Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында жас өлкетанушылар, экологтар және натуралистердің облыстық форумы өтті. Шараға 3 ауданның және облыс орталығының мектеп оқушылары қатысты. Байқау “Жасыл ел”, “Экотеатр”, “Эко-Болашақ”, “Green oases”, “Қызыл кітап”, “Құстардың үздік үйшігі” сияқты 6 аталым бойынша өтті. Форумның мақсаты – жастарды табиғатқа жанашыр болуға баулып, экологиялық мәдениетті нығайту. Шараға қатысушы командалар форумға жыл бойы дайындалған.
Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы Азилия Исабай табиғатты қорғау бойынша науқандарға жиі қатысады екен.
– Бүгінге дейін “Таза Қазақстан” акциясына қатыстық. Форумға орай “Жас өркен” шағынауданының, Оқушылар сарайының, гимназияның макетін жасадық. Сонымен қатар құстарға арналған үйшік жасап әкелдік. Қолда бар заттардан жасалған үйшіктің экологияға зияны жоқ. Шарада біз өзіміздің табиғатты қорғау туралы тұсаукесеріміз бен экотеатрымызды көрсеттік, – дейді Азилия Исабай.
Бүгінде өңірдегі білім беру ұйымдарында экологиялық бағыттағы үйірмелер мен түрлі ұйымдар жұмыс істейді. Сонда тәлім алған табиғат жанашырлары форумда бас қосып, қоршаған ортаны қорғау бойынша өз ұсыныстарын айтты.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.