Ел бірлігін нығайтып, қоғамдағы татулық пен тұтастықты сақтауды мақсат еткен Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды құрылымдарының бірі – Ассамблея жастары қоғамдық бірлестігі. Ұйымның міндеті – жастардың бастамаларын дамыту, жастар арасында қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, олардың әлеуметтік деңгейін көтеру. Осы бағытта ел өңірлеріндегі облыстық ассамблеялардың қабырғасында жастар ұйымы жұмыс істейді. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында да “Ассамблея жастары” ұйымы құрылған. Қызылжарлық белсенді жастардың басын қосқан аталған ұйым бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеп, кейінгі буынның бойында елге деген сүйіспеншілік сезімі мен азаматтық белсенділігін қалыптастыру жолында жұмыс істеп келеді.
Тарихи-мәдени мұраларымызды сақтап, жас ұрпаққа тарихымызды таныту – біздің баса мән беріп отырған саламыз. Осыған дейін “Мекенім – Қазақстан” жобасы аясында өңірдегі тарихи орындарға экспедициялар ұйымдастырылды. Оның қатысушылары Айыртау ауданына барып, Айғаным қонысында, Қарасай және Ағынтай батырлар кесенесінде және өзге де тарихи орындарда болды. Алдағы уақытта біз мемлекеттік тілдің тұғырын нығайту үшін тәрбие сағаттарын өткізуді жоспарлап отырмыз.
Жастарды экология мен қоршаған ортаға қамқор болуға баулу үшін осы бағыттағы іс-шараларға да қатысып, бірқатарына өзіміз бастамашылық етіп келеміз. Мысалы еріктілеріміз жыл сайын “Киелі табиғат” жалпыұлттық акциясына атсалысады. Иесіз қалған жануарлар тәлімбағына барып тұру дағдыға айналған.
Тәлімгерлік бағытында бірнеше жылдан бері “Қоғамдық келісім” мекемесімен бірлесіп, балаларға арналған лагерь ұйымдастырылып келеді. 6 мен 12 жас аралығындағы мектеп оқушылары үшін мәдени танымдық бағдарлама өткізілді. Балалар түрлі этностардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен танысады. Біз толеранттылықты насихаттау мәселелерін талқылау үшін қаламыздағы мектептерді жиі аралаймыз. Сонымен қатар Достық үйінде ақпараттық-танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып, оның аясында облыстық ҚХА және құрылымдық бөлімшелердің қызметімен таныстыру жұмыстары жүргізілуде.
Ұйымдағы жастар медиа жобаларды құру туралы түрлі тренингтер мен шеберлік сабақтарына қатысты, сонымен қатар өздері дебаттық турнирлер ұйымдастырды, оған 150-ге тарта адам қатысты. Әскери-патриоттық тәрбие саласында әр жылдың мамыр айында әскери-спорттық ойын өткізу дәстүрге айналған.
“Жастар ассамблеясы” республикалық жастар қозғалысы облыстық штабының белсенділері республикалық деңгейде ұйымдастырылатын іс-шараларға: “Көшбасшы бол!”, “Қоғамдық ассамблея” жастар форумдарына, “Этномәдениет” семинарларына тұрақты түрде қатысады. Жергілікті белсенділер “Қазақстан жастарын тәрбиелеудегі дәстүрлер”, “Жастар арасындағы мәдениетаралық диалог және қоғамдық келісім”, “Қазақ қоғамындағы этносаралық қатынастың этнопсихологиялық негіздері” т.б. шараларға, форумдар мен кездесулерге куә болды. Аталған шаралардың аясында Алматы, Астана, Павлодар, Жезқазған, Көкшетау қалаларына барып, өзге өңірлердің жастарымен кездесіп, тәжірибе алмастық.
Ассамблея белсенді студенттер арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту саласындағы мемлекеттік саясатты насихаттау және жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізіп, оқу орындарымен өзара ынтымақтастық жұмыстарын жандандырды. Сонымен қатар республикалық және жергілікті деңгейдегі жастар іс-шаралары аясында ассамблеяның жастар ұйымдары басқа да жастар ұйымдарымен тұрақты түрде өзара бірлесе жұмыс істейді.
“Ассамблея жастары” республикалық қоғамдық бірлестігі 2021 жылғы ассамблеяның кеңейтілген отырысынан кейін әділет органдарында ресми тіркеліп, 2022 жылы үкіметтік емес ұйымдардың тізіміне қосылды. Бүгінде облысымызда ұйымның 60-қа жуық мүшесі бар. Көбі оқушылар, студенттер мен 35 жасқа дейінгі жастар.
Өңірдегі төтенше жағдай кезінде жұмыла әрекет еткен ассамблея мүшелері, этномәдени қоғамдық бірлестіктер, “Ассамблея жастары” қоғамдық бірлестігінің өкілдері қолдан келген көмектерін көрсетті. Мен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында гуманитарлық көмекті қабылдау пункті жетекшісінің көмекшісімін. Игі іске ұйым еріктілері де жұмыла қатысып, белсенділік танытты. Күні бүгінге дейін жастарымыз тұрғындарға көмек көрсетіп, апаттың салдарын жою шараларына қатысып келеді. Азаматтық белсенділігі үшін ұйым еріктісі Тамир Райымбековке облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Өз жұмысымда мен уақытпен бірге адымдай алатын, жаңа өзгерістерге дайын, жан-жақты дамуға ынталы қазақстандықтардың көп екенін байқадым. Қазақ жастары жаһандық үдерістерге ілесіп, түрлі салаларда тер төгуде. Жастардың заманауи бастамалары, өзекті бизнес-идеялары халықаралық инновациялық нарықта алға озып келеді.
Бүгінде мемлекеттік жастар саясаты қоғам өмірінің әр саласын қамтиды. Біздің ұйым жастары осы салалардың әрқайсысы бойынша өздерін дамытып, еліміздің іргесін берік ету жолында тер төгіп келеді. Еліне адал қызмет ететін адал азамат тұлғасын қалыптастыруда осындай ұйымдардың берері мол.
Дариға СМАЙЫЛОВА,
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жастар қанатының төрайымы.