Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында: “Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек”, – деді.
Мемлекет басшысының осы пайымы биыл бірқатар өңірде болған алапат су тасқыны кезінде белгілі журналист-жазушы, қоғам қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы, Петропавл қаласының тұрғыны Жарасбай Сүлейменовтің әлеуметтік желіде “Ірі болайық!” деген тақырыппен жариялаған шағын жазбасын оқығанда ойыма оралды.
“Міне, бірнеше күн болды, жолдасым екеуіміз өз қолымызбен салған баспанамызға жете алмай, ағайындарды жағалап жүрміз. Біз тұратын Тепличный ауылы да, үйіміз де судың астында қалды. Әлеуметтік желідегі достарыма осындай жазба ұсынамын деген ойым жоқ еді. Бірақ желіні қарап отырсам, неше түрлі сөздер айтылып жатыр. Кінәліні іздеушілер қаптап кетіпті. Үлкені де, кішісі де, әйелі де, ері де билікті жерден алып, жерге салып жатыр. Өзімше соларға басу айтпақ оймен бір-екі ауыз сөз қалдырып едім, кейбіреулердің мені де біраз жерге апарып тастағысы келетінін байқадым. Менде біреуді ақтайын, болмаса жоғарыдағыларға жағынайын деген ой жоқ. Басқа түскен ауыртпалықты ел болып көтерейік, шыдайық, осалдығымызды басқаларға сездірмейік дедім. Тілде сүйек жоқ екен деп, бетімен оңды-солды безей беруге болмайды ғой. Тасқынға қарсы қандай жұмыстар атқарылғанын, осы іске жұмылдырылғандардың күні-түні тізе бүкпегенін білемін. Өзім де ішінде жүрдім. Бірақ есіл еңбек зая кетті. Тасқын су бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді, екпіні де адам айтқысыз болды. Нағыз апат! Ешкімді аяған жоқ. Шыдамағанда қайда барамыз?!
Бұл ретте жапондардан үлгі алуымыз керек деп ойлаймын. Олар жер сілкінісінен келген зардапты тістеніп жүріп, бірлігімен, мұқалмас ерік-жігерімен жеңді ғой. Ұлттың ірілігі де, ұсақтығы да осындай сын сағатта көрінеді. Ірі болайық! Қанша қиын болса да, шыдау керек. Мұндай сын-қатерлерге талай ел тап болып жатыр ғой. Сабыр сақтайық. Ең бастысы – еліміз аман болсын! Енді қиындықтан шығудың жолын іздегеннен басқа таңдау жоқ бізде”, – деді ол.
Басына түскен қиындықты қайыспай көтере білген қара нар – ел ағасының сөзі бұл. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында, қарапайым журналист кезінде шынайы бәсекелі сайлауда жеңіске жетіп, облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған соң сессияларда талай рет Қызылжар өңірінің көкейкесті мәселелерін көтеріп, облыс басшыларын бет-жүзіне қарамай қатты сынаған, кейін Парламент Мәжілісінің депутаты болғанында да халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Жарасбай ағамыздың етігімен су кешіп жүрген сәтінде де азаматтық ұстанымынан айнымай айтқан сындарлы пікіріне риза болдық.
Халқымыздың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлы қарт адамдарды төртке бөліп, түтін аңдып, үй аралап, өсек айтатындарды шал деп, өз әулетін уысында ұстап, билік жүргізетіндерді қария деп, тұтас бір ауылдың қамын жеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асыратындарды ақсақал деп, ал бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңіргендерді абыз деп атаған екен. Бүгінде жетпістің бел ортасына жақындап қалған Жарасбай ағамызды сондай абыз адам десек, асыра айтқандық болмас.
Шынтуайтында, қазір ел ішінде шал көп, қария саусақпен санарлық, ал ақсақал тым аз, абыз тіпті сирек сияқты. Мәселен, бұдан біраз жыл бұрын бір облыста жоғары лауазымды қызмет атқарып жүрген, жасы алпысты алқымдаған ағайынға: “Осы өңірдің түйіні тарқатылмаған түйткілдерін бір адамдай білесіз, солар жайлы облыс әкіміне неге айтып отырмайсыз?” дегеніміз бар. Сонда ол қабағын түкситіп: “Інішек, маған ақыл айтпай-ақ қой. Мен өз жөнімді білемін. Әкім: “Ат!” десе – атамын, “Жат!” десе – жатамын”, – деп жауап берген еді. Өкінішке қарай, сол шенеунік сияқты, әкімқараларға тек мадақ сөз айтып, жағынып-жағымпазданып, “Ләпбай, тақсыр!” деп құлдық ұрып, құлқынының құлы болып жүрген қарттар көп қазір. Бауыржан ағамыз айтқан “шалдың” бір сұрпы солар болар…
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстанның құрметті журналисі.