Ақтау – Петропавл қаласының солтүстік-шығысына қарай 5-6 шақырым жерде, қазіргі Солнечный шағынауданының төңірегінде, Есіл өзені бойының биік жарқабағында орналасқан тарихи-археологиялық кешен. 1972 жылдары Петропавл педагогикалық институтының және облыстық өлкетану музейінің біріккен археологиялық экспедициясы тарих ғылымдарының кандидаты Марал Хабдуллинаның басшылық етуімен сол жерде қазба жұмыстарын жүргізген. Тарихи кешен қазба жұмыстары кезінде толығымен зерттеліп, бұрынғы сүлбесінің қалпы жүйелендіріп, құрылыс әдістері айқындалып, пайдаланылған табиғи материалдар, сол замандағы күнделікті өмірде пайдаланылған тұрмыстық заттар, құралдар көптеп табылды.
Жүргізілген археологиялық жұмыстар бұл біздің заманымызға дейінгі 5-3 ғасырлар кезінде, фортификациялық ерекшеліктерді сақтай отыра, жер ландшафтын ескеріп, жергілікті табиғи материалдарды пайдалана отыра тұрғызылған бекініс солтүстігінде Саргат археологиялық мәдениеті, оңтүстігінде Тасмола археологиялық мәдениетінің түйіскен жерінде пайда болған тарихи нышан екенін анықтады. Археологиялық қазба жұмыстарымен қамтылған аумақ – 1700 шаршы метр жер. Бекіністің реконструкциясы жасалып, суреті салынды. Бұл үлкен археологиялық еңбек қазақ даласының тағы бір тылсым сырын ашқандай болды.
Ресми кеңестік тарихи ғылымда қалыптасқан немқұрайлық көзқарас дала тарихын, мәдениетін әркез кемсітіп, шеттетіп отырғаны белгілі. Бұл археологиялық зор табыс бола тұра, тарих сөресінде өз орнын таба алмады. Осы үлкен жұмысқа басшылық жасап, абыроймен атқарған адам тарих ғылымдарының кандидаты, жерлесіміз, Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласының тумасы Марал Хабдуллина екенін жоғарыда айттық. Қазіргі кезде Марал Ғалымжанқызы – Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті.
Тарихи нысанның өзіне келетін болсақ, алдымен деректерге көз жүгіртейік. Мына деректі қазақ тіліне аудармай, өз нұсқасында беруді жөн көрдім. “… Можно город поставить на реке Ишиме, от Тобольска в десяти днищах…от БЕЛОГО ГОРОДИЩА в два верстах, а от реки близко в дуброве подле большего озера. …озеро и иные озера многие рыбные, и река Ишим угодна ; … рыба в той реке есть, и зверя всякого по ней много, и пашенные места и сенокосные покосы в тех местах многие”. 1606-1687 жылдардағы орыс-моңғол қатынастары жөніндегі материалдарда кездесетін бұл дерек көп жайтты аңғартады. Он жетінші ғасырдың орта шенінде бұл қалашықтың орыс империалдық әскери сарапшыларының көзіне түсуі онда әлі тыныс-тіршілік болғанын дәлелдейді. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу кезінде “Аққала” атауының “Ақтау” болып өзгергені сол кездегі ғалымдардың көзқарасы мен ар-ұжданының түйіні дейік.
Есіл арнасына мүйістеніп кіріп тұрған бұл бекініс солтүстігінен Есілдің 40 метрлік биік жарымен, оңтүстігі тағалай қазылған ұзындығы 63 метр терең ормен және сол ордан шыққан 5 метр балшықтың үйіндісі, жан-жағы ағашпен қапталған, үстіңгі жағы бөренелі биік дуалмен бекітілген. Ордың бойымен көтерілген қорғаныс қабырғасы келген жауға тойтарыс беруге өте қолайлы. Бекіністің іші кәдімгі тұрғын үй сияқты, қабырғалары бөренемен көтерілген, екі бөлмелі, ауқымы 20-40 шаршы метр, биіктігі 2,5-3 метр. Бөлмелердің төбелері тайпақ, үстімен кісі жүре алатындай қылып, төселген. Шеткі үйлер бекініс қабырғасына қабыстыра салынған, бұл ерекшеліктің өз түсінігі бар, жау келген кезде қорғаушылар үйлердің төбесімен еркін жүріп, бекініс қабырғаларынан тойтарыс беруге өте ыңғайлы. Қалашықты қоршаған ордың орта кезінде кіреберіс қақпа болған. Қақпаның ені 1,2 метр және соған жалғасқан көшелердің де ені – 1,2 метр, яғни ол көшелермен бір кісі ғана жүре алатын болған. Бұл да – соғыс тәсіліне бейімделген, лап беруге қарсы қолданылған әдіс. Маңайын орлап, қос қабатты топырақ үйіндісін тұрғызып, оның үстіне ағаштан қоршау салып, бекініс құру – Саргат археологиялық мәдениетіне тән құбылыс. Бұл кешеннің тағы бір ерекшелігі – солтүстігінде Саргат, оңтүстігінде Сарыарқа кеңдігін қамтыған Тасмола мәдениеттеріне тән нышандардың табылуында.
Бөлмелердің ортасында ошақтың, маңайы қыштан істелген ыдыстардың ұңғыланған тұратын орны, кейбір ыдыстар күлге көмілген күйі сақталған. Әр бөлмедегі ошақтардың жүйесі, суық кезеңдерде бүкіл қалашықтың ішіндегі жылуды сақтауға себін тигізген. Бекініс қабырғасының бойымен қазылған ордың тереңдігі 1,3-1,5 метр. Біріншіден, ор шабуылдаушылардың екпінін тоқтатып, алға жылжуына көп кедергі келтіреді, екіншіден, көктем кезіндегі еріген қар суы, топырақ үйіндісін шайып кетпеу үшін жасалған дренаждық жүйе. Ордың бойымен аққан су Есілдің арнасына құйылып, ары ағып кетеді.
Табылған заттардың және құрылыстың, оның ішіндегі үйлердің орналасуы бекіністің жау шапқанда бас сауғалайтын орны екенін дәлелдейді. Жападан жалғыз тұрған нысан ретінде қарастыруға мүлде болмайды. Бекіністің маңайында ауылдар болып, шаруашылықпен айналысып, әжептәуір қалашық ретінде өмір сүрді деуге әбден болады. Есілдің кең алқасы, дөңіндегі тоғай ормандар сол кездегі халықтың мал шаруашылығымен айналысуына, үй-тұрмысына өте ыңғайлы және қолайлы.
Табылған артефактілердің кейбіреуі сонау Қытай, Үндістан жерлерінен әкелінгенділігі таңдандырады, яғни сол кездің өзінде сауда-саттықтың дамығаны аңғарылады. Әртүрлі көлемдегі ұршық тастар жіп иіру тәсілдерінің болғандығын және тоқыма өнеркәсібінің дамығанын дәлелдейді. Шаруашылығындағы үй жануарларының өнімдерін өңдеп, өз қажеттілігіне жарату экономикалық тұрғыдан алғанда әжептәуір дамығанын аңғартады. Қыш құмыралардың қалдықтары да, олардың бойындағы ою-өрнектер де, пайдаланған кісілердің әдемілікке деген әуестіктерін, мәдениеті жоғары, қиял өрісінің кеңдігін растайды. Құмыра сүлбелерінің үлкенді-кіші болуы олардың функцияналдық қолдану ерекшелігін көрсетеді, ошақтағы от табына қойып, ас пісіретіндері бір бөлек болса, ас-су құйып немесе сақтайтын құмыралар мүлдем басқаша. Сол құмыралардың бойындағы ою-өрнектер Саргат археологиялық мәдениетіне жақындығын аңғартқандай.
Табылған жебелердің ұштары сүйектен және мыстан істелген. Кейбір жебелер сауытбұзар үшкір келсе, кейбіреуі қозы жауырын жалпақ келеді. Оның да өз гәбі бар. Сауытбұзар негізінен соғыс қимылдарында көп қолданылса, қозы жауырын аңшылықта пайдаланылған. Себебі аң аулауға ыңғайлы. Сүйектен істелген тебен, түйреуіш, тескіш, қалақтар сол кездегі шаруашылық-тұрмыстық жүйеден сүйектің әлі шыға қоймағандығын айғақтайды.
Тарих тереңіне үңілген кезде осындай жаңалықтар қай халықтың болсын құлағын елең еткізеді. “Бұл неткен халық, олар кімдер?” – деген сұрақ міндетті түрде туындайды. Егер көне грек жазбаларына көз жүгіртсек “ … Прокнисс жерінің тумасы Каистробияның ұлы Ариспейдің баяндауы бойынша Рипей тауларының (Орал) етегінде аргипей дейтін халық тұрады екен, жабайы шиеден істелген шарап ішеді, олардың шығысында исседон дейтін халықтар бар екен, аруақтарына қатты табынатын, көсемдерінің бас сүйегінен ас ішетін ыдыс жасайды екен, олардың ар жағында аримаспы деген халық тұрады екен. Парсы тілінен аударғанда аримаспы деген “ғажайып аттылар” деген түсінікті білдіреді екен. Олар Борейлермен көрші тұрады, халық саны көп, өте жауынгер және қаптаған жылқы, қой, қара мал табындарымен бай”, – дейді. Ал енді бізге көнеден жеткен осы ақпарат қандай ойға қалдырады? Қаншама ғасырлар өтсе де тарихи, этнографиялық, тұрмыстық байланыстар өз бояуын жоғалтпай, халықтың жадында сақталып, қазіргі мәдениетіміздің бойынан “мен мұндалап” сыр беріп тұрғандығы, бір тарихи үндестіктің барлығын паш етеді.
Ақтау қалашығынан табылған археологиялық жәдігерлер бүгінде облыстық өлкетану мұражайынан өз орнын тапқан. Көрмеде тұрған құмыралар, тұрмыстық заттар, қару-жарақ фрагменттері, қалашықтың реконструкциялық суреті келушілерге аз да болсын мағлұмат беріп тұр. Бірақ осы тарихи нысан толығымен қалпына келтіріліп, этноқалашық немесе этноауыл ретінде туристік жүйеге тиек болса, қаламыздың ғана емес, еліміздің тарихын басқа қырынан танытып, ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізге тигізер пайдасы ұланғайыр болар еді.
Дәстен Баймұқанов,
өлкетанушы.