Ұлт әдебиетін ұшпаққа шығарған үш бәйтерегіміз Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің дүниеге келгеніне биыл 130 жыл. Олар жаңа замандағы қазақ әдебиетінің қалыптасуына үлес қосып, түрлі жанрлардың дамуы үшін аянбай еңбек етті. Қазақ прозасы, поэзиясы, әдебиеттануының ілгерілеуінде аталған үш тұлғаның алар орны зор. Бір жылы дүниеге келіп, бір жылы құрбан болған алыптарымыздың есімін ардақтау бізге парыз.
Жасынан әдебиет ісіне араласып, төңкеріске дейінгі уақыттың өзінде кітабы жарық көріп, есімі танылып үлгерген қаламгер – Сәкен Сейфуллин. Қарағанды өңірінде туып-өскен ол әдебиетпен қатар ел ісіне де араласты. Төңкерістен кейін қызылдар жағында мемлекет құруға атсалысып, Кеңес үкіметінің ірі қайраткерлерінің бірі болды. Халықтың оқу-ағарту саласына көңіл бөліп, әдебиетке келген жастарға бағыт берді. Әдебиеттанушылар Сәкен Сейфуллинді советтік қазақ әдебиетінің негізін қалаушы дейді. Ол ең алғаш болып төңкеріс ұранын көтеріп, әдебиетке жаңа тақырып алып келді. Қазақ өлеңін жаңаша түрлендіріп, жаңа түрлер мен формалар жасай білді. Оның бұл уақытта жазған туындыларының кейбірі идеялық жағынан ескіргенімен, көркемдігі мен пішіні жағынан әлі де құнды шығармалар. Өз заманында қазақ жастарының көбі Сәкен Сейфуллинді үлгі тұтып, еліктегені рас. Ақынның лирикалық өлеңдері, әйгілі “Көкшетау” поэмасы мен әуезді әндері ұлт руханиятының алтын қорына енді. Бір бойына сан өнерді тоғыстырған, түрлі салада талмай еңбек етіп, жырымен де, қызметімен де еліне адал азамат екенін көрсетіп кеткен Сәкен Сейфуллин тұлғасы жыл өткен сайын асқақтай берері анық.
Сәкенмен үзеңгілес қазақ әдебиетіне қосылған таланттардың бірі – Ілияс Жансүгіров. Қазақ поэзиясының құлагері атанған қаламгер 1894 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген. Шұрайлы Жетісу жерінде дүниеге келген ақынның шығармаларында да табиғаттың сұлулығы көрініп тұратындай. Оның “Құлагер”, “Күйші”, “Күй” поэмалары қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейткен, поэма жанрының дамуына әсер еткен құнды еңбектер. Ондағы қаламгердің тілі, көркемдік қуаты оқырманды бейжай қалдырмай қоймайды. Ілияс Жансүгіров поэзиясының осы ерекшелігіне замандастары да таңданып, жоғары бағасын берген. Ақын шығармаларының тілін осы күнгі ғалымдар да әлі зерттеп келеді. Ол Абай дәстүрін жалғастырып, бай ауыз әдебиетімізден нәр алып, сонысын жаңа заманға сай өрнектеп жеткізе білген.
Ілияс Жансүгіров Қазақстан Жазушылар одағын құруға белсенді араласты. Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып, кейін шығармашылық одаққа да басшылық етті.
Дала сырын терең түсінген ақын қазақтың ұлан-ғайыр атырабының әр тал-бұтасын, өскен шөбі мен гүліне дейін жатқа біліп, жырға қосты. Теріскейдің көрікті жері туралы Ілияс Жансүгіров “Құлагер” поэмасында:
Қазақтың әсем жері – Арқасында.
Арқаға жетер Арал, Балқашың ба?
Сырымбет, Зеренді, Иман, Айыртаулар,
Арқаның тізілгендей алқасына, – деп жазыпты.
Бейімбет Майлин қазіргі Қостанай облысы, Бейімбет Майлин атындағы ауданда дүниеге келген. Жасынан жетімдік көрген ол ауыл молдасынан сауат ашып, кейін медреседе оқиды. Жас кезінен өлең-жыр жазып, “Қазақ” газеті, “Айқап” журналы, “Садақ” қолжазба журналында туындыларын жариялап тұрған. Бейімбет Майлин оқу-ағарту саласында да еңбек етіп, “Сауаттылығы төмендерге арналған оқу кітабын”, “Күш” – сауаттылығы төмендерге арналған оқулығын, “Жаңаша оқы және жаз” құралын және Ғабит Мүсіреповпен бірге “Сауатсыздарға арналған әліппені” жазды. “Еңбекші қазақ”, “Қазақ әдебиеті” газеттерінде басшылық қызметтерде тер төккен. Қолжазба “Садақ” журналын шығарушылардың бірі болған.
Бейімбет Майлиннің артында мол әдеби мұрасы, роман, повесть, өлең, фельетондары қалды. Ол қазақтың тұңғыш фильмі “Амангелді” туындысының сценарийін жазды. Ал “Шұғаның белгісі” шығармасы өз заманындағы қазақ прозасының биік шыңы саналады. Қаламгер өз әңгімелерінде ауыл өмірін шебер бейнелеп, қазақ тұрмысының көркем шежіресін жасаған. Әдебиет зерттеушілері жазушыға “қысқа әңгіме шебері” деген ат берді. Қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің көбі Бейімбет Майлиннің жазу стилін үлгі тұтты. Ол өз әңгімелерінде ХХ ғасыр басындағы күрделі мәселелерді, халық санасындағы қақтығыстарды, аштық тақырыбын ашық көтере білді.
Өкінішке қарай, бүгінде аталған тұлғаларға кеңестік әдебиеттің өкілдері ретінде ғана қарау белең алған. Көп оқырман үш алыбымыздың әуел баста Алаш қозғалысына қолдау көрсетіп, заманның жағдайына қарай одан шеттеп кеткенін біле бермейді. Мысалы Алашқа қатысты деректерде Сәкен Сейфуллин есімі кездесіп қалып жатады. Өз естелігінде ол Алаш көшбасшылары туралы жан-жақты баяндап, оларды “қазақтың оқығандары” деп көтере суреттейді. Ілияс Жансүгіров болса бала кезінен Алаштықтардың тәлімін көрген, арыстар түлеп ұшқан “Мамания” мектебінде оқыған, Ташкентте осы бағыттағы басылымда жұмыс істеген жан. Бейімбет Майлин де алғашында Алаш қайраткерлерімен жақын қарым-қатынаста болып, тіпті Алаш милициясының қатарына жазылған. Өз өлеңінде ол:
Жұртты сүйер ерлер шығып
қолбасы,
Саф азамат бағылан болып
жолдасы,
Жарық сәуле ендіретін
қазаққа.
Мәңгі жылдар жасасын Алаш ордасы! – деп халқын азаттыққа шақырған қозғалыстың қолдаушысы бола білген. Алайда елде Кеңес үкіметі орнағаннан кейін үшеуі де бастапқы бағытынан алыстап, уақыттың қатаң талабына бағынған.
Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында биыл 130 жылдығы аталып өтіп жатқан аталған үш тұлғаның шығармашылығын насихаттауға арналған шаралар өтуде. Күні кеше Сәкен Сейфуллинге арналған “Қазақ әдебиетінің ақсұңқары” атты іс-шара өтіп, онда ақынның өлеңі оқылып, әні шырқалып, зерттеушілер баяндама жасады. Шараға оқырмандар, жастар ұйымдарының мүшелері, студенттер мен оқушылар қатысты. Әдебиетіміздің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан осындай алыптарымызды ардақтауға арналған шаралар әлі де жалғасын табады.
Дамира ЖҮСІПОВА,
Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар
мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім жетекшісі.