«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРТТЫҢ ДА ҚАРТЫ БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай­дың Аты­­рауда өткен үшінші оты­ры­сын­­да: “Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйыс­қан ұлт еш­қашан ұтыл­майды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсі­ресе елге сөзі өтетін аға буын­ның орны бөлек”, – деді.

Мемлекет басшысының осы пайымы биыл бірқатар өңірде болған алапат су тасқыны кезін­де белгілі журналист-жазушы, қо­ғам қайраткері, Солтүстік Қазақ­стан облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы, Петропавл қаласының тұрғыны Жарасбай Сүлейменов­тің әлеуметтік желіде “Ірі бола­йық!” деген тақырыппен жария­лаған шағын жазбасын оқығанда ойыма оралды.

“Міне, бірнеше күн болды, жол­дасым екеуіміз өз қолымыз­бен салған баспанамызға жете ал­май, ағайындарды жағалап жүр­міз. Біз тұратын Тепличный ауы­лы да, үйіміз де судың ас­тында қалды. Әлеуметтік желі­дегі дос­тарыма осындай жазба ұсына­мын деген ойым жоқ еді. Бірақ желіні қарап отырсам, неше түрлі сөздер айтылып жатыр. Кінәліні іздеушілер қаптап кетіпті. Үлкені де, кішісі де, әйелі де, ері де би­лікті жерден алып, жерге са­лып жатыр. Өзімше соларға басу айт­пақ оймен бір-екі ауыз сөз қал­дырып едім, кейбіреу­лер­дің мені де біраз жерге апарып тас­тағысы келетінін байқадым. Мен­де бі­реуді ақтайын, болмаса жо­ға­ры­дағыларға жағынайын деген ой жоқ. Басқа түскен ауырт­палық­ты ел болып көте­рейік, шыдайық, осалдығымыз­ды бас­қа­ларға сез­дірмейік дедім. Тілде сүйек жоқ екен деп, бетімен оңды-солды безей беруге бол­май­ды ғой. Тас­қынға қарсы қан­дай жұмыстар ат­қарылғанын, осы іске жұмыл­ды­рылғандардың күні-түні тізе бүк­пе­генін білемін. Өзім де ішінде жүрдім. Бірақ есіл еңбек зая кетті. Тасқын су бұрын-соңды болмаған деңгейге көте­ріл­ді, екпіні де адам айтқысыз болды. Нағыз апат! Еш­кімді ая­ған жоқ. Шыдамағанда қай­да барамыз?!

Бұл ретте жапондардан үлгі алуымыз керек деп ойлаймын. Олар жер сілкінісінен келген зар­дапты тістеніп жүріп, бірлігімен, мұ­қалмас ерік-жігерімен жеңді ғой. Ұлттың ірілігі де, ұсақтығы да осындай сын сағатта көрінеді. Ірі болайық! Қанша қиын болса да, шыдау керек. Мұндай сын-қатер­лерге талай ел тап болып жатыр ғой. Сабыр сақтайық. Ең бастысы – еліміз аман болсын! Енді қиын­дықтан шығудың жо­лын іздеген­нен басқа таңдау жоқ бізде”, – деді ол.

Басына түскен қиындықты қайыспай көтере білген қара нар – ел ағасының сөзі бұл. Өткен ға­сырдың тоқсаныншы жылдарын­да, қарапайым журналист кезін­де шынайы бәсекелі сайлауда же­ңіске жетіп, облыстық мәслихат­тың депутаты болып сайланған соң сессияларда талай рет Қы­зыл­жар өңірінің көкейкесті мәсе­лелерін көтеріп, облыс басшыла­рын бет-жүзіне қарамай қатты сынаған, кейін Парламент Мәжі­лі­сінің депутаты болғанында да халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Жарасбай ағамыздың етігімен су кешіп жүрген сәтінде де азаматтық ұстанымынан ай­нымай айтқан сындарлы пікіріне риза болдық.

Халқымыздың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлы қарт адам­дарды төртке бөліп, түтін аң­дып, үй аралап, өсек айтатын­дарды шал деп, өз әулетін уы­сында ұстап, билік жүргізетіндер­ді қария деп, тұтас бір ауылдың қамын жеп, азаматын атқа мінгі­зіп, айдынын асыратындарды ақсақал деп, ал бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі та­рих­тан әңгіме қозғап, тұла бо­йына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңіргендерді абыз деп атаған екен. Бүгінде жетпістің бел ортасына жақындап қалған Жарасбай ағамызды сондай абыз адам десек, асыра айтқан­дық болмас.

Шынтуайтында, қазір ел ішін­де шал көп, қария саусақпен са­нарлық, ал ақсақал тым аз, абыз тіпті сирек сияқты. Мәселен, бұ­дан біраз жыл бұрын бір об­лыста жоғары лауа­зымды қызмет атқа­рып жүрген, жасы алпысты ал­қым­даған ағайынға: “Осы өңірдің түйіні тарқатылмаған түйткіл­дерін бір адамдай білесіз, солар жайлы облыс әкіміне неге айтып отырмайсыз?” дегеніміз бар. Сон­да ол қабағын түкситіп: “Інішек, маған ақыл айтпай-ақ қой. Мен өз жөнімді білемін. Әкім: “Ат!” десе – атамын, “Жат!” десе – жатамын”, – деп жауап берген еді. Өкінішке қарай, сол шенеунік сияқты, әкім­қараларға тек мадақ сөз айтып, жағынып-жағымпазданып, “Ләп­бай, тақсыр!” деп құлдық ұрып, құлқынының құлы болып жүрген қарттар көп қазір. Бауыржан ағамыз айтқан “шалдың” бір сұрпы солар болар…

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp