Бір рет саяхаттаған адам алған әсерін ұмыта алмайды, үнемі қызықты сапарларға шыққысы келіп тұрады. Менің жолдастарыммен автосаяхатым Балқаш көліне барудан басталды. Бес жыл қатарынан осы көлге келіп, балық аулап, шомылып, демалып кетіп жүрдік. Кейін Алтайға барамыз деп шештік.
Мен бүгінге дейін 19 елді аралап шығыппын. Ал автокөлікпен біз Қазақстанмен шекаралас елдердің барлығына дерлік бардық, олар – Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Түркияның бір бөлігі және Тәжікстан. Бұрын отбасыммен бірге теңізге жиі барып, демалатынбыз. Кейін жағажай демалысының маған ұнамайтынын түсіндім. Мен барған жерімді көбірек аралап, сол ел жайында білгенді және жолда тәуелсіз болғанды ұнатамын. Сондықтан автокөлікпен саяхаттағанның мен үшін артықшылығы көп. Жалпы мен үшін саяхат – ұшан-теңіз әлемді аз да болса тану, сұлулығына сүйсініп, сырына үңілу.
Біз бірер күн бұрын “Памир-2024” экспедициясынан оралдық. Сапарға “QazaqExpedition Club”-ымен бірге барғанымды айта кеткенім жөн болар. “QazaqExpedition Club”-тың мүшелерімен осыдан үш жыл бұрын танысқан едік, бізге клубтың миссиясы ұнады, ол “Шекарасыз әлем, армандарымызды жүзеге асыра отырып, өз өмірімізді және басқаларды бақытты ету” деп аталады. Содан бері біз осы клубпен бірге саяхаттап келеміз. Бұл сапарды да клуб ұйымдастырды, ал экспедицияның жетекшісі – мен, маршрутты құру және әзірлеу, сапарға қатысты барлық мәселелерді шешіп, оның ойдағыдай өтуін қамтамасыз ету менің міндетіме кірді.
Біз әдемі пейзажға толы және жолы оқтаудай түзу Шу трактінен өтіп бара жатқанда, бұдан да керемет Памир трактісі бар екенін білдік. Ол – әлемдегі көрінісі әдемі және ТМД елдерімен өтетін ең биік тау жолдарының бірі. Осылайша біз алдымызға мақсат қойып, биыл 6,5 мың километр жолды аман-есен артта қалдырдық.
Біз клубымыздың бір жылға арналған экспедицияларының кестесін жасаймыз. “Памир-2024” экспедициясы – биылғы бірінші сапар, бір мезгілде басқа топ Маңғыстауға экспедицияға аттанды, маусым айында Моңғолияға және сол жерден Якутияға экспедиция бар. Бұдан басқа радиалды экспедициялар болады, яғни Қазақстан бойынша қысқа сапарларға шығып тұрамыз.
Экспедиция барысында бауырлас елдерді бір шеңберге біріктіре алдық. Өзбекстан арқылы біз Тәжікстанға, сол жерден Қырғызстанға өтіп, кейін Отанымызға оралдық. Біз – бауырлас халықтармыз, бізде ортақ нәрсе көп, дініміз бір. Тіпті, “Ассалаумағалейкум” деп амандасып, “рақмет” деп алғыс айтуымыз да ұқсас. Осы елдерді аралап жүріп, біз олардың сұлулығымен танысып қана қоймай, Қазақстан туралы, әдемі жерлеріміз жайлы айта жүрдік. Жергілікті саяхатшылармен кездесіп, тәжірибе алмастық, қонақжай елімізді көруге шақырдық.
“Памир-2024” экспедициясы аясында қазақстандық саяхатшылар үш ел – Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанды аралады. Бұл мемлекеттерді бір-бірімен салыстыруға болмайды, бәрі өзінше қызықты. Өзбекстан өзінің бай ескерткіштерімен, тарихымен керемет. Самарқанның басты тарихи алаңы – Регистан, ондағы кесенелер, мешіттер, медреселер өте ұнады. Ал Тәжікстан арқылы өтетін Памир трактіне кіретін автомобиль жолы қауіпті екен. Тәжікстан Орталық Азиядағы ең кішкентай ел саналғанымен, Памирдің әйгілі және әдемі автомобиль жолы осы мемлекетті тұтастай дерлік басып өтеді. Айнала тау, табиғаты өте әдемі.
Тәжіктер өте қонақжай. Дүкендерде нақты баға көрсетілмеген, саудаласпасаң олар ренжиді. Бұл елде шетелдіктер мен қарттардан өзге ер адамдарға сақал қоюға тыйым салынған. Таулы Бадахшанның тұрғындары өздерін Ескендір Зұлқарнайынның ұрпағымыз деп санайды. Ескендір көлінің тарихы терең. Аңыз бойынша әйгілі қолбасшы ол жерге жиі тоқтап отырған екен. Әсіресе арғы бетінде Ауғанстан орналасқан Пяндж өзенінің бойындағы жол есте қалды. Әлемдегі ең биік тау жолдарының үштігіне кіретін Ақ Байтал асуын басып өттік. Қырғызстанның да табиғаты өте әдемі, ол әсіресе Тәжікстанның тауларынан кейін қою жасыл алқаптарымен ерекшеленеді. Шыңын бұлт жасырған таңғажайып тұманды тау асулары да бізді қызықтырмай қоймады.
Жалпы бізде “экспедиция тыныш өтпейді” деген сенім бар. Әрқашан жолда оқыс жағдай болып жатады, ондайда біз “бәрі осымен аяқталсын!” деп тілейміз. Бұл экспедицияда көлігімізден ақау табылып, біраз әбігерге түстік. Тәжікстанда таулы жерлерде жанармайға белгілі бір қоспалар қосылады екен, салдарынан жол талғамайтын көліктің жанармай беру жүйесі істен шығып, сапарымызды жалғастыра алмай қалдық. Жарты күнге жолдан қалуға тура келді.
Памир трактінің таулы жолдарымен жүру қауіпті болды. Жол тар, бір көлік қана өте алатындай. Қарсы келе жатқан көліктер көп, сондықтан биік жартастың шетімен жүруге тура келді, сонымен қатар тастар жиі құлап, жолды алып қалады. Мұндайда экскаваторлар мен бульдозерлер бұл жолды бірден жауып тастап, тазалайды. Біз жолдардың ашылуын күтіп, көп уақыт жұмсадық.
Көп адам өз көлігімен саяхаттағысы келеді. Сондықтан экспедицияға клуб мүшелерімен бірге баруды ұсынамын. Жолда тәжірибелі саяхатшылар көп нәрсені үйретеді. Олар өзіңізбен бірге қандай жабдықтар, құрылғылар, азық-түлік пен тұрмыстық керек-жарақтарды алу керектігін алдын ала айтады. Артықшылығы – мұндай саяхатта ешкімге тәуелсізсің, көп нәрсені көруге болады. Тағы бір маңызды, әрі оңтайлы тұсы – бұл жағажай демалысынан әлдеқайда арзан. Мысалы, біздің осы сапарымызда әр қатысушы қалтасынан небәрі 250 мың теңге шығарды.
Болашақта Арменияға, Әзірбайжанға барып, кейін бүкіл Италияны автоүймен аралап өтуді жоспарлап отырмын. Сондай-ақ, Қырғызстандағы Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауымен жүргіміз келеді.
Сайран ХАМЗА,
жеке кәсіпкер.