«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жақсының шарапаты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақсы адамның аты ешқашан өшпейді және назардан тыс қалмайды. Қарапайым қазақ отбасында туып-өскен, кеңес өкіметі кезеңінде де асыл дініміз исламды насихат­тап, ауыл-аймаққа бірліксүйгіштігімен танылған Мұхамеджан Мең­діханұлының есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс.

Мен молданың отбасында төрт жыл тұрдым. Сол үйдің мү­ше­сі ретінде өз баласындай қам­қорлығында болдым. Ол кездегі Преснов, Октябрь, Мамлют ау­дандарынан Қызылжар қаласы­на келген жолаушылардың көп­шілігі молданың үйіне соғатын, кейде сыймай терезенің алдын­да өскен ағаштың түбіне жата ке­тетін. Келген адамдардың көбі жасы үлкен адамдар болатын. Сон­дықтан оларды қарсы алып, шығарып салу міндеті отбасын­дағы жастарға жүктелетін. Көп қонақтан жалығып, кей кездерде үйден әдейі жоқ нәрсені сыл­тау­ратып, қашып кететінбіз. Бірақ кешке үйге келіп үрейленіп жүр­генімізді көріп, Мұхамеджан молда:

“Қарақтарым, тамақтарыңды ішіңдер, жұмыстарың тым ауыр болған шығар”, – деп бізді өзіне жақын тартатын. Бізге деген сүйіспен­шілік сезімін, жүрек жылулығын күлімдеп тұрған отағасының көзі­нен-ақ аңғаратынбыз. Осы отба­сында тұрып, Мұхамеджан мол­дамен бірге жүріп, тәлім-тәрбиесін көріп, үлгі-өнегі алғаныма ризамын.

Өткен өмірді еске алып, қате­лігін мойындап, тәубесіне келген пендесіне Алланың мейірімі тү­се­ді. Бұл біз сияқты кеңес зама­нының азаматтарының санала­ры­на енді ғана қонып жатыр, бі­рақ кейбіреулеріміз әлі күнге дейін адасқанның жолында еке­німізді аңғара қоймаймыз. Кеңес өкіметінің саясаты дінімізге қар­сылық жасап, ділімізді, тіліміздің тамырын құрту еді. Сол дәуірдің қылышынан қан тамып тұрған кезінің өзінде қайрат-қабі­летінің арқасында қала тұрғын­дарын имандылыққа шақырған діндарлардың бірі Қызылжар қа­ласында көп жылдар бас имам қыз­метін атқарған Мұхамеджан Меңдіханұлы еді.

Қазақта “Өлі риза болмай, тірі байымайды”, – деген аталы сөз бар. Өмірден өткен жақсы адам­ның артында қалған өсиетінің кейінгілерге тәлім-тәрбиелік мәні зор. Мұхамеджанның ислам ді­ніне деген ықыласы ананың сүтімен дарыған. Дінге деген қамқорлығы – өмірінің ақырғы сағатына дейін Құранға шаң тигізбей, адами адалдықты дәріптеп кеткендігінен көрінеді. Алланың адамды ерекше жарат­қандығын уағыздап, имандылық­тың күнделікті өмірге қажеттілігін ұрпағының санасына құйып жет­кізе білді. Жамағаттан жиналған қаржыға Қызылжар қаласында тұ­ратын мұсылман қауымына Бе­реке шағынауданында мешіт сал­дыруға қосқан үлесін ерлікке парапар дер едім.

Осы игі істері имам Мұхамеджанның тұрғыластарынан оқ бойы озық болғанын білдіреді. Адамзат баласына игіліктеріне жол көрсететін, екі дүниенің амалдарын үйретіп, насихаттай­тын кітап – Құран аяттарының бірінде: “Шынында да, Алла та­қуа, жақсылық істеушілермен бірге”, – делінген. Сондай-ақ адамдар арасында сүйіспенші­ліктің болуын, бір-біріне өзара кө­мек көрсетуін, жақсылық жасауға даяр тұруды әмір еткен. Имам Мұ­хамеджан Меңдіханұлының өмірлік кестесінде осы әмір ет­кен қағидаларды бұлжытпай орындауға деген құлшыныс көзі жұмылғанша толастамаған.

Тимирязевте тұратын жасы жүзден асқан қария Шариян апай дүниеден өткеніне ширек ғасыр­дан артық уақыт болса да, за­мандасы Мұхамеджанның адам­ға деген мейірімділігін, қайырымдылығын көзімен көріп, көңілінде ұялап қалған көп жақсылықтарын немере-шөберелеріне жария етіп айтудан жалықпайды.

Берекедегі мешіт тұрғызы­лып, көп жылдар бойы имаммен бірге сол мешітте есепші қызме­тін атқарған апайымыз Ұмсын Аманжолқызы барғанымызда қуанышы қойнына сыймай, бізді үлкен құрметпен қарсы алушы еді.

“Мұхамеджан имамды мешіт маңайындағы көпшілік “Хазрет” деп атаушы еді, жүректегі адалдығы, жылы жүзділігі адамдарды еріксіз өзіне тарта беруші еді, жат­қан жері жайлы болсын, аруағының ризалығын тілеймін”, – дейтін апайымыз.

Адамның әдептілігі, әділет­тілігі, қайырымдылық пен мейірімділігі имандылық жолында екенін кеш болса да түсінгені­мізге тәубе дейміз. Мен имам Мұ­хамеджанның шарапатын көрген көптің бірімін, рухына бас июді парызым деп білемін. Сондықтан Алла қабыл етсін деп Құран аятын оқып, имамды еске алдық.

Мұхамеджан молда туралы көзі көргендер оның үнемі тап-таза боп киініп жүретінін, сыпайы, жібек мінезді адам болғанын ай­тады. Өңірдің рухани өмірінің жақ­сы арнаға бағыт алуына, ұр­пақ тәрбиесіне үлес қосқан осындай адамдарды ұмытпау – бүгінгі ұрпаққа парыз.

Болат ЖАХИН,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp