Адамзат бағзы заманнан білімге құштар болып, ілімді кітаптан іздеген. Ақыл, өнеге алу үшін де кітапқа жүгінеміз. Бір сөзбен айтқанда, кітап – досымыз, ақылшымыз. Сана, сезім, ақыл адамға туа бітсе, білім мен даналық кітап оқыған адамға дариды. Содан да болар, халқымызда “Білімді мыңды жығар, білекті бірді жығар” деген даналық сөз бар.
Әр адамның жанына жақын, сүйіп оқитын жанрлары болады. Біреу әдеби кітапты қызыға оқыса, келесілері шытырман оқиғаларды немесе қиял-ғажайып әңгімелерді іздеп жүреді.
Кітап адамзаттың өмірге көзқарасын қалыптастырады, кітап арқылы жақсы мен жаманды айыра біліп, сараптап, саралауды үйренеміз. Әсіресе, өскелең ұрпақтың қоғамға пайдалы азамат болып ер жетуіне ықпалы зор. Оқи отыра жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп, адамның ең жақсы қасиеттерін бойға сіңіреді.
Мені жастың да, кәрінің де кітаптан емес, тәулік бойы ұялы телефоннан бас алмайтыны алаңдатады. Кітап оқымағасын қазіргі жастар дұрыс сөз саптауды білмейді, әдеби түгілі ауызекі тілге шорқақ. Мектеп жасындағы балалар мәтіннің мазмұнын айтуға қиналады. Олармен ауыз екі әңгіме-дүкен құру мүмкін емес, сөзді сөзге құрай алмайтындары бар. Мектеп пен жоғары және орта оқу орындарында сұрақ-жауап тест арқылы болғандықтан, өскелең ұрпақ мылқаудың күнін кешіп келеді. Білуімше, тест – шетелде жүйке жүйесінің дамуы тоқыраған балаларға арналған бағдарлама. Ал бұл жүйені біздің елдегі барша қазақ балалары мен студенттерге не үшін қолданатынын әлі күнге дейін түсінбей келемін.
Мұның барлығы шұрайлы қазақ тілін жұтатып, сөйлеу мәдениетін жояды. Өйткені қазақша жазылған кітапты оқымау және қазақ тілінде көсіліп сөйлемеу – қасірет. Ол аз десеңіз, қазақ балалары мектептерде бір-бірімен орыс тілінде сөйлесетіндіктен, көздерінен қазақ тіліне деген қызығушылықты көрмеймін, селқос, бейғамдық байқалады.
Кітап туралы сөз қозғағанда, кітапхана туралы айтпай кету мүмкін емес. Маған кітапханаларда жыл сайын өткізілетін “Бір ел – бір кітап” іс-шарасы ұнайды, үзілмей жалғасын таба берсе екен деп отырамын. Осы ретте Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкері Майра Мақышеваның кітаптануға қосқан зор үлесін атап өткім келеді. Кітапсүйер қауымның кітапханашыға алғысын жаудырғанын талай мәрте көрдім. Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының да атқарып отырған еңбегі зор.
“Айтпасаң сөздің атасы өледі”, дейді ғой дана халқымыз. Менің айтпағым, қазақ мектептерінде білім алып жүрген қазақ балаларының сабақтан тыс уақытта, үзілісте, дәлізде бір-бірімен еш қымсынбай орысша сөйлесулеріне не себеп? Мектеп ұстаздарының өздері неге орыс тілінде сөйлейді? “Қазақша білім беріп жатырмыз ғой”, – деп ақталғандарымен, өзара бір-бірімен қазақша сөйлемесе оқытқаннан не пайда? Осыны қадағалау кімнің міндеті? Иә, көкейді сансыз сұрақ мазалағанымен ешбірінің жауабы жоқ. “Баяғы жартас бір жартас, қаңқ етер түкті байқамас”, – деп өзімізге өзіміз жауап бергеннен әрі аса алмаймыз.
Дегенмен, “Алуан-алуан жүйрік бар, шамасына қарай шабады” демекші, бәріміз болмасақ та ұқсап бағайықшы. Білмегенімізді кітаптан үйренейік, білгенімізді өзгеге үйретейік. Абайды оқып, танып білген далада қалмайды, классик жазушылардың шығармаларын оқығанда ғана өз тілімізді меңгере аламыз.
Қызылжар өлкесінің Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғалым Малдыбаев, Зейнел-Ғаби Иманбаев, Ермек Қонарбаев, Ахметжан Нұртазин, Уахит Темірбеков, Тоқтар Зікірин, Мүталлап Қанғожин, Зейнолла Әкімжанов, Ожан Қали, Есләм Зікібаев, Әмина Шалабаева, Ерік Асқаров сынды тағы басқа ақын-жазушыларын оқып, білуге ұмтылайық. Олар – қазақ тілінің мәртебесін көтеруге сіңірген еңбектері көрнекті тұлғалар, елдің асыл азаматтары ғой. Олардың еңбектерінен қазақ халқының ақ арманын, мақсат-мүддесін, өткені мен бүгінін көресіз. Кітаптың құдіреті – осы!
Мен бала күнімнен кітап оқуға құмар болдым. Мектеп табалдырығын аттамай тұрып әкем маған: “Қырық өтірік” кітапшасын сатып әперді. Мен үшін “Балдырған” журналын үзбей жаздырып алатын. Мектепте оқып жүргенімде “Қазақ ертегілері”, “Дүниежүзі халықтарының ертегілері”, “Алтын сырғалы шортан”, Миклухо-Маклайдың “Жаңа Гвинеяға саяхаты туралы” сынды көптеген кітаптарды оқыдым. Жасөспірім кезде маған қатты ұнаған кітап – татар халқының патриот ақыны Мұса Жәлелдің “Соғады жүрек” еңбегі. Оның “Маобит” фашист концлагеріндегі қайтпас қайсарлықпен еліне арнап жазған жан толқытар өлеңдері мені тәнті қылған еді. Сол сәтте менің де жүрегімде отансүйгіштік сезім пайда болды. Оның өлеңдерінде халқына, тіліне деген махаббаты жанып тұрғандай әсер алдым.
Ақын-жазушыларды елде болып жатқан әлеуметтік мәселелер алаңдатар болса, мені де қазақ тілінің мәртебесі толғандырады. Меніңше, біздің елде қазақ тілін білу және сол тілде сөйлесу ұштаспай тұр.
Оқу орталықтары отыз жыл бойы қазақ тілін үйретіп жатқанымен, қазақша сөйлеген қоғамды көрген жоқпын. Неге? Өйткені біліп тұрса да, бір-бірімен өз тілінде сөйлеспейді. Кеңес заманынан қалған құлдық санадан әлі күнге дейін айырыла алмай келеміз.
Менің таза қазақ ауылында туып, Қызылжардағы қазақ мектебін бітіргеніммен, институтты жылап еңіреп жүріп орысша оқуыма тура келді. Оқу бітірген соң орысша жаздық, сөйледік. Ал қазір заман басқа, бірақ түсінік сол қалпы. Бізді көршінің тілінде сөйлеуге біреу мәжбүрлеп жатқан жоқ, тек құлдық сананың құрығынан құтыла алмай жүрміз. Сондықтан балаларымыздың тілі қазақша шықсын, бай тілімізді меңгерсін десек, ертегі, жыр-дастандарды оқытып, тәрбиелеу керек. Кітап оқу арқылы тіл байлығын молайтқан бала қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосары анық.
Марал ОСПАНОВА,
еңбек ардагері.