүргізілген археологиялық жұмыстар бұл біздің заманы­мызға дейінгі 5-3 ғасырлар ке­зінде, фортификациялық ерек­ше­ліктерді сақтай отыра, жер ландшафтын ескеріп, жергілікті табиғи материалдарды пайда­лана отыра тұрғызылған бекі­ніс солтүстігінде Саргат архео­логиялық мәдениеті, оңтүстігін­де Тасмола археологиялық мә­дениетінің түйіскен жерінде пай­да болған тарихи нышан екенін анықтады. Археологиялық қаз­ба жұмыстарымен қамтылған аумақ – 1700 шаршы метр жер. Бекіністің реконструкциясы жасалып, суреті салынды. Бұл үл­кен археологиялық еңбек қазақ даласының тағы бір тылсым сы­рын ашқандай болды.

Ресми кеңестік тарихи ғы­лымда қалыптасқан немқұрай­лық көзқарас дала тарихын, мә­дениетін әркез кемсітіп, шетте­тіп отырғаны белгілі. Бұл архео­логиялық зор табыс бола тұра, тарих сөресінде өз орнын таба алмады. Осы үлкен жұмысқа бас­шылық жасап, абыроймен атқарған адам тарих ғылым­дарының кандидаты, жерлесі­міз, Шал ақын ауданы, Сергеев­ка қаласының тумасы Марал Хабдуллина екенін жоғарыда айт­тық. Қазіргі кезде Марал Ға­лымжанқызы – Астана қала­сындағы Л.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университе­ті­нің доценті.

Тарихи нысанның өзіне ке­летін болсақ, алдымен деректерге көз жүгіртейік. Мына де­ректі қазақ тіліне аудармай, өз нұсқасында беруді жөн көрдім. “… Можно город поставить на реке Ишиме, от Тобольска в де­сяти днищах…от БЕЛОГО ГО­РОДИЩА в два верстах, а от реки близко в дуброве подле большего озера. …озеро и иные озе­ра многие рыбные, и река Ишим угодна ; … рыба в той реке есть, и зверя всякого по ней много, и пашенные места и сенокосные покосы в тех мес­тах многие”. 1606-1687 жыл­дардағы орыс-моңғол қатынас­тары жөніндегі материалдарда кездесетін бұл дерек көп жайт­ты аңғартады. Он жетінші ға­сыр­дың орта шенінде бұл қа­лашықтың орыс империалдық әскери сарапшыларының көзі­не түсуі онда әлі тыныс-тіршілік болғанын дәлелдейді. Архео­ло­гиялық қазба жұмыстарын жүргізу кезінде “Аққала” атауы­ның “Ақтау” болып өзгергені сол кездегі ғалымдардың көзқа­расы мен ар-ұжданының түйіні дейік.

Есіл арнасына мүйістеніп кі­ріп тұрған бұл бекініс солтүсті­гі­нен Есілдің 40 метрлік биік жа­рымен, оңтүстігі тағалай қазыл­ған ұзындығы 63 метр терең ор­мен және сол ордан шыққан 5 метр балшықтың үйіндісі, жан-жағы ағашпен қапталған, үстіңгі жағы бөренелі биік дуалмен бе­кі­тілген. Ордың бойымен көте­рілген қорғаныс қабырғасы кел­ген жауға тойтарыс беруге өте қолайлы. Бекіністің іші кәдімгі тұрғын үй сияқты, қабырғалары бөренемен көтерілген, екі бөл­мелі, ауқымы 20-40 шаршы метр, биіктігі 2,5-3 метр. Бөлме­лердің төбелері тайпақ, үстімен кісі жүре алатындай қылып, тө­селген. Шеткі үйлер бекініс қа­бырғасына қабыстыра салын­ған, бұл ерекшеліктің өз түсінігі бар, жау келген кезде қорғау­шылар үйлердің төбесімен ер­кін жүріп, бекініс қабырғалары­нан тойтарыс беруге өте ыңғайлы. Қалашықты қоршаған ор­дың орта кезінде кіреберіс қақ­па болған. Қақпаның ені 1,2 метр және соған жалғасқан кө­шелердің де ені – 1,2 метр, яғни ол көшелермен бір кісі ғана жүре алатын болған. Бұл да – со­ғыс тәсіліне бейімделген, лап беруге қарсы қолданылған әдіс. Маңайын орлап, қос қабатты то­пырақ үйіндісін тұрғызып, оның үстіне ағаштан қоршау салып, бекініс құру – Саргат археоло­гиялық мәдениетіне тән құбы­лыс. Бұл кешеннің тағы бір ерекшелігі – солтүстігінде Сар­гат, оңтүстігінде Сарыарқа кең­дігін қамтыған Тасмола ­мәдениеттеріне тән нышандардың табылуында.

Бөлмелердің ортасында ошақтың, маңайы қыштан іс­телген ыдыстардың ұңғыланған тұратын орны, кейбір ыдыстар күлге көмілген күйі сақталған. Әр бөлмедегі ошақтардың жүйе­сі, суық кезеңдерде бүкіл қалашықтың ішіндегі жылуды сақтауға себін тигізген. Бекініс қабырғасының бойымен қазыл­ған ордың тереңдігі 1,3-1,5 метр. Біріншіден, ор шабуыл­дау­шылардың екпінін тоқтатып, алға жылжуына көп кедергі келтіреді, екіншіден, көктем кезін­де­гі еріген қар суы, топырақ үйіндісін шайып кетпеу үшін жасалған дренаждық жүйе. Ор­дың бойымен аққан су Есілдің арнасына құйылып, ары ағып кетеді.

Табылған заттардың және құрылыстың, оның ішіндегі үй­лердің орналасуы бекіністің жау шапқанда бас сауғалайтын орны екенін дәлелдейді. Жапа­дан жалғыз тұрған нысан ретін­де қарастыруға мүлде болмай­ды. Бекіністің маңайында ауыл­дар болып, шаруашылықпен айналысып, әжептәуір қалашық ретінде өмір сүрді деуге әб­ден болады. Есілдің кең алқа­сы, дөңіндегі тоғай ормандар сол кездегі халықтың мал ша­руашылығымен айналысуына, үй-тұрмысына өте ыңғайлы және қолайлы.

Табылған артефактілердің кейбіреуі сонау Қытай, Үндістан жерлерінен әкелінгенділігі таң­дандырады, яғни сол кездің өзінде сауда-саттықтың дамы­ғаны аңғарылады. Әртүрлі кө­лемдегі ұршық тастар жіп иіру тәсілдерінің болғандығын және тоқыма өнеркәсібінің дамыға­нын дәлелдейді. Шаруашылы­ғындағы үй жануарларының өнімдерін өңдеп, өз қажеттілі­гіне жарату экономикалық тұр­ғы­дан алғанда әжептәуір дамы­ғанын аңғартады. Қыш құмыра­лардың қалдықтары да, олардың бойындағы ою-өрнектер де, пайдаланған кісілердің әде­мілікке деген әуестіктерін, мәде­ниеті жоғары, қиял өрісінің кең­дігін растайды. Құмыра сүл­белерінің үлкенді-кіші болуы олардың функцияналдық қол­да­ну ерекшелігін көрсетеді, ошақ­тағы от табына қойып, ас пісіретіндері бір бөлек болса, ас-су құйып немесе сақтайтын құ­мыралар мүлдем басқаша. Сол құмыралардың бойындағы ою-өрнектер Саргат архео­логиялық мәдениетіне жақынды­ғын аңғартқандай.

Табылған жебелердің ұшта­ры сүйектен және мыстан істел­ген. Кейбір жебелер сауытбұ­зар үшкір келсе, кейбіреуі қозы жауырын жалпақ келеді. Оның да өз гәбі бар. Сауытбұзар негізінен соғыс қимылдарында көп қолданылса, қозы жауырын аң­шылықта пайдаланылған. Се­бебі аң аулауға ыңғайлы. Сүйектен істелген тебен, түй­реуіш, тескіш, қалақтар сол кез­дегі шаруашылық-тұрмыстық жүйеден сүйектің әлі шыға қой­мағандығын айғақтайды.

Тарих тереңіне үңілген кез­де осындай жаңалықтар қай халықтың болсын құлағын елең ет­кізеді. “Бұл неткен халық, олар кімдер?” – деген сұрақ міндетті түрде туындайды. Егер көне грек жазбаларына көз жүгіртсек “ … Прокнисс жерінің тумасы Каистробияның ұлы Ариспей­дің баяндауы бойынша Рипей тауларының (Орал) етегінде аргипей дейтін халық тұрады екен, жабайы шиеден істелген шарап ішеді, олардың шығы­сында исседон дейтін халықтар бар екен, аруақтарына қатты та­бынатын, көсемдерінің бас сүйегінен ас ішетін ыдыс жа­сайды екен, олардың ар жағында аримаспы деген халық тұра­ды екен. Парсы тілінен ау­дарғанда аримаспы деген “ғажайып аттылар” деген түсінікті білдіреді екен. Олар Борейлермен көрші тұрады, халық саны көп, өте жауынгер және қаптаған жылқы, қой, қара мал та­бындарымен бай”, – дейді. Ал енді бізге көнеден жеткен осы ақпарат қандай ойға қалдыра­ды? Қаншама ғасырлар өтсе де тарихи, этнографиялық, тұрмыстық байланыстар өз бояуын жоғалтпай, халықтың жа­дында сақталып, қазіргі мә­дениетіміздің бойынан “мен мұндалап” сыр беріп тұрған­дығы, бір тарихи үндестіктің барлығын паш етеді.

Ақтау қалашығынан табыл­ған археологиялық жәдігерлер бүгінде облыстық өлкетану мұ­ра­жайынан өз орнын тапқан. Көрмеде тұрған құмыралар, тұр­мыстық заттар, қару-жарақ фраг­менттері, қалашықтың ре­конструкциялық суреті келуші­лерге аз да болсын мағлұмат беріп тұр. Бірақ осы тарихи ны­сан толығымен қалпына келті­ріліп, этноқалашық немесе эт­ноауыл ретінде туристік жүйеге тиек болса, қаламыздың ғана емес, еліміздің тарихын басқа қырынан танытып, ұлттық та­рихымыз бен мәдениетімізге ти­гізер пайдасы ұланғайыр болар еді.

Дәстен Баймұқанов,

өлкетанушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp