«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Абайдың інілері, қазақтың ірілері”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлт әдебиетін ұшпаққа шығарған үш бәйтерегіміз Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің дүниеге келгеніне биыл 130 жыл. Олар жаңа замандағы қазақ әдебиетінің қалыптасуына үлес қосып, түрлі жанрлардың дамуы үшін аянбай еңбек етті. Қазақ прозасы, поэзиясы, әдебиеттануының ілгерілеуінде аталған үш тұлғаның алар орны зор. Бір жылы дүниеге келіп, бір жылы құрбан болған алыптарымыздың есімін ардақтау бізге парыз.

Жасынан әдебиет ісіне ара­ласып, төңкеріске дейінгі уа­қыттың өзінде кітабы жарық кө­ріп, есімі танылып үлгерген қа­ламгер – Сәкен Сейфуллин. Қа­рағанды өңірінде туып-өскен ол әдебиетпен қатар ел ісіне де араласты. Төңкерістен кейін қы­зылдар жағында мемлекет құ­руға атсалысып, Кеңес үкіметі­нің ірі қайраткерлерінің бірі бол­ды. Халықтың оқу-ағарту сала­сына көңіл бөліп, әдебиетке кел­ген жастарға бағыт берді. Әде­биеттанушылар Сәкен Сейфул­линді советтік қазақ әдебиетінің негізін қалаушы дейді. Ол ең алғаш болып төңкеріс ұранын көтеріп, әдебиетке жаңа тақы­рып алып келді. Қазақ өлеңін жаңаша түрлендіріп, жаңа түр­лер мен формалар жасай білді. Оның бұл уақытта жазған туын­дыларының кейбірі идеялық жа­ғы­нан ескіргенімен, көркемдігі мен пішіні жағынан әлі де құнды шығармалар. Өз заманында қазақ жастарының көбі Сәкен Сейфуллинді үлгі тұтып, елік­тегені рас. Ақынның лирикалық өлеңдері, әйгілі “Көкшетау” поэмасы мен әуезді әндері ұлт руханиятының алтын қорына енді. Бір бойына сан өнерді то­ғыстырған, түрлі салада талмай еңбек етіп, жырымен де, қыз­метімен де еліне адал азамат екенін көрсетіп кеткен Сәкен Сейфуллин тұлғасы жыл өткен сайын асқақтай берері анық.

Сәкенмен үзеңгілес қазақ әдебиетіне қосылған талант­тардың бірі – Ілияс Жансүгіров. Қазақ поэзиясының құлагері атанған қаламгер 1894 жылы Алматы облысы, Ақсу ауда­нында дүниеге келген. Шұрайлы Жетісу жерінде дүниеге келген ақынның шығармаларында да табиғаттың сұлулығы көрініп тұратындай. Оның “Құлагер”, “Күйші”, “Күй” поэмалары қазақ поэзиясының көкжиегін ке­ңейт­кен, поэма жанрының дамуына әсер еткен құнды еңбектер. Он­дағы қаламгердің тілі, көркемдік қуаты оқырманды бейжай қал­дырмай қоймайды. Ілияс Жан­сүгіров поэзиясының осы ерек­шелігіне замандастары да таң­данып, жоғары бағасын берген. Ақын шығармаларының тілін осы күнгі ғалымдар да әлі зерт­теп келеді. Ол Абай дәстүрін жал­ғастырып, бай ауыз әде­бие­тімізден нәр алып, сонысын жаңа заманға сай өрнектеп жет­кізе білген.

Ілияс Жансүгіров Қазақстан Жазушылар одағын құруға бел­сенді араласты. Жазушылар одағы ұйымдастыру комис­сиясының төрағасы болып, кейін шығармашылық одаққа да басшылық етті.

Дала сырын терең түсінген ақын қазақтың ұлан-ғайыр аты­рабының әр тал-бұтасын, өскен шөбі мен гүліне дейін жатқа біліп, жырға қосты. Теріскейдің көрікті жері туралы Ілияс Жан­сүгіров “Құлагер” поэмасында:

Қазақтың әсем жері – Арқасында.

Арқаға жетер Арал, Балқашың ба?

Сырымбет, Зеренді, Иман, Айыртаулар,

Арқаның тізілгендей алқасына, – деп жазыпты.

Бейімбет Майлин қазіргі Қостанай облысы, Бейімбет Май­лин атындағы ауданда дүниеге келген. Жасынан жетімдік көр­ген ол ауыл молдасынан сауат ашып, кейін медреседе оқиды. Жас кезінен өлең-жыр жазып, “Қазақ” газеті, “Айқап” журналы, “Садақ” қолжазба журналында туындыларын жариялап тұрған. Бейімбет Майлин оқу-ағарту саласында да еңбек етіп, “Сауаттылығы төмендерге арнал­ған оқу кітабын”, “Күш” – сауат­тылығы төмендерге арналған оқулығын, “Жаңаша оқы және жаз” құралын және Ғабит Мү­сіреповпен бірге “Сауат­сыз­дарға арналған әліппені” жазды. “Еңбекші қазақ”, “Қазақ әде­биеті” газеттерінде басшылық қызметтерде тер төккен. Қол­жазба “Садақ” журналын шы­ғарушылардың бірі болған.

Бейімбет Майлиннің ар­тында мол әдеби мұрасы, ро­ман, повесть, өлең, фельетон­дары қалды. Ол қазақтың тұң­ғыш фильмі “Амангелді” туын­дысының сценарийін жазды. Ал “Шұғаның белгісі” шығармасы өз заманындағы қазақ прозасының биік шыңы саналады. Қаламгер өз әңгімелерінде ауыл өмірін шебер бейнелеп, қазақ тұрмы­сының көркем шежіресін жаса­ған. Әдебиет зерттеушілері жа­зу­шыға “қысқа әңгіме шебері” деген ат берді. Қазақ прозасы­ның көрнекті өкілдерінің көбі Бейімбет Майлиннің жазу стилін үлгі тұтты. Ол өз әңгімелерінде ХХ ғасыр басындағы күрделі мә­селелерді, халық санасындағы қақтығыстарды, аштық тақыры­бын ашық көтере білді.

Өкінішке қарай, бүгінде атал­ған тұлғаларға кеңестік әде­биеттің өкілдері ретінде ғана қарау белең алған. Көп оқырман үш алыбымыздың әуел баста Алаш қозғалысына қолдау көр­сетіп, заманның жағдайына қарай одан шеттеп кеткенін біле бермейді. Мысалы Алашқа қатысты деректерде Сәкен Сейфуллин есімі кездесіп қалып жатады. Өз естелігінде ол Алаш көшбасшылары туралы жан-жақты баяндап, оларды “қазақ­тың оқығандары” деп көтере суреттейді. Ілияс Жансүгіров болса бала кезінен Алаштық­тардың тәлімін көрген, арыстар түлеп ұшқан “Мамания” мек­тебінде оқыған, Ташкентте осы бағыттағы басылымда жұмыс істеген жан. Бейімбет Майлин де алғашында Алаш қайрат­кер­лерімен жақын қарым-қаты­нас­та болып, тіпті Алаш милиция­сының қатарына жазылған. Өз өлеңінде ол:

Жұртты сүйер ерлер шығып

қолбасы,

Саф азамат бағылан болып

жолдасы,

Жарық сәуле ендіретін

қазаққа.

Мәңгі жылдар жасасын Алаш ордасы! – деп халқын азаттыққа шақырған қозғалыс­тың қолдаушысы бола білген. Алайда елде Кеңес үкіметі орнағаннан кейін үшеуі де бас­тапқы бағытынан алыстап, уа­қыттың қатаң талабына бағын­ған.

Ғабит Мүсірепов атындағы об­лыстық балалар мен жасөспі­рімдер кітапханасында биыл 130 жылдығы аталып өтіп жат­қан аталған үш тұлғаның шығар­машылығын насихаттауға ар­налған шаралар өтуде. Күні ке­ше Сәкен Сейфуллинге ар­налған “Қазақ әдебиетінің ақсұң­қары” атты іс-шара өтіп, онда ақын­ның өлеңі оқылып, әні шыр­қалып, зерттеушілер баяндама жасады. Шараға оқырмандар, жастар ұйымдарының мүшелері, студенттер мен оқушылар қатысты. Әдебиетіміздің қалып­тасуына өлшеусіз үлес қосқан осындай алыптарымызды ардақтауға арналған шаралар әлі де жалғасын табады.

Дамира ЖҮСІПОВА,

Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар

мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp