«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жазғы демалыс – жан саулығы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жазғы демалыс – балалар­дың ғана емес, ата-аналардың да асыға күтетін кезеңі. Өйткені ересектердің қолы босап, бала­ның оқуына қатысты қарбалас саябырлайды. Алайда жазғы ка­никулдың ата-анаға салар өзін­дік салмағы бар. Жазғы демалыс оқушылар үшін – ойын шыңдап, шы­ғармашылық қабілетін, түйсігін дамытып, денсаулығын нығай­та­тын кезең. Сондықтан әрбір ата-ана осы бастан оқу жылы аяқталысымен баласының қай­да және қалай демалатынын ой­ластыруы керек.

Жазғы демалысты қалай өт­кізу жөнінде қатып қалған қағида жоқ. Өйткені балалар әртүрлі ғой. Бір бала көпшіл, енді бірі жал­ғыздықты ұнатады. Бірақ бә­ріне тән бір ерекшелік – олар жаз­дан жаңалық, жаңа әсер, жаңа эмоция күтеді. Жаңа дос табуды қалайды. Әрине егер ата-ана жұ­мысбасты болса, онда баланың демалысын ұйымдастыру оңай­ға соқпайды. Ал егер демалыс­тары тұспа-тұс келіп жатса, жос­парлап, баланың тілегін де ұмыт­пай, таңдау мүмкіндігін беру қажет. Балаға не қызықты – сол бірінші кезекте тұруы тиіс. Егер ата-ана жұмыстан босай ал­май жатса, онда бірге серуен­деу­ге, кітап оқуға және оны тал­қылауға уақыт табуы керек. Бірге отырып фильм қараудың, отба­сы мүшелері жиналып, үстел басында ойын ойнаудың маңы­зы зор. Бұл отбасы мүшелерін жақындата түседі. Бала кішкен­тайынан қызықты сәттерді басы­нан көп өткерген сайын оның ішкі ресурсы молайып, ол жаңа құл­шыныспен, ниетпен сабаққа ба­ра­ды. Әрине ата-ананың көп жағ­дайда баламен шетелге шы­ғып, жаңа елдерді көрсетуіне мүмкіндігі жоқ. Бірақ қала сыр­тына, өзен-көл жағасына бару, да­лада ойын ойнау – қолжетімді. Бұл да бала өмірін қызыққа тол­тырады.

Баланы қабілетіне, қызығу­шылығына байланысты жазғы мектептерге орналастыруға, үйір­мелерге беруге болады. Мы­салы, бала 9 ай бойы оқып, бас­сейнге баруға мұршасы болма­ды. Жаз уақытында жүзуді үйре­нуіне болады. Бір сөзбен айтқан­да демалыс уақытындағы күн тәр­тібі баланың денсаулығына, тілегіне байланысты жасалуы ке­рек. Жалпы қатаң күн тәртібінен бас тартып, босаңсытуға, кеш жат­қызып, кеш тұрғызуға бола­ды. Демалыс болғандықтан бала физикалық, психологиялық тұрғыда демалуы керек. Тек та­мыздың соңғы апталарында бұ­рынғы күн тәртібіне біртіндеп көшкен жөн. Кеш жатқызу деге­німіз, түнгі сағат 1:00-ге дейін жү­руге рұқсат беру емес. Мысалы, сағат 23:00-ге дейін жүргізіп, та­ңертең сағат 10:00-де тұрғызу. Бі­рақ бала гаджеттерде отыратын болса, режім болуы тиіс. Ал егер далада өз қатарластарымен ойнап, құрбыларымен араласса, онда еркіндік берген жөн. Бала әлеуметтік жағынан қарым-қатынас жасай білуі керек. Кешке балалар үй жанына жиналып, кейде әңгімелесіп, жаңалық­та­ры­мен бөлісіп жатады. Бірақ ата-ана көзден таса жібермегені дұ­рыс. Егер бала ерте жатып, ерте тұрса, басқа балалармен ара­лас­паса, онда қызық­ты телефоннан іздейтін болады. Сондай-ақ баланың жас ерекше­лігін де есепке алу керек. Бас­тауыш сыныптың оқушылары қарым-қатынасқа онша жоқ, оларға көбіне ата-ананың айтқа­ны өтімді болып келеді. Жасөс­пірім шақта балаларға құрбыла­рымен бірге жүру қызықты, олар­дың айтқаны маңызды, бір топта болғанды қалап тұрады. Бұл да әлеуметтік жағынан жақсы жеті­луіне әсерін тигізеді.

Каникулға шығысымен-ақ кей балалар жазғы сауықтыру ла­геріне баруға асығады. Мұндай демалыстан бала тек ұтады. Жазғы сауықтыру лагерінің бала­ға пайдасы орасан зор. Ең бі­рінші бұл – ата-анадан бөлінудің жақсы жолы. Бала дербестікке, өз-өзіне қарауға, шешім қабыл­дауға үйренеді. Жаңа ортада бас­қа балалармен қарым-қатынас орнатып, өзін, басқаларды та­нып, бойындағы қабілеттері ашы­лып жатады.

Жазғы лагерьде күн тәртібі жақсы сақталады. Таңғы жатты­ғу, 4-5 мезгілдік тамақтану, түрлі үйірмелер, кешке би кештері бар. Әр күн белгілі бір тақырыпта өтіп, түрлі сайыстар ұйымдасты­рылады. Мұның маңыздылығы – бала командада, топта жұмыс іс­теуге үйренеді. Осы арқылы бала өз маңыздылығын түсініп, жауапкершілікті сезінеді. Қасын­дағы балаларды сыйлау, түсіну, басқа балалардан үлгі алу сияқ­ты көп әлеуметтік тәжірибе жинайды. Мен өзім жазғы ла­герьде тәрбиеші болғанмын, сон­дықтан маған жақсы таныс. Бала лагерьден кәдімгідей есейіп ке­леді. Ата-анасын сағынып, олар­дың да қадірін түсінеді. Кейбір кезде жазғы лагерьде балалар өздерінің алғашқы махаббатта­рын тауып жатады. Кей балалар бойларынан жаңа қабілеттерді ашып, спорттық жарыста жеңіп жатады. Енді бірінің әртістік қыры көрінуі мүмкін. Жазғы ла­герь стандартты емес, креативті жолдар арқылы өз бойындағы дарынын ашуға септігін тигізеді.

Бастауыш сынып оқушыларын, 7-8 жастағы балаларды қа­ланың ішінде жазғы лагерьге жібере беруге болады. Он жастан асқандар қала сыртындағы жазғы лагерьлерге барғаны дұрыс.

Жазғы каникулда бір мезгіл балаға кітап оқытқан жөн. Әдет­те ұстаздар демалыс алдында оқылуы тиіс кітаптар тізімін береді. Алайда балалардың көп­шілігі бұл тапсырманы орында­май келеді. Балаларды кітап оқу­ға баулу – мектептің, ұстаздардың ғана емес, қоғамның мәсел­есі. Себебі балалар кітап оқымайды. Қыркүйекте мұғалімдер­дің балалар берілген кітаптарды оқымапты деп налығанын үнемі көріп жүрміз. Бұл бір күнде ше­шілетін мәселе емес. Кітап оқу мәдениеті “күнде бір тамшы” әді­сімен қалыптасуы мүмкін. Осы тақырып бойынша мен бас­тауыш сынып оқушыларының ата-аналар жиналысында сөз сөйледім. Балалардың бойында білімге, кітапқа деген құмар­лық­ты қалай оятуға болады деген тақырыпта керемет пікірталас болды. Менің ұққаным, “оқы, оқы” деп айта бергеннен нәтиже жоқ, ересектер үлгі көрсетіп, отбасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруы керек. Яғни алдымен ата-ана қолына кітап алуы тиіс. Бұл бір күнде болатын нәрсе емес. Бірақ аз-аздап, күн­де көрсету арқылы баланы кітап­қа баули аламыз. Тағы бір еске­ретін жайт, бала оқитын кітабын өзі таңдауы тиіс. Ол үшін кітап дү­кеніне немесе кітапханаға барған дұрыс. Кейін оқыған соң мін­детті түрде мазмұнын сұраған жөн. Сондай-ақ Кассиль әдісін қолдануға болады. Яғни маңызды жерде тоқтатып қою. Мысалы, телефонда ойнап отырды, сіз бір кезде оны алып қойдыңыз. Ба­ланың ойыны қызық жерде үзіліп қалып, ол ойынан шықпайды. Сол сияқты кітапта да қызықты жерін ертеңге қалдыру керек, сонда қызығушылығы арта түседі.

Бала жаңа оқу жылына дайын болып, демалып, күш жи­нап баруы үшін ата-аналарға бірқатар кеңестерді ескерген жөн. Ең бастысы балаға еркіндік беріп, сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік жасау. Ол бір хобби бола ма, далада ойнаса да тыймау керек. Танымдық белсен­ділігін ата-ана қолдауы тиіс. Егер тоғыз ай бойы уақыттың көп бө­лігі оқуға арналса, ал демалуға, сүйікті іске бірнеше сағат қана бөлінсе, онда демалыс күндері уақыттың көп бөлігі сүйікті істерге арналуы керек. Жаз тез өте шы­ғады. Сондықтан тамыздың соңғы күндерінде оқушының күн тәртібі біршама қатаңдатылуы тиіс. Ешқандай сылтаусыз барлығы: ұйқы, үй шаруасы, серуендеу және жазғы үй тапсырмасын орындау уақытында орындалуы қажет. Мұндайда ағза стрессіз мектептің күнделікті өміріне тез бейімделеді.

Гүлдана ҚАЛИЕВА,

Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының педагог-психологі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp