«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒА ЖЕТПЕС ҚҰНДЫЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адамзат бағзы заманнан бі­лімге құштар болып, ілімді кітап­тан іздеген. Ақыл, өнеге алу үшін де кітапқа жүгінеміз. Бір сөзбен айтқан­да, кітап – досымыз, ақылшымыз. Сана, сезім, ақыл адамға туа біт­се, білім мен даналық кітап оқыған адамға дариды. Содан да болар, халқымызда “Білімді мыңды жы­ғар, білекті бірді жығар” деген да­налық сөз бар.

Әр адамның жанына жақын, сүйіп оқитын жанрлары болады. Біреу әдеби кітапты қызыға оқыса, келесілері шытырман оқиғаларды немесе қиял-ғажайып әңгімелерді іздеп жүреді.

Кітап адамзаттың өмірге көз­қа­расын қалыптастырады, кітап арқылы жақсы мен жаманды айы­ра біліп, сараптап, саралауды үй­ренеміз. Әсіресе, өскелең ұрпақ­тың қоғамға пайдалы азамат бо­лып ер жетуіне ықпалы зор. Оқи отыра жақсыдан үйреніп, жаман­нан жиреніп, адамның ең жақсы қа­сиеттерін бойға сіңіреді.

Мені жастың да, кәрінің де кі­тап­тан емес, тәулік бойы ұялы те­лефоннан бас алмайтыны алаң­да­тады. Кітап оқымағасын қазіргі жастар дұрыс сөз саптауды біл­мейді, әдеби түгілі ауызекі тілге шорқақ. Мектеп жасындағы бала­лар мәтіннің мазмұнын айтуға қиналады. Олармен ауыз екі әңгіме-дүкен құру мүмкін емес, сөзді сөзге құрай алмайтындары бар. Мектеп пен жоғары және орта оқу орындарында сұрақ-жауап тест арқылы болғандықтан, өскелең ұрпақ мылқаудың күнін кешіп келеді. Білуімше, тест – шетелде жүйке жүйесінің дамуы тоқы­раған балаларға арналған бағ­дарлама. Ал бұл жүйені біздің ел­дегі барша қазақ балалары мен студенттерге не үшін қолданаты­нын әлі күнге дейін түсінбей ке­лемін.

Мұның барлығы шұрайлы қа­зақ тілін жұтатып, сөйлеу мәдениетін жояды. Өйткені қазақша жазыл­ған кітапты оқымау және қазақ тілінде көсіліп сөйлемеу – қасірет. Ол аз десеңіз, қазақ балалары мек­тептерде бір-бірімен орыс ті­лінде сөйлесетіндіктен, көздері­нен қазақ тіліне деген қызығушы­лықты көрмеймін, селқос, бей­ғам­дық байқалады.

Кітап туралы сөз қозғағанда, кі­тапхана туралы айтпай кету мүм­кін емес. Маған кітапханаларда жыл сайын өткізілетін “Бір ел – бір кітап” іс-шарасы ұнайды, үзілмей жал­ғасын таба берсе екен деп оты­рамын. Осы ретте Сәбит Мұ­қа­нов атындағы облыстық ғылы­ми-әмбебап кітапханасының қыз­меткері Майра Мақышеваның кі­таптануға қосқан зор үлесін атап өткім келеді. Кітапсүйер қауым­ның кітапханашыға алғысын жау­дыр­ғанын талай мәрте көрдім. Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының да атқарып отырған еңбегі зор.

“Айтпасаң сөздің атасы өледі”, дейді ғой дана халқымыз. Менің айтпағым, қазақ мектептерінде бі­лім алып жүрген қазақ балалары­ның сабақтан тыс уақытта, үзіліс­те, дәлізде бір-бірімен еш қым­сынбай орысша сөйлесулеріне не себеп? Мектеп ұстаздарының өз­дері неге орыс тілінде сөйлейді? “Қазақша білім беріп жатырмыз ғой”, – деп ақталғандарымен, өза­ра бір-бірімен қазақша сөйлемесе оқытқаннан не пайда? Осыны қа­дағалау кімнің міндеті? Иә, көкей­ді сансыз сұрақ мазалағанымен еш­бі­рі­нің жауабы жоқ. “Баяғы жар­тас бір жартас, қаңқ етер түкті бай­қамас”, – деп өзімізге өзіміз жауап бер­геннен әрі аса алмаймыз.

Дегенмен, “Алуан-алуан жүй­рік бар, шамасына қарай шабады” демекші, бәріміз болмасақ та ұқ­сап бағайықшы. Білмегенімізді кі­таптан үйренейік, білгенімізді өз­ге­ге үйретейік. Абайды оқып, та­нып білген далада қалмайды, классик жазушылардың шығар­ма­ла­рын оқығанда ғана өз тіліміз­ді меңгере аламыз.

Қызылжар өлкесінің Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғалым Малдыбаев, Зейнел-Ғаби Иманбаев, Ермек Қо­нарбаев, Ахметжан Нұртазин, Уахит Темірбеков, Тоқтар Зікірин, Мүталлап Қанғожин, Зейнол­ла Әкімжанов, Ожан Қали, Есләм Зікібаев, Әмина Шалабаева, Ерік Асқаров сынды тағы басқа ақын-жазу­шы­ларын оқып, білуге ұмты­лайық. Олар – қазақ тілінің мәр­тебесін көтеруге сіңірген еңбекте­рі көрнекті тұлғалар, елдің асыл азаматтары ғой. Олардың ең­бек­терінен қазақ халқының ақ ар­манын, мақсат-мүддесін, өткені мен бүгінін көресіз. Кітаптың құ­діреті – осы!

Мен бала күнімнен кітап оқуға құмар болдым. Мектеп табалды­рығын аттамай тұрып әкем маған: “Қырық өтірік” кітапшасын сатып әперді. Мен үшін “Балдырған” жур­налын үзбей жаздырып алатын. Мектепте оқып жүргенімде “Қазақ ертегілері”, “Дүниежүзі халықта­рының ертегілері”, “Алтын сырға­лы шортан”, Миклухо-Маклайдың “Жаңа Гвинеяға саяхаты туралы” сынды көптеген кітаптарды оқы­дым. Жасөспірім кезде маған қат­ты ұнаған кітап – татар халқының патриот ақыны Мұса Жәлелдің “Соғады жүрек” еңбегі. Оның “Мао­бит” фашист концлагеріндегі қайтпас қайсарлықпен еліне ар­нап жазған жан толқытар өлең­дері мені тәнті қылған еді. Сол сәт­те менің де жүрегімде отансүй­гіштік сезім пайда болды. Оның өлеңдерінде халқына, тіліне де­ген махаббаты жанып тұрғандай әсер алдым.

Ақын-жазушыларды елде бо­лып жатқан әлеуметтік мәселелер алаңдатар болса, мені де қазақ ті­лінің мәртебесі толғандырады. Ме­ніңше, біздің елде қазақ тілін білу және сол тілде сөйлесу ұш­таспай тұр.

Оқу орталықтары отыз жыл бойы қазақ тілін үйретіп жатқаны­мен, қазақша сөйлеген қоғамды көр­ген жоқпын. Неге? Өйткені бі­ліп тұрса да, бір-бірімен өз тілінде сөйлеспейді. Кеңес заманынан қал­ған құлдық санадан әлі күнге дейін айырыла алмай келеміз.

Менің таза қазақ ауылында туып, Қызылжар­дағы қазақ мек­тебін бітір­геніммен, институтты жылап еңі­реп жүріп орысша оқуы­ма тура кел­ді. Оқу бітірген соң орысша жаздық, сөйледік. Ал қа­зір заман басқа, бірақ түсінік сол қалпы. Бізді көршінің тілінде сөй­леуге біреу мәжбүрлеп жатқан жоқ, тек құлдық сананың құрығы­нан құтыла алмай жүрміз. Сон­дық­тан балаларымыздың тілі қа­зақша шықсын, бай тілімізді мең­герсін десек, ертегі, жыр-дастан­дарды оқытып, тәрбиелеу керек. Кітап оқу арқылы тіл байлығын молайтқан бала қазақ тілінің қол­даныс аясын кеңейтуге үлес қоса­ры анық.

Марал ОСПАНОВА,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp