Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов теріскей диқандары көктемгі егіс науқанына толық дайын екенін мәлімдеді. “Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 62 млрд. теңге, оның ішінде “Кең дала” бағдарламасы арқылы – 22 млрд., “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” АҚ – 14 млрд., “ҚазАгроҚаржы” АҚ 26 млрд. теңге қарастырған”, – деді Ғауез Торсанұлы.
Үкімет басшысына сапалы тыңайтқыш өндіру және өнімділікті арттыру жайы да баяндалды. Биыл егістік алқаптарға 256 мың тонна минералдық қоректік зат сіңіру жоспарланған, бұл көрсеткіш былтырғы жылға қарағанда 65,7 мың тоннаға артық.
Бұдан бөлек, Үкіметтің шешімімен фермерлерге 84 млрд. теңге бөлінді. Оны қаржылық ұйымдар 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен кепілді несие ретінде береді.
Облыста бүгінде ұйымшылдықты қажет ететін көктемгі дала жұмыстары жаппай басталып, диқан қауымы жауапты науқанға білек сыбана кірісіп кетті. 4,5 млн. гектар алқапта ылғал жабу аяқталды. 246,2 мың тонна тыңайтқышқа келісімшарт жасалып, 204,6 мың тоннасы жеткізілді.
Агроқұрылымдар ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдалана отырып, 169,4 мың гектар жерге дән сіңіріп үлгерді. Су тасқыны егіс науқанын жүргізуге ешқандай әсерін тигізбейді. Техникалар толық әзір. Шаруашылықтар әр литрі 250 теңге болатын жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етілді. Дизель отынына қажеттілік 57,6 мың тоннаны құрайды. Егін себу жұмыстарына түрлі үлгідегі 12,7 мың трактор, 14 мың дән сепкіш, 1,5 мың өнімділігі жоғары егіс кешені тартылған.
Барлығы 4,5 млн. гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 3,4 млн. гектар дәнді, 751 мың гектар майлы, 379 мың гектар жемшөп, 26 мың гектар картоп, 5 мың гектар көкөніс егу жоспарланған. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қарақұмық көлемі – 26 мың, жасымық 133,9 гектарға дейін ұлғайтылды.
Наталья ХАРЛАМОВА,
облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы.