«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСТЕ ҚАЛҒАН САЯХАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бір рет саяхаттаған адам алған әсерін ұмыта ал­майды, үнемі қызықты сапарлар­ға шыққысы келіп тұрады. Менің жолдастарыммен автосаяхатым Балқаш көліне барудан бастал­ды. Бес жыл қатарынан осы көл­ге келіп, балық аулап, шомылып, демалып кетіп жүрдік. Кейін Алтайға барамыз деп шештік.

Мен бүгінге дейін 19 елді аралап шы­ғып­пын. Ал автокөлікпен біз Қа­зақстанмен шекаралас елдердің барлығына дерлік бардық, олар – Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Гру­зия, Түркияның бір бөлігі және Тәжікстан. Бұрын отбасым­мен бірге теңізге жиі барып, де­малатынбыз. Кейін жағажай де­малысының маған ұнамайтынын түсіндім. Мен барған жерімді кө­бі­рек аралап, сол ел жайында біл­генді және жолда тәуелсіз болғанды ұнатамын. Сондықтан автокөлікпен саяхаттағанның мен үшін артықшылығы көп. Жал­пы мен үшін саяхат – ұшан-теңіз әлемді аз да болса тану, сұлулы­ғына сүйсініп, сырына үңілу.

Біз бірер күн бұрын “Памир-2024” экспедициясынан орал­дық. Сапарға “QazaqExpedition Club”-ымен бірге барғанымды айта кеткенім жөн болар. “Qa­zaqExpedition Club”-тың мүшеле­рімен осыдан үш жыл бұрын танысқан едік, бізге клубтың миссиясы ұнады, ол “Шекарасыз әлем, армандарымызды жүзеге асыра отырып, өз өмірімізді және басқаларды бақытты ету” деп ата­лады. Содан бері біз осы клуб­пен бірге саяхаттап келеміз. Бұл сапарды да клуб ұйым­дастырды, ал экспедиция­ның жетекшісі – мен, маршрутты құру және әзірлеу, сапарға қа­тысты барлық мәселелерді ше­шіп, оның ойдағыдай өтуін қам­та­масыз ету менің міндетіме кірді.

Біз әдемі пейзажға толы және жолы оқтаудай түзу Шу трактінен өтіп бара жатқанда, бұдан да керемет Памир трактісі бар еке­нін білдік. Ол – әлемдегі кө­рінісі әдемі және ТМД елдерімен өте­тін ең биік тау жолдарының бірі. Осылайша біз алдымызға мақ­­сат қойып, биыл 6,5 мың ки­ло­метр жолды аман-есен артта қалдырдық.

Біз клубымыздың бір жылға арналған экспедицияларының кесте­сін жасаймыз. “Памир-2024” экс­педициясы – биылғы бірінші са­пар, бір мезгілде басқа топ Маң­ғыстауға экспедицияға аттанды, маусым айында Моңғолияға және сол жерден Якутияға экс­пе­диция бар. Бұдан басқа ра­диалды экспедициялар болады, яғни Қазақстан бойынша қысқа сапарларға шығып тұрамыз.

Экспедиция барысында бауырлас елдерді бір шеңберге бі­ріктіре алдық. Өзбекстан арқы­лы біз Тәжікстанға, сол жерден Қырғызстанға өтіп, кейін Отаны­мызға оралдық. Біз – бауырлас ха­лықтармыз, бізде ортақ нәрсе көп, дініміз бір. Тіпті, “Ассалау­мағалейкум” деп амандасып, “рақ­мет” деп алғыс айтуымыз да ұқ­сас. Осы елдерді аралап жүріп, біз олардың сұлулығымен таны­сып қана қоймай, Қазақстан ту­ра­лы, әдемі жерлеріміз жайлы айта жүрдік. Жергілікті саяхатшылармен кездесіп, тәжірибе алмастық, қонақжай елімізді көруге шақырдық.

“Памир-2024” экспедициясы аясында қазақстандық саяхат­шы­лар үш ел – Өзбекстан, Тәжік­стан және Қырғызстанды аралады. Бұл мемлекеттерді бір-бірі­мен салыстыруға болмайды, бәрі өзінше қызықты. Өзбекстан өзінің бай ескерткіштерімен, та­рихымен керемет. Самарқанның басты тарихи алаңы – Регистан, ондағы кесенелер, мешіттер, мед­реселер өте ұнады. Ал Тә­жік­стан арқылы өтетін Памир трак­тіне кіретін автомобиль жолы қауіпті екен. Тәжікстан Ор­талық Азиядағы ең кішкентай ел саналғанымен, Памирдің әйгілі және әдемі автомобиль жолы осы мемлекетті тұтастай дерлік басып өтеді. Айнала тау, таби­ғаты өте әдемі.

Тәжіктер өте қонақжай. Дү­кендерде нақты баға көрсетілме­ген, саудаласпасаң олар ренжиді. Бұл елде шетелдіктер мен қарт­тардан өзге ер адамдарға са­қал қоюға тыйым салынған. Тау­лы Бадахшанның тұрғындары өз­дерін Ескендір Зұлқарнайынның ұрпағымыз деп санайды. Ескендір көлінің тарихы терең. Аңыз бойынша әйгілі қолбасшы ол жерге жиі тоқ­тап отырған екен. Әсіресе арғы бетінде Ауғанстан орналасқан Пяндж өзенінің бойындағы жол есте қалды. Әлемдегі ең биік тау жолдарының үштігіне кіретін Ақ Байтал асуын басып өттік. Қырғызстанның да табиғаты өте әдемі, ол әсі­ресе Тәжікстанның тауларынан кейін қою жасыл алқаптарымен ерекшеленеді. Шыңын бұлт жасырған таңғажайып тұманды тау асулары да бізді қызықтырмай қоймады.

Жалпы бізде “экспедиция ты­ныш өтпейді” деген сенім бар. Әр­қашан жолда оқыс жағдай болып жатады, ондайда біз “бәрі осы­мен аяқталсын!” деп тілейміз. Бұл экспедицияда көлі­гімізден ақау табылып, біраз әбігерге түстік. Тәжікстанда таулы жерлерде жанармайға бел­гілі бір қоспалар қосылады екен, салдарынан жол талға­майтын көліктің жанармай беру жүйесі істен шығып, сапарымызды жалғастыра алмай қалдық. Жарты күнге жолдан қалуға тура келді.

Памир трактінің таулы жолдарымен жүру қауіпті болды. Жол тар, бір көлік қана өте алатындай. Қарсы келе жатқан көліктер көп, сондықтан биік жар­тастың шетімен жүруге тура кел­ді, сонымен қатар тастар жиі құ­лап, жолды алып қалады. Мұн­дайда экскаваторлар мен буль­дозерлер бұл жолды бірден жауып тастап, тазалайды. Біз жолдардың ашылуын күтіп, көп уақыт жұмсадық.

Көп адам өз көлігімен саяхат­тағысы келеді. Сондықтан экспедицияға клуб мүшелерімен бірге баруды ұсынамын. Жолда тәжі­рибелі саяхатшылар көп нәрсені үйретеді. Олар өзіңізбен бір­ге қандай жабдықтар, құрылғылар, азық-түлік пен тұрмыстық керек-жарақтарды алу керектігін алдын ала айтады. Артықшылығы – мұн­дай саяхатта ешкімге тәуелсізсің, көп нәрсені көруге болады. Тағы бір маңызды, әрі оңтайлы тұсы – бұл жағажай демалысынан әлдеқайда арзан. Мысалы, біздің осы сапарымызда әр қаты­сушы қалтасынан небәрі 250 мың теңге шығарды.

Болашақта Арменияға, Әзірбайжанға барып, кейін бүкіл Италияны автоүймен аралап өтуді жоспарлап отырмын. Сондай-ақ, Қырғызстандағы Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауымен жүргіміз келеді.

Сайран ХАМЗА,

жеке кәсіпкер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp