Елімізге танымал “SENSITIVЕ” би ансамблі Францияда өткен халықаралық фестивальден жеңіспен оралды. Жерлестеріміз өнер байқауында “Соло” және заманауи хореография аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ансамбль мүшелерін кезекті жеңісімен құттықтап, оларды арнайы грамоталармен марапаттады.
“Мұндай жетістіктерге қажырлы еңбектеріңіздің, таланттарыңыздың арқасында жетіп отырсыздар. Астана қаласының тұрғындарына да өздеріңіздің алғашқы әлеуметтік жобаларыңызды, спектакльдеріңізді ұсындыңыздар. Қайталанбас өнерлеріңізбен көпті тәнті етіп жүрсіздер. Елімізде инклюзиялық білімді дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Өздеріңіздің ерекшеліктеріңізге қарамастан көптеген жетістіктерге жеттіңіздер. Сіздер – облыс мақтанышысыздар”, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Қазіргі уақытта би ансамбліне 40-қа жуық есту қабілеті нашар биші мүше. “SENSITIVE” би ансамбілінің жетекшісі Ольга Роставщикова қолдау көрсеткен жандарға алғысын айтты. Осы қолдау мен көрсетілген сенімнің арқасында ансамбль құрылғаннан бері көптеген сайысқа қатысып, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Әлі де биік белестерді бағындырып, облыстың, еліміздің атынан халықаралық сайыстарда өнер көрсетуді жоспарлап отырған ұжымның әр жеңісі – өңір тұрғындарына ортақ қуаныш.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.