«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘДЕНИЕТ — ҚОҒАМ АЙНАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Байлық дегенді жер астындағы кеніміз, қордағы қаржымыз деп ұғатын рационалды сана иелері ең басты байлықтың мәдени мұрамыз, руханиятымыз екенін бағамдай бермейді. Мемлекеттің де бар қуаты оның мәдени әлеуетінен көрінеді. Адамзат тарихындағы алпауыт империялар сан мыңдаған әскерімен емес, гүлденген өркениетімен есте қалды. Кей жағдайда мәдениеттің әсері қарудың күшінен де қуатты. Еліміздің бір бөлігіндей ғана жердегі Ежелгі Грекия, Рим мемлекеттері қанқұйлы соғыстарда жауын тізе бүктіріп, жарты әлемге әмірін жүргізбесе де өзінің театр, әдебиет, сурет, сәулет, музыкасымен бар әлемге жол көрсетіп, мәдени әсердің арқасында адамзат тарихын жаңа арнаға бұрды. Бұл өнер мен мәдениеттің мемлекет дамуында қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Осыдан мың жыл бұрын өмір сүрген әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби адам туралы “хайуани мадани” (мәдениетті жан) деп анықтама берген екен. Даңқты ойшыл адам жаратылысын тек “мәдени” деген бір ғана анықтама арқылы сипаттайды. Егер ол “мәдени” болмаса жан жай ғана “хайуани” қалпында қалмақ. Демек жұмыр басты пендені басқа жаратылыстардан айрықша биік етіп тұрған басты сипаты – мәдениеті. Сондықтан да “адам боп келдім өмірге” деген әр пенде ең алдымен ішкі мәдениетін арттырып, рухани бастаулардан сусындауы керек. Данышпан бабамыздың айтқан пайымы күні кешегідей маңызды. Осы ретте адам жанының қуыс-қуысына бойлап, руханият жолында тер төгіп жүрген мәдениет және өнер қызметкерлерінің еңбегі құрметке лайық. Аталған сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткен жиында бұл жайлы аз айтылған жоқ.

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрындағы салтанатты шараға жиылған жұртты облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев құттықтады.

– Cіздерді кәсіби мереке – мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Өнер мен мәдениет – егіз ұғым. Әр халық руханиятымен ерекшеленеді. Сіздердің ерен еңбектеріңіз көрерменнің жанын байытады. Бұлжымас мәдени құндылықтарды сақтап, насихаттауда сіздер үнемі алдыңғы қатардан табылып жүрсіздер. Шығармашылық ұжымдарымыз әлемдік аренада жоғары бағаға ие болып жүр. Жуырда “Sensitive” ансамблі Франциядағы фестивальдің екі жүлдесін иеленді. “Ботай – ұлы дала мәдениеті” көрмесінің экспозициялары Өзбекстан, Қытайда жұртшылық назарына ұсынылып, еліміздің мәдени брендіне айналды. Мұның бәрі өңірде шығармашылық даму бағыттарының көп екенін көрсетеді, – деді аппарат басшысы.

Биыл өңір руханияты үшін бірқатар айтулы шаралар жоспарланған. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай облыс орталығындағы ескі театр ғимаратында креативті индустрия орталығы ашылады. Конституция көшесінде шығармашылық галерея пайда болмақ. Облыстық тарихи-өлкетану музейі – 100, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана 90 жылдығын атап өтеді. Биыл бюджет қаржысына ауылдық жердегі 17 мәдени нысан жөнделеді. Жыл сайын гала концерт өткізіп, соның аясында аудандардағы мәдениет ошақтарына микроавтобус сыйлау дәстүрге айналады.

Құттықтаудан кейін өңірдегі мәдениет пен өнер қызметкерлеріне марапаттар табысталды. Атап айтқанда, Мәдениет және ақпарат министрлігінің “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісімен облыстық музейлер бірлестігі қорларының бас сақтаушысы Бибігүл Омарова, аталған музей директорының орынбасары Еркін Шалкенов, С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана қызметкері Кәмшәт Әбілкәрімова, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының суретшісі Ғалия Әбенова марапатталды. Министрліктің Құрмет грамоталары Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Гүлжас Құлмановаға, Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылдық клубының музыкалық жетекшісі Әсет Темірбаевқа, Ақжардағы Мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Нұрқасым Хасеновке табысталды. Айыртау ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Гүлнар Қабдушева, Иван Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың директоры Гүлназия Бикенова, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің жоғары санаттағы маманы Раушан Қалықова облыс әкімінің Құрмет грамотасын иеленді. Сонымен қатар салтанатты шарада үздік мамандар мен өнер иелеріне бейінді министрліктің, облыс әкімінің Алғыс хаттары, “Еңбек ардагері”, кәсіподақтың “Еңбек даңқы” медальдары берілді.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Аяжан НҰРАХМЕТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp