«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕНІҢ ҚОС БӘЙТЕРЕГІМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

25-ші мамыр күні соңғы қо­ңыраудың сыңғырлаған үнімен өтетін салтанатты жиында әке­міз тағы бір жылға есейген шә­кірттерін құттықтап, арманы биік түлектеріне ақ жол тілеп жат­са, аяулы шәкірттері мен ұс­таздар қауымы әкеміздің туған күніне арнап ақжарма тілектерін жеткізіп жатушы еді.

Бұл күні біз ата-анамыздың бауырында өткізген бақытты ба­лалық шағымыз бен жалында­ған жастық кезімізді сағына еске аламыз. Екеуі де өзінің уақытын аямаған, өзгенің бақытын аяла­ған ұлағатты ұстаздар болды, еліне адал қызмет етті.

Әкеміз – Серкеш Исмағұлов қажы-қазірет, мол­далардың ұрпағы. Ата-бабамыздың, әкеміздің туған жері – қа­зіргі Есіл ауданының Жарғайың ауылы. Атамыз Смағұл, үлкен­дердің айтуынша, бес уақыт на­мазын тастамаған, бойына ем­шілік қасиет дарыған, есепке жүй­рік, кез келген тақырыпта ой жарыстыра алатын өте зерек жан болған деседі. 30-шы жыл­дары ата-бабасы қазірет, қажы, молда болған, ау­қатты тұрмыс құрған деп қы­сым­шылық көрсетілген кезде ата­мыз отбасымен Ресейдің Қор­ған облысына көшіп кеткен. Кейін Түмен облысында да тұр­ған көрінеді. Әкеміз сол жақтағы жеті шақырым жердегі орыс мек­тебіне жаяу барып-келіп, бір орыс кемпірінің үйінде тұрып оқи­ды. Атамыз отбасымен хал­қымызға үлкен қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысы жыл­дары елге қайтып оралған.

Әкеміз соғыстан кейін Пок­ров­ка ауыл шаруашылығы тех­ни­кумына оқуға түсіп, үздік біті­ріп шығады. Оның алғыр болғандығы сон­шалық – техникумда оқып жүр­ген кезінде оқытушылар әкеміз­ді өздерінің орындарына сабақ беруге қалдыратын көрінеді. 1947-1949 жылдары Петропавл мемлекеттік мұғалімдер инсти­ту­тын­да оқып, тарих пәні бо­йын­ша мамандық алып шыға­ды. Сол жылы Бұлақ, Жарғайың мектептерінде орыс тілінің мұ­ғалімі болып, ұстаздық еңбек жолын бастайды. Бір жылдың ішінде іске тындырымдылығы­мен, білімділігімен көзге түскен әкемізді 1950 жылы Заградов мектебіне директор қылып тағайындайды.

1951 жылы әскер қатарына шақырылады. Әскери міндетін үздік атқарған әкеміз Ачинск Әс­кери Әуетехникалық училище­сіне оқуға түсіп, техник-лейте­нант атағын алып шығады. Бұ­дан кейін еліміздің біраз же­рінде, Украина, Чехословакия, Румынияның шекарасындағы Стрый қаласында әскери-әуе күштерінің қатарында абырой­лы қызмет етеді. Ол кезде ауыл­дан шыққан әскери-әуе күште­рінің офицері шенінде қызмет істейтін қазақ азаматтары сирек кездесетін еді. Әскери борышын өтеп жүргенде 1956 жылы партия қа­тарына қабылданған, кешкі Марксизм-ленинизм универ­си­тетін тамамдаған.

Отан алдындағы борышын өтеп, біраз жыл әскери қыз­метте еңбек еткен әкемізге елге келгеннен кейін аудандық пар­тия комитетінде жұмыс істеуге ұсыныс жасалады. Алайда ол ата-бабаларынан қанына сіңген ұстаздық жолды таңдап, Пет­ровкадағы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын учи­лищеге мұғалім болып барады. 1963 жылы Петропавл мемлекеттік оқыту­шылар институтын үздік тамам­дады.

Әкеміздің саналы ғұмыры ұс­таздық жолға арналды. Ешкім­нен атақ-мансап сұрамаған ол об­лыс орталығының білім басқармасына қызметке шақырылған кезде де елде, ауылда ұстаз бо­лып қызмет етуді жөн санаған. Зейнетке шыққанға дейін Шал ақын ауданының Со­циал, Балуан, Есіл ауданының Тауағаш, Өрнек ауылдарындағы мектептердің директоры болып, олардың ай­тулы білім ордасына айна­луына зор үлес қосты. Қай мек­тепте қызмет істемесін, сол мек­тептің мәртебесін өсіруге, шә­кірт­терінің сапалы білім, сана­лы тәрбие алуларына көп еңбек сіңірді. Қызмет істеген жерле­рінің барлығында жаңа мектеп­тің бой көтеріп, балалардың жа­рық, жылы оқу орнында білім алу­ларына жағдай жасады. Мектепке жақсы ұстаздарды шоғырландырып, кадрлар құра­мы сапасының артуын, оқу үлгерімінің көтерілуін назарда ұстады.

Әкеміз өз ісіне үлкен жауап­кершілікпен қарайтын іскерлігі, адалдығы және терең білімді­лігімен елге де, ұжымына да аса сыйлы болды. Қызмет істеген жер­лерінде ауылдық, аудандық кеңестердің депутаты болды. Жемісті еңбегі үшін бірнеше ма­дақтамалар және медальдар­мен марапатталды.

Анамыз Тыныштық Исмағұлова 1935 жылы 20-мамырда Тауағаш ауылында дү­ниеге келген. Николаевка орта мектебін алтын медальмен біті­ріп, 1954 жылы Киров атындағы (қазір әл-Фараби атын­дағы) Қазақ мемлекеттік универси­тетінің “Математика” маманды­ғы­на оқуға түседі, кейін Петро­павл қаласындағы педагогика­лық институттың “Химия-биоло­гия” мамандығын оқып бітіре­ді. Шал ақын ауданы Социал мектебінде, Есіл ауданы Өрнек мектебінде химия-биология пән­дерінен сабақ берді. Зейнетке шыққанға дейін мектепте ұстаз­дық етіп, бүкіл ғұмырын жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеуге ар­нады.

Анамыздың шынайы ұстазға тән сыпайы мінезі, кәсіби ше­берлігі, бірқалыпты, байыпты кел­беті кімге де болсын үлгі болды. “Мектептегі ең қызықты да маз­мұнды сабақтардың бірі Тыныштық Мақанқызының жүргізетін сабақтары болды”, – деп шәкірттері үнемі айтып отыратын. Оқушы­лардың білімге деген құлшы­ныс­тарын арттырып, пән бойынша қосымша танымды мәлімет­тер беріп, химия пәнінен үнемі зертханалық жұмыстар жүргізіп отыратындығы есімде. Ешқа­шан даусын көтермейтін, саба­ғында үнемі тәртіп сақталатын дарынды ұстаздардың сана­тында болды.

Анамыз ақ құба, сұлу өңді, үнемі сәнді киінетін, әріптестері оған қарап бой түзейтін ұстаз болған. Шындықты айтар кезде батыл, жауабын тауып айтатын өт­кірлігі де жоқ емес. Осы орайда Тараз қаласында болған бір оқиға ойға оралады. Дүбір­леген той-думан, сахнада ән-күй орындалып жатқан кез. Бір мезгілде мерекелік шараны жүр­гізіп тұрған адам сахнада тұрып әр қалада өмір сүріп жатқан қазақтарға “мінездеме” беріп жатты. Петропавл қаласына тоқ­талғанда ол жердің қазақтары орыстанып кеткен, салт-дәстүрін ұмытқан, ана тілдерінен бе­зіп, орыс тілінде ғана сөйлейді деген біржақты пікір білдірді. Сол мезетте көрермендер орта­сында отырған анамыз бір­ден сахна төріне шығып, сөзін Абайдың бір шумақ өлеңімен бастап, Қызылжар өңірінің қа­сиетті топырағынан шыққан ақын-жазушылардың шығарма­ларын, атақты тұлғаларын атап, жер-жерге, ру-руға бөлінбей бір­лікте, татулықта өмір сүрген қа­зағымыздың ырыс-берекесінің артатындығы жайында өз жаны­нан өлең шығарып айтып бер­ді. Қалың көрермен ду қол шапа­лақтап, өнері мен қайсар міне­зіне ризашылықтарын білдіріп жатты. Ақырында жүргізуші өзі­нің артық кеткендігін мойындап, анамыздан кешірім сұрап, бір шоқ гүлін ұсынған.

Ата-анамыз бір ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы болды. Ұят, ар-ождан, адам­гер­шілік, жауапкершілік деген қа­сиеттерді алдыңғы орынға қоя отырып, бала тәрбиесіне ерек­ше мән беретін. Құрметті зейнет­ке шыққан соң-ақ, ұзақ ауырмай, ата-анамыз өмірден ерте озды.

Уақытқа тоқтау жоқ екен. Зуылдап жылдар, зырылдап ай­лар өтіп жатыр. Алайда сағы­ныш пен өкінішке толы жүрегі­міздің өксігін әлі күнге дейін баса алар емеспіз. Адамгершіліктің ақ жолын әкеміз бен анамыздан үйреніп, адалдықты ту етіп өмір кешудеміз. Көрсеткен өнегелері мен ақылдарын өмірлік темір­қазығымыз ретінде ұстанып келеміз.

Жанар ТАЛАСПАЕВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp