Жақсы адамның аты ешқашан өшпейді және назардан тыс қалмайды. Қарапайым қазақ отбасында туып-өскен, кеңес өкіметі кезеңінде де асыл дініміз исламды насихаттап, ауыл-аймаққа бірліксүйгіштігімен танылған Мұхамеджан Меңдіханұлының есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс.
Мен молданың отбасында төрт жыл тұрдым. Сол үйдің мүшесі ретінде өз баласындай қамқорлығында болдым. Ол кездегі Преснов, Октябрь, Мамлют аудандарынан Қызылжар қаласына келген жолаушылардың көпшілігі молданың үйіне соғатын, кейде сыймай терезенің алдында өскен ағаштың түбіне жата кететін. Келген адамдардың көбі жасы үлкен адамдар болатын. Сондықтан оларды қарсы алып, шығарып салу міндеті отбасындағы жастарға жүктелетін. Көп қонақтан жалығып, кей кездерде үйден әдейі жоқ нәрсені сылтауратып, қашып кететінбіз. Бірақ кешке үйге келіп үрейленіп жүргенімізді көріп, Мұхамеджан молда:
“Қарақтарым, тамақтарыңды ішіңдер, жұмыстарың тым ауыр болған шығар”, – деп бізді өзіне жақын тартатын. Бізге деген сүйіспеншілік сезімін, жүрек жылулығын күлімдеп тұрған отағасының көзінен-ақ аңғаратынбыз. Осы отбасында тұрып, Мұхамеджан молдамен бірге жүріп, тәлім-тәрбиесін көріп, үлгі-өнегі алғаныма ризамын.
Өткен өмірді еске алып, қателігін мойындап, тәубесіне келген пендесіне Алланың мейірімі түседі. Бұл біз сияқты кеңес заманының азаматтарының саналарына енді ғана қонып жатыр, бірақ кейбіреулеріміз әлі күнге дейін адасқанның жолында екенімізді аңғара қоймаймыз. Кеңес өкіметінің саясаты дінімізге қарсылық жасап, ділімізді, тіліміздің тамырын құрту еді. Сол дәуірдің қылышынан қан тамып тұрған кезінің өзінде қайрат-қабілетінің арқасында қала тұрғындарын имандылыққа шақырған діндарлардың бірі Қызылжар қаласында көп жылдар бас имам қызметін атқарған Мұхамеджан Меңдіханұлы еді.
Қазақта “Өлі риза болмай, тірі байымайды”, – деген аталы сөз бар. Өмірден өткен жақсы адамның артында қалған өсиетінің кейінгілерге тәлім-тәрбиелік мәні зор. Мұхамеджанның ислам дініне деген ықыласы ананың сүтімен дарыған. Дінге деген қамқорлығы – өмірінің ақырғы сағатына дейін Құранға шаң тигізбей, адами адалдықты дәріптеп кеткендігінен көрінеді. Алланың адамды ерекше жаратқандығын уағыздап, имандылықтың күнделікті өмірге қажеттілігін ұрпағының санасына құйып жеткізе білді. Жамағаттан жиналған қаржыға Қызылжар қаласында тұратын мұсылман қауымына Береке шағынауданында мешіт салдыруға қосқан үлесін ерлікке парапар дер едім.
Осы игі істері имам Мұхамеджанның тұрғыластарынан оқ бойы озық болғанын білдіреді. Адамзат баласына игіліктеріне жол көрсететін, екі дүниенің амалдарын үйретіп, насихаттайтын кітап – Құран аяттарының бірінде: “Шынында да, Алла тақуа, жақсылық істеушілермен бірге”, – делінген. Сондай-ақ адамдар арасында сүйіспеншіліктің болуын, бір-біріне өзара көмек көрсетуін, жақсылық жасауға даяр тұруды әмір еткен. Имам Мұхамеджан Меңдіханұлының өмірлік кестесінде осы әмір еткен қағидаларды бұлжытпай орындауға деген құлшыныс көзі жұмылғанша толастамаған.
Тимирязевте тұратын жасы жүзден асқан қария Шариян апай дүниеден өткеніне ширек ғасырдан артық уақыт болса да, замандасы Мұхамеджанның адамға деген мейірімділігін, қайырымдылығын көзімен көріп, көңілінде ұялап қалған көп жақсылықтарын немере-шөберелеріне жария етіп айтудан жалықпайды.
Берекедегі мешіт тұрғызылып, көп жылдар бойы имаммен бірге сол мешітте есепші қызметін атқарған апайымыз Ұмсын Аманжолқызы барғанымызда қуанышы қойнына сыймай, бізді үлкен құрметпен қарсы алушы еді.
“Мұхамеджан имамды мешіт маңайындағы көпшілік “Хазрет” деп атаушы еді, жүректегі адалдығы, жылы жүзділігі адамдарды еріксіз өзіне тарта беруші еді, жатқан жері жайлы болсын, аруағының ризалығын тілеймін”, – дейтін апайымыз.
Адамның әдептілігі, әділеттілігі, қайырымдылық пен мейірімділігі имандылық жолында екенін кеш болса да түсінгенімізге тәубе дейміз. Мен имам Мұхамеджанның шарапатын көрген көптің бірімін, рухына бас июді парызым деп білемін. Сондықтан Алла қабыл етсін деп Құран аятын оқып, имамды еске алдық.
Мұхамеджан молда туралы көзі көргендер оның үнемі тап-таза боп киініп жүретінін, сыпайы, жібек мінезді адам болғанын айтады. Өңірдің рухани өмірінің жақсы арнаға бағыт алуына, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосқан осындай адамдарды ұмытпау – бүгінгі ұрпаққа парыз.
Болат ЖАХИН,
еңбек ардагері.