«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Оқыған адам озады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өзінің “Оқу жайы” атты мақаласында “Бұл күнде оқудың керек екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қай жұрт болса да оқумен ілгері басып тұрғандығын, кейін қалудың себебі оқудың кемдігінен екенін көріп тұрамыз” деп жазады. Алаш арыстары жастардың заманға сай білім алып, озық ойлы болуын армандады. Осы жолда талай зиялыларымыз тер төгіп, бар ғұмырын білім беруге арнады. Содан бері ғасырға жуық уақыт өтсе де қазақ баласы үшін оқу-білімнің қажеттілігі жоғалған жоқ. Керісінше, қазіргідей сәтте жастардың кітаппен сусындап, білімге бас қоюы күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналып отыр.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда заман тыныш, өмір бейбіт болға­ны­мен, еліміздің ауылдық жер­лерінде кітапханалар жасақта­лып, білім нәрімен сусын­дауға мүм­кіндік жасалмағаны жасы­рын емес. Қаладағыдай за­ма­науи ғимараттары, дамуға қа­жетті қайнаған ортасы жоқ көп ауыл жастары өркениет игілігі­нен шет қалып жатқаны шындық. Осы мәселеге алаңдап, ерікті түр­де өзара ымыраласып, бос уа­қыттары мен демалыс күндерін ұтымды пайдаланып, тамшыдай болса да елге пайдамыз тисе деген М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университе­ті­нің студенттері бірлесіп “Қы­зыл­жар оқырмандар клубы” атты ұйым құрып, ауыл мектеп­те­ріндегі балаларға ерікті түрде кітап жеткізумен айналысып ке­леді. Жас буынның ел игілігі, ұр­пақ санасының оянуы үшін жан салып, атқарып жатқан бұл жұ­мысы – ауыз толтырып айтар­лық­тай игі бастамалардың бірі.

– Өзге қалаларда жастардан құралған 2-3 команда бар, ал біз­дің өңірде жастар мұндай ұйымды әлі құрып үлгермеген. Негізін­де бұл бастаманы өткен жылдың қыркүйек айында қолға алмақ болғанбыз. Ол үшін “Kitapal” дү­кенінен топтық кітап алу үшін ко­мандада кемінде 8 адам болуы шарт еді. Ойланып-толғанып жү­ріп, ойға алған істі осы жылдың басында қолға алдық. Көбі неге “клубтың атын “Қызылжар оқыр­мандар клубы” деп қойдың­дар?” деген сұрақ қояды. “Дала қы­рандары”, “Өнерлі өрге жүзе­ді”, “Балалықтан даналыққа” де­ген сияқты біраз нұсқаларды қарас­тырдық, бірақ қаламыздың атын айшықтап, Қызылжар ата­уын паш етіп тұратын атау қойғы­мыз кел­ді, – дейді клуб жетекшісі Алуа Кеңесбайқызы.

Аталмыш ұйымның құрылға­нына санаулы уақыт болса да, Айыр­тау, Ақжар, Есіл, Ғабит Мү­сіре­пов атындағы және Тимиря­зев ау­дандарына барып, кітап­тар табыстап қайтқан. Осы тұста студенттер соншама кітапты са­тып алуға қаржыны қайдан ала­ды деген заңды сұрақ туындай­ды. Олар өздері баратын ауыл­дардың жетістікке жеткен, кәсіп ашқан азамат­тарымен тілдесіп, солар берген қаражатқа және жарнама жасау арқылы халық­тан түскен ақшаға кі­таптар сатып алып, жас оқыр­мандардың қо­лына табыс етеді.

Осы күні аға буын өкілдері жастардың кітап оқымайтынын ай­тып, қынжылысын білдіріп жа­та­тыны бар. Жастардың бой­күйез­дігі мен жалқаулығын да сын­­ға ала­тындар көп. Алайда ұйым мү­шелері бұл көзқараспен келіс­пей­ді. Олар ауылдарды ара­лау ба­рысында оқуға ынтық, көзі ашық жастардың аз емес екенін көрген.

– Білімге құштар жастар­дың бар екенін өз көзіммен көріп отырмын. Өйткені, уақыт өткен сайын ұйым мүшелерінің қатары бастапқыға қарағанда толысып келеді. Оларға тек жетекшілік ете­тін көшбасшы мен өз ойла­рын ай­тып үйренетін орта керек. ­Біз­дің топ мүшелері тек ауыл­дарға кі­тап апарып, оқушылардың қо­лына табыстаумен шек­тел­мейді. Бар­лығымыз әр ай са­йын бір кі­тапты айналдыра толық оқып шық­қаннан кейін оны жина­лып талқылаймыз, әркім өзінің түсін­ген ойын айтып болашаққа жос­пар түзеді. Өзіміздің пайда­мызға жарап жатқан мұндай әдет бас­қалардың да шешім қа­былда­уына, топ алдында тосыл­май сөй­леуіне, өз ойын ашық жет­кізуіне септігін тигізеді, – дейді клуб жетекшісі.

Ауылдық білім ошақтарында кітапханалардың бар екені рас, бірақ балалар онда кіріп, емін-еркін кітаптар алып оқып, оны керегінше пайдалана алмайды. Алынған әдебиет белгіленген уа­қыттан кейін мектепке қайтары­луы тиіс. Екіншіден ондағы кі­тап­тар мектеп бағдарламасын­дағы оқулықтармен ұштасты­рыл­ған, жеткіншектердің тұлға ре­тінде дамуына қажетті кітап­тар саны аз. “Ауылға кітап” жо­басымен жеткізілетін кітаптар – кө­бінде мектеп оқушыларының кө­кей­кесті сұрақтарына жауап бе­рерлік ұтымды шығармалар. Мәселен, баланың ата-анаға деген ма­хаб­баты, жоғары оқу орнына тү­сер алдында студент­тік өмірге қа­лай дайындалу ке­рек, маман­дық таңдауда не­лер­ге көңіл бө­ліп, қайткенде білікті маман иесі атануға болады, қыз баласы өз ортасын қалай танып-білуі керек, ер-азаматтардың бас­ты мақсаты не деген сияқты көкейкесті сұ­рақтарға жауап алу­ға мүмкіндік алады. Жастар ауылдың шағын кітапханасында­ғы азғантай ғана кітап қоры­мен шектеліп қалмай, әлем әде­биетінің інжу-маржандарын, іс­керлік әдебиеттің озық үлгілерін, кеше ғана жарық көр­ген ел ау­зында жүрген еңбектер­мен та­ныса алады.

Алайда ауылдарға кітаптар­ды апарып беру бар да, сол кі­тап­­тарды жастардың оқуы бар. Кей­де мол қаражатқа алынған әдебиеттердің сөрелерде шаң ба­сып қалуы да мүмкін. Жастар­дың кітап оқуына алаңдаған клуб мүшелері бұл жағынан да тиісті жұмыстарды қолға ал­ған. Оның үстіне кітап апарған мек­теп­тер­дің оқушылары да әкел­ген әде­биеттерден ғалам­торда көр­ген еңбектерді танып, қуанып жа­та­ды екен. Кейін жас­тар оқу­шы­лар­дың кітапты оқып-оқымаға­­нын білу үшін екі апта­дан кейін ар­­найы барып, оқыр­манмен әң­гі­мелеседі. Тал­қылау ба­рысын­да оқу­шылар өздері оқы­ған кі­тап­та­ры мен олардың ара­сын­дағы бай­ланыс туралы пікір бө­лі­сіп, алған әсерлерін баян­дайды.

Қазақтың ақиық ақыны Мағ­жан Жұмабаевтың сенім артқан жастары осындай ел игілігі, ұр­пақ санасы үшін қолдан келген­ше көмек көрсетіп келеді. Күні ертең елдің көшін алға сүйреп, қазақты ұшпаққа шығаратын да осындай жастар болса керек. Бүгінгі күні жастарға сыни пікір ай­татындар қатары көп. Олар жас­­тарды әлсіз, еріншек, жал­қау, жатыпішер деп көңіл тол­мау­шылық білдіріп жатады. Мұн­дай көзқарас жастардың намы­сын қайрау емес, керісінше оларды мұқату, істеген жұмыс­та­рына сенімсіздікпен қарауға келіңкірейді. Елдің ертеңі үшін тәуекелдің кемесіне міне ала­тын жастардың бар екенін көр­се­тіп, игі бастамалардың бас­пал­дағына қадам басқан “Қы­зылжар оқырмандар клубы­ның” мүшелеріне тек сәттілік ті­лейміз. Ұлт мүддесі үшін қолға ал­ған істері жемісін беріп, қатар­лары көбейе бергей.

Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp