25-ші мамыр күні соңғы қоңыраудың сыңғырлаған үнімен өтетін салтанатты жиында әкеміз тағы бір жылға есейген шәкірттерін құттықтап, арманы биік түлектеріне ақ жол тілеп жатса, аяулы шәкірттері мен ұстаздар қауымы әкеміздің туған күніне арнап ақжарма тілектерін жеткізіп жатушы еді.
Бұл күні біз ата-анамыздың бауырында өткізген бақытты балалық шағымыз бен жалындаған жастық кезімізді сағына еске аламыз. Екеуі де өзінің уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған ұлағатты ұстаздар болды, еліне адал қызмет етті.
Әкеміз – Серкеш Исмағұлов қажы-қазірет, молдалардың ұрпағы. Ата-бабамыздың, әкеміздің туған жері – қазіргі Есіл ауданының Жарғайың ауылы. Атамыз Смағұл, үлкендердің айтуынша, бес уақыт намазын тастамаған, бойына емшілік қасиет дарыған, есепке жүйрік, кез келген тақырыпта ой жарыстыра алатын өте зерек жан болған деседі. 30-шы жылдары ата-бабасы қазірет, қажы, молда болған, ауқатты тұрмыс құрған деп қысымшылық көрсетілген кезде атамыз отбасымен Ресейдің Қорған облысына көшіп кеткен. Кейін Түмен облысында да тұрған көрінеді. Әкеміз сол жақтағы жеті шақырым жердегі орыс мектебіне жаяу барып-келіп, бір орыс кемпірінің үйінде тұрып оқиды. Атамыз отбасымен халқымызға үлкен қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысы жылдары елге қайтып оралған.
Әкеміз соғыстан кейін Покровка ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, үздік бітіріп шығады. Оның алғыр болғандығы соншалық – техникумда оқып жүрген кезінде оқытушылар әкемізді өздерінің орындарына сабақ беруге қалдыратын көрінеді. 1947-1949 жылдары Петропавл мемлекеттік мұғалімдер институтында оқып, тарих пәні бойынша мамандық алып шығады. Сол жылы Бұлақ, Жарғайың мектептерінде орыс тілінің мұғалімі болып, ұстаздық еңбек жолын бастайды. Бір жылдың ішінде іске тындырымдылығымен, білімділігімен көзге түскен әкемізді 1950 жылы Заградов мектебіне директор қылып тағайындайды.
1951 жылы әскер қатарына шақырылады. Әскери міндетін үздік атқарған әкеміз Ачинск Әскери Әуетехникалық училищесіне оқуға түсіп, техник-лейтенант атағын алып шығады. Бұдан кейін еліміздің біраз жерінде, Украина, Чехословакия, Румынияның шекарасындағы Стрый қаласында әскери-әуе күштерінің қатарында абыройлы қызмет етеді. Ол кезде ауылдан шыққан әскери-әуе күштерінің офицері шенінде қызмет істейтін қазақ азаматтары сирек кездесетін еді. Әскери борышын өтеп жүргенде 1956 жылы партия қатарына қабылданған, кешкі Марксизм-ленинизм университетін тамамдаған.
Отан алдындағы борышын өтеп, біраз жыл әскери қызметте еңбек еткен әкемізге елге келгеннен кейін аудандық партия комитетінде жұмыс істеуге ұсыныс жасалады. Алайда ол ата-бабаларынан қанына сіңген ұстаздық жолды таңдап, Петровкадағы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын училищеге мұғалім болып барады. 1963 жылы Петропавл мемлекеттік оқытушылар институтын үздік тамамдады.
Әкеміздің саналы ғұмыры ұстаздық жолға арналды. Ешкімнен атақ-мансап сұрамаған ол облыс орталығының білім басқармасына қызметке шақырылған кезде де елде, ауылда ұстаз болып қызмет етуді жөн санаған. Зейнетке шыққанға дейін Шал ақын ауданының Социал, Балуан, Есіл ауданының Тауағаш, Өрнек ауылдарындағы мектептердің директоры болып, олардың айтулы білім ордасына айналуына зор үлес қосты. Қай мектепте қызмет істемесін, сол мектептің мәртебесін өсіруге, шәкірттерінің сапалы білім, саналы тәрбие алуларына көп еңбек сіңірді. Қызмет істеген жерлерінің барлығында жаңа мектептің бой көтеріп, балалардың жарық, жылы оқу орнында білім алуларына жағдай жасады. Мектепке жақсы ұстаздарды шоғырландырып, кадрлар құрамы сапасының артуын, оқу үлгерімінің көтерілуін назарда ұстады.
Әкеміз өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын іскерлігі, адалдығы және терең білімділігімен елге де, ұжымына да аса сыйлы болды. Қызмет істеген жерлерінде ауылдық, аудандық кеңестердің депутаты болды. Жемісті еңбегі үшін бірнеше мадақтамалар және медальдармен марапатталды.
Анамыз Тыныштық Исмағұлова 1935 жылы 20-мамырда Тауағаш ауылында дүниеге келген. Николаевка орта мектебін алтын медальмен бітіріп, 1954 жылы Киров атындағы (қазір әл-Фараби атындағы) Қазақ мемлекеттік университетінің “Математика” мамандығына оқуға түседі, кейін Петропавл қаласындағы педагогикалық институттың “Химия-биология” мамандығын оқып бітіреді. Шал ақын ауданы Социал мектебінде, Есіл ауданы Өрнек мектебінде химия-биология пәндерінен сабақ берді. Зейнетке шыққанға дейін мектепте ұстаздық етіп, бүкіл ғұмырын жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеуге арнады.
Анамыздың шынайы ұстазға тән сыпайы мінезі, кәсіби шеберлігі, бірқалыпты, байыпты келбеті кімге де болсын үлгі болды. “Мектептегі ең қызықты да мазмұнды сабақтардың бірі Тыныштық Мақанқызының жүргізетін сабақтары болды”, – деп шәкірттері үнемі айтып отыратын. Оқушылардың білімге деген құлшыныстарын арттырып, пән бойынша қосымша танымды мәліметтер беріп, химия пәнінен үнемі зертханалық жұмыстар жүргізіп отыратындығы есімде. Ешқашан даусын көтермейтін, сабағында үнемі тәртіп сақталатын дарынды ұстаздардың санатында болды.
Анамыз ақ құба, сұлу өңді, үнемі сәнді киінетін, әріптестері оған қарап бой түзейтін ұстаз болған. Шындықты айтар кезде батыл, жауабын тауып айтатын өткірлігі де жоқ емес. Осы орайда Тараз қаласында болған бір оқиға ойға оралады. Дүбірлеген той-думан, сахнада ән-күй орындалып жатқан кез. Бір мезгілде мерекелік шараны жүргізіп тұрған адам сахнада тұрып әр қалада өмір сүріп жатқан қазақтарға “мінездеме” беріп жатты. Петропавл қаласына тоқталғанда ол жердің қазақтары орыстанып кеткен, салт-дәстүрін ұмытқан, ана тілдерінен безіп, орыс тілінде ғана сөйлейді деген біржақты пікір білдірді. Сол мезетте көрермендер ортасында отырған анамыз бірден сахна төріне шығып, сөзін Абайдың бір шумақ өлеңімен бастап, Қызылжар өңірінің қасиетті топырағынан шыққан ақын-жазушылардың шығармаларын, атақты тұлғаларын атап, жер-жерге, ру-руға бөлінбей бірлікте, татулықта өмір сүрген қазағымыздың ырыс-берекесінің артатындығы жайында өз жанынан өлең шығарып айтып берді. Қалың көрермен ду қол шапалақтап, өнері мен қайсар мінезіне ризашылықтарын білдіріп жатты. Ақырында жүргізуші өзінің артық кеткендігін мойындап, анамыздан кешірім сұрап, бір шоқ гүлін ұсынған.
Ата-анамыз бір ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы болды. Ұят, ар-ождан, адамгершілік, жауапкершілік деген қасиеттерді алдыңғы орынға қоя отырып, бала тәрбиесіне ерекше мән беретін. Құрметті зейнетке шыққан соң-ақ, ұзақ ауырмай, ата-анамыз өмірден ерте озды.
Уақытқа тоқтау жоқ екен. Зуылдап жылдар, зырылдап айлар өтіп жатыр. Алайда сағыныш пен өкінішке толы жүрегіміздің өксігін әлі күнге дейін баса алар емеспіз. Адамгершіліктің ақ жолын әкеміз бен анамыздан үйреніп, адалдықты ту етіп өмір кешудеміз. Көрсеткен өнегелері мен ақылдарын өмірлік темірқазығымыз ретінде ұстанып келеміз.
Жанар ТАЛАСПАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры.