«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Зығыр майы сұранысқа ие

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған соңғы Жолдауында экспорттық әлеуетті арттыруға үлкен басымдық берді. Мұның өзі шикізаттың құбылмалы бағасынан сақтанудың кепілі және ұлттық экономиканың сапалы әрі сұранысқа ие тауар өндіру, сонымен бірге сан-салалы қызмет көрсетудің көрсеткіші болып саналады. Осы себепті шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемін 2025 жылға қарай 41 млрд. долларға дейін жеткізу міндеті қойылып отыр. Бұл орайда Мемлекет басшысы атап өткендей, әлемде кең қолданылатын экспорттық несиелерді субсидиялау тетігін экспорттаушыларға ешқандай кедергісіз жедел жеткізу және қаражатты есеппен жұмсау маңызды. Бұдан бөлек, қазақстандық тауар түрлерін сыртқы нарыққа шығару жолында логистикалық жүйені жетілдіруге назар аударылып, темір жол саласын күшейту міндеттелді. Осылайша екіжақты еркін сауда орталықтары бойынша қызмет көрсету жұмыстары белсенді түрде жалғасатын болады.

Жоғары технологиялы тауарлардың және қызметтердің өндірушілері мен экспорттаушылары үшін жасалатын мұндай  тиімді әрі қолайлы ахуал белсенділік пен ізденісті арттыра түсетінін тәжірибеден жақсы білемін. Мен өзім көп жыл ауыл шаруашылығы құрылымына жетекшілік етіп, 2011 жылы жеке кәсіппен шұғылдануға шешім қабылдадым.  Алдымен “Кан-Жамбыл”, сосын “Династия агро” серіктестіктері құрылды. Сөйтіп, отбасылық бизнесті жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп кеттік. Майлы дақыл өсіре жүріп, бірде қашанғы шикізатқа иек арта береміз, неге зығыр майын өндірмеске деген ой келді. Бұл бағытта Қазақстанның мүмкіндігі зор болғанымен, өзіміз құнттай бермейтінімізді ұғынып, алдымен еуропалық нарықты зерттеп көруді жөн көрдім. Франция мен Германияның зығыр экспортына ерекше ден қойдым. Дайын өнімдерді сатумен ғана шектелмей, “Бизнестің жол картасы” мемлекеттік бағдарламасы арқылы 35 млн. теңге несие рәсімделіп, 2016 жылы алғашқы өңдеу цехы іске қосылды. Өнім Қытайға жөнелтілді. Ресейлік компания­лар да қызығушылық танытып, Екатеринбургтан, Омбыдан сұ­ра­ныс түсе бастады.

Жалпы зығыр дәнін сығымдау арқылы алынатын өнім құрамы бойынша бағаланады.  “Омега-3”-тің шекті мөлшері 63 пайызға дейін жетеді. Қаныққан май қышқылдарының мөлшері – 60-80 пайыз, оның 30-60 пайызы – линоль қышқылы. Мұндай жоғары үлес балық, зәйтүн майында да жоқ. Оның асқазан-ішек, жүрек-қан тамырлары ауруларына қарсы емдік, дәрілік мақсаттағы қасиетін жете білмейтініміз, мұның бәрі– тамақтану мәдениетінің төмендігінен.  Осы жылдар ішінде ауданымыз табиғи-климаттық жағынан майлы дақылдар өсіріп,  сапалы зығыр майын алуға қолайлығын байқатты. Мынандай қызық жағдай да болды. Канада мен Польшада орналасқан екі кәсіпорын зығыр майынан биактивті қоспа өндіреді.  Біз шетелдік әріптестермен тығыз байланыс орнатып, үлгілерін алып,  пайдаланып жүрдік. Олардың мамандары менің “омега-3”-тің ең жоғары үлесі қанша болуы керек деген сұрағыма “45” деп жауап берді. Біздің сынаманың нәтижелерін көріп, таңданысын жасыра алмады. Өкілдерін жіберіп, еуропалық стандарттарға толық жауап беретін сапалы өнім екеніне көздерін жеткізді.

Бастапқыда 520 гектар алқапқа майлы дақылдар егіліп, біртіндеп 3 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Қазір шикізаттан тапшылық көріп отырған жоқпыз. Кәсіпорын заманауи технологиялармен жаңғыртылып, екінші желі пайдалануға берілгеннен кейін тәуліктік өнімділік 20 тоннаға дейін жеткізілді. Біз техникалық зығыр майын өндірумен де айналысамыз. Ол ағаш беттерін өңдеуге қолданылады, экологиялық жағынан таза, денсаулыққа зияны жоқ. Нарық көздері Ресей, Моңғолия, Польша, Италия және Жапонияға дейін кеңейтіліп отыр. “Живое” атауымен шығарылып, брендке айналды. Бірнеше ірі компаниямен келісімшарт жасалған. Былтыр 360 тонна зығыр майы, жарты мың тонна күнжара шығарылды.  Күнжара протеинге бай, мал азығы ретінде пайдаланылады.

Бүгіндері төрт мыңнан астам қазақстандық тауар түрлері әлемдік нарыққа шығарылады. Пандемия кезінде шекаралар жабылып, экспорттар легіне тоқтау салынса, бүгінде дәстүрлі бағыт қайтадан жандана бастады. Дегенмен  сапалы әрі экологиялық таза өнімдер экспорты бойынша кедергілер жоқ емес. Контейнерлер қозғалысының нақты орналасқан жері – шекаралық аймақтарда кідіру себептері тым ұзаққа созылып кетіп, еркін сауда қызметіне кері әсерін тигізіп жатады. Соның салдарынан қараша айында жөнелтілген  бір цистерна өнім ақпан айында бірақ жетеді.

 Астық қабылдау пунктіміз,  өнімділік ылғалдылығын тексеретін зертханамыз бар. Өкінішке қарай, еліміз қалдық заттардың құрамын анықтайтын зертханалармен қамтамасыз етілмеген. Амалсыздан сынамаларды бағалауда трейдерлер қызметіне жүгінеміз. Ол үшін кемі екі ай уақыт жоғалтамыз. Қажетті зертханалармен жабдықтаса, жақсы болар еді.

Соңғы жылдардағы зор жетістігіміз – Жапониямен тікелей экспорттық толыққанды қатынастың жолға қойылуы. Зығыр мен күнбағыс майының үлгілері екі рет жіберіліп, сапалық құрамы жоғары бағаланды.

 Владимир КАН, “Династия агро” ЖШС-ның директоры.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp