Халқымыздың куанышы мен күйініші, қайғысы мен қасіреті, аңсаған арманы қос ішекті аспаптың шанағынан күй болып төгілген. Біз үшін домбыраның орны ерекше. Бүгінде қазақтың тарихымен тамырлас қасиетті аспапқа өскелең ұрпақтың қызығушылығы зор. Қазақ елінің тарихы мен шежіресінен сыр шертер ғибратты термелер мен күйлерді орындап, көпшіліктің ілтипатына бөленіп жүрген “Күдер” ансамблінің өнерпаздарын мақтан етуге болады.
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрында Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаты жанындағы “Күдер” ансамблінің “Ұлт күдері – домбыра” атты концерті ұйымдастырылды. Есімдері өңір жұртшылығына белгілі Қайырлы Ғафуров, Ғалымжан Нұрпейісов, Біржан Есжан, Дәурен Тойбазаров сынды өнер иелері ансамбль құрамындағы жас талант иелерін қолдау мақсатында олармен бірге өз өнерлерін паш етті.
Сахна шымылдығын Ержан Тоқсабановтың “Жауға” атты күйімен ашқан “Күдер” ансамблі Қуаныш Нүкішевтің “Шабыт”, Малғаждар Әубәкіровтың “Талас”, Махамбеттің “Жұмыр қылыш” және Құрманғазының “Адай” күйлерімен залдың ішін жаңғыртып, қазақ өнерін асқақтатты.
– Концерттің жоғары деңгейде өткенін көрермендердің ықыласынан байқауға болады. Шәкірттерім сенімімді ақтады. Оларды мақтан етемін. Біз мұндай концерттерді жиі ұйымдастырамыз. Мұндай шаралар домбыраға әуес балалардың талаптарын ұштай түседі, – дейді “Күдер” ансамблінің жетекшісі Тойкен Күдерова.
Ширек ғасырдан астам тарихы бар “Күдер” ансамблінің шығармашылық репертуары бай. Қоржында шамамен 40-қа жуық күй бар. Өнерпаздар күйдің түр-түрін – төкпе, шертпе күйлерді, яғни Батыс, Жетісу мен Шығыс өңірінің күйшілік дәстүрін шебер меңгерген. Ансамбль мүшелері олардың бірқатарын тыңдарман назарына ұсынды.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Аяжан НҰРАХМЕТ.