«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛҚЫНА ҚАЛҚАН БОЛҒАН ҚАҺАРМАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгін 25 мамыр – азат елдің арыстан жүректі батыр ұлдарының бірі – Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің туған күні. Генерал Сағадат Нұрмағамбетовтің дүниеге келгеніне 100 жас толып отыр.

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов – ел әскерінің мақтанышы әрі армияның іргетасын қалаушы. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштердің барлық жауынгерлік буыны үшін ол – табандылықтың, батылдықтың және Отан алдындағы антына шын берілген тұлғаның үлгісі. Оның өзіне тән қайсарлық, мақсат қойғыштық және әскери антқа адалдық секілді қасиеттерінің арқасында Қазақстан әскери саласын сақтап қана қоймай, оны дамытты.

Майдан жолдарын бастан аяқ жүріп өткен, ерлігі ұрпақ жүрегінен өшпес орын аларлық алып тұлға 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында (бұрынғы Алексеев ауданы) өмірге келген. 1942 жылы өз еркімен әскерге шақырылып, әскери комиссариаттың ұсынысымен әскери училищеге жіберілді. Оқуын бітірген соң 1943 жылдың сәуір айында майданға аттанды. Осыдан кейінгі екі жыл бойы пулемет ротасының станокты пулеметшілер взводының командирі, кейін алғы шептегі қиян-кескі ұрыстардағы ұйымдастырушылық қабілеті, ержүректілігі, жауынгерлік табыстары үшін пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі лауазымында жауға қарсы шайқасты.

1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі жауынгерлік тапсырманы ержүректілікпен орындап, көрсеткен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осыдан соң өз батальонын асқан шеберлікпен басқарып, жаудың табанды қарсылығына ойсырата соққы бере отырып, Берлинге басып кірді. 24 сәуірде болған осы ұрыста майор Сағадат Нұрмағамбетовтің батальоны 45 жау солдатын, 9 тірек бекетін жойып, 1560 гитлершіні тұтқынға алып, өзі жараланды. Рейхсканцелярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысып, қаһарман қазақ ұланы соғысты Берлинде аяқтады. Батальон командирінің бұл ерлігі – атқыштар полкының полк және дивизия командирі тарапынан екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағын алуға, екінші рет “Алтын Жұлдыз” медалімен марапатталуға ұсынылуына себеп болды.

1946-1949 жылдар аралығында Мәскеудегі М.И.Фрунзе атындағы Әскери академияны тамамдап, Орта Азиядағы Түркістан әскери округіне полк басқаруға жіберілді. Содан соң әртүрлі штабтық, командалық лауазымдарда, оның ішінде Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік топ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары (Венгрия) қызметін атқарды. КСРО Қарулы Күштері Бас штабының академиясындағы курстарда оқыды.

Сағадат Қожахметұлы 1989 жылдан бастап Қазақ КСР соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіндегі Ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектері істері комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1991 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы 7 мамырда Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

1994 жылғы 23 мамырда сол кедегі Мемлекет басшысының Жарлығымен Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке Халық Қаһарманы атағы мен  “Алтын Жұлдыз” медалі табыс етілді. 1995 жылғы қарашада армия генералы атағымен отставкаға шығып, ел Президентінің кеңесшісі болды. 1971-1994 жылдары республика Жоғарғы Кеңесіне бірнеше мәрте депутат болып сайланды. Үкімет Қаулысымен Астана қаласындағы “Жас ұлан” мектебіне армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді. Оның жауынгерлік және қайраткерлік өмір жолындағы ерліктері мен еселі еңбектері жоғары бағаланып, көптеген КСРО наградаларымен, Қазақстанның және шетелдердің ордендерімен марапатталды.

Сағадат Нұрмағамбетов соғыстың өнбойында алдыңғы қатардан көрінді. Ол жауынгерлік бөлімдерді, бөлімшелер мен құрамаларды басқарды. Дәл мұндай қызмет қан сасыған соғыста тек ерлік көрсеткен батыр командирлерге ғана сеніп тапсырылатыны белгілі жайт. Талай рет өлімге қасқайып қарсы тұрған жас офицер Сағадаттың батальон бөлімшесінің командирлігіне дейін көтерілуі оның ұйымдастыру қабілетінің күштілігі еді. Оның бұл қабілеттерін соғыс даласында дәлелдеген нақты айғақтар жетерлік.

Сағадат Нұрмағамбетов басқарған батальонның ерлігі мен ержүректілігі үшін тағылған “Алтын Жұлдыз” медалі батырға лайық марапат екенін ел-жұрты жақсы түсінеді. Екінің бірі қол жеткізе алмаған атақты арқалаған батыр кішпейіл де қарапайымдылығынан бір айнымаған. Ал ұлы жеңіс турасындағы бір кітабында: “Соғыс сабақтары бізді көп нәрсеге үйретті. Ең бастысы, аға ұрпақтың жеткен жетістігін бағалай білу керек. Бүгінгі жастар олардың жауынгерлік дәстүрлерін сақтап және жаңғырта отырып, бейбіт жолмен алға ұмтыла беруі тиіс. Мен барлық соғысқа қатысқан адал адамдар секілді 1945 жылдың мамыр айынан бері бұл туралы ойларымды бір сәт те естен шығарған жоқпын. Жеңіс күні – көптеген халықтың, соның ішінде Қазақстанның демократия еркіндігі мен егемендігінің бастауы, жаңа өмір бастауы іспеттес”, – деп ағынан жарылып, егжей-тегжейлі айтып өткен екен.

“Еліміз егемендікке қол жеткізген шақта республиканың аумақтық тұтастығын қорғау үшін не қажет? Еліміздің қорғаныс саласын кім басқарады?” деген сұраққа сол кездегі Президент: “Телегей теңіз тәжирбесімен тек Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов” деп бірден кесіп жауап бергені ел есінде. Егемендігін енді алған Қазақстанның өз әскерін құру тәжірибесі болмағаны анық. Дербес Қарулы күшімізді құруға қабілет, одан қалса үлкен тәжірибе керектігі айтпаса да түсінікті жайт екенін қалың ел тегіс біледі. Бойында адамгершіліктен бөлек, үлкен даналық қасиет бар Сағадат Нұрмағамбетов кез келген мәселені шешуде оңтайлы жол таба білетін шеберлігі мен басқа да әскери мол тәжірибесінің арқасында өз қабілетін барынша жетілдіріп, қарапайым мінезімен бәрімізге үлгі, нағыз әскери маман екенін дәлелдеп, ел азаматына лайықты жұмыстар атқарды.

Қазақстан Республикасының бірінші Қорғаныс министрі нағыз істің адамы болды. Ол өз қарамағындағыларын әрдайым нақты нәтижеге қол жеткізуге бағыттады. Еңбек демалысында жүрсе де, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов әскери өмірден қол үзбей, Қарулы Күштердегі іс барысына жіті көз тігіп отырды. Өмірінің соңына дейін әскер күшінің дамуына, әскери кадрлардың өсуіне қамқорлығын аямады. Ақылшы да, кеңесші де болды. Бойында қазақ халқына үлгі боларлық қасиеті мол болса да, “мен батырмын” деп атан көтере алмас атағын ешқашан бұлдаған емес.

Бар саналы ғұмырын туған елінің қауіпсіздігі мен қорғаныс саласын нығайтуға арнаған ірі әскери қайраткер халқының шынайы зиялысы, қадірменді ақсақалы болды.

Сағадат Нұрмағамбетов – қазақ халқының мақтанышы. Біз қайда жүрсек те, ол кісінің өшпес еңбегі мен ерлігін барынша насихаттап, қазіргі жастарды патриоттыққа тәрбиелеу үшін осындай ерлік істерін, еңбектерін айтып жүруіміз керек. Сол арқылы қазақтың рухын көтеріп, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелей аламыз. Ел жастарының  намысы, рухы оянады.

Бақытжан СЕМБАЕВ,

отставкадағы полковник.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp