«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АШ КӨЗІҢДІ, ОЯНЫП!”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ әдебиеті мен ғылымы­на, педагогикасы мен баспасө­зіне өлшеусіз үлес қосып, негізін қалаған Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының өмірінен сыр шертер көркем фильм көрер­мен­ге жол тартты. “Соңғы үкім” туындысы ұлт ұстазысының өмір кезеңдерінен, қайраткерлік жолынан, ұлты үшін еткен ерен еңбегінен хабар береді.

Өткен ғасырдың басында Орынборда жарық көрген “Ма­са” жинағында ақын:

Қазағым, елім,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді, оянып!

Қанған жоқ па, әлі ұйқың?

 Ұйықтайтын бар не сыйқың, – деп ұлтына сөз арнап, ұйқы­дағы халқын жырымен оятқысы кел­ген.

Өзінің туған халқына деген адал ниеті жайлы қаламгер “Қа­зақ” газетінде жариялаған Жан­ша Сейдалинге арнаған ха­тын­да “Сіздің де, біздің де ой­ла­ғанымыз қазақтың азып-тозбас қамы. Сіздің де, біздің де ниеті­міз қазақтың азып-тозбасына қызмет ету. Тілегіміз қазақ халқы басқа халықтармен қатар жұрт қалпында ғұмыр шегуге басқа­ларға теңелсе екен”, – депті.

Саналы ғұмырында сан са­ла­да талмай еңбек етіп, қазақ­тың басқамен терезесін теңес­тіруді арман еткен арысымыз жайлы фильмді түсіру 2022 жылы басталған. Екі жыл бойы Алматы, Семей, Жетісуда тү­сірілген туындыда тарихи тұлға­ның рөлін Азамат Сатыбалды сомдайды. Сценарий авторы – Ғалым Доскен. Режиссерлері – Ерген Тоқмырзин мен Ерлан Нұрмұхамбетов.

Тұтас ұлтқа ұстаз болып, жол көрсеткен тұлғаға арналған туын­дының жарыққа шығуын жұртшылық зор қуанышпен қа­был алды. Өткен жылы Міржа­қып Дулатұлы жайлы фильмге кезекке тұрып, кинозалдарды лық толтырған ағайын осы жолы да игі істен шет қалмайтынына сенім мол.

Кешеден бері жергілікті кино­театрларда “Соңғы үкім” фильмі­нің көрсетілімі басталып кетті. Туындыны алғашқылар­дың бірі болып өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов те тама­шалады. Қызылжарлықтар фильмді қаладағы “City Mall” және “Dostyq mall” сауда ор­талықтарындағы кинозалдар­дан көре алады.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp