Қырықтың бел ортасынан асып, елуге қадам басса да бойында күш-қуаты тасып тұрған, түрлі жарыстарда жастарға есе жібермей жүрген спортшылар бар. Солардың арасында облыстық деңдейдегі турнирлерді айтпағанда, халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген балуандармен мақтанамыз. Мәселен, Мамлют ауданының тумасы Дулат Алпысов күрестің бірнеше түрін меңгерген. Жақында ғана Азия үздігі атанды.
Дулат Алпысовтың кіндік қаны тамған жер – Мамлют ауданындағы Октябрь ауылы. Атауы бірнеше рет өзгертілсе де, жергілікті жұрт бұл елді мекенді байырғыша Көксау қорым деп атайды. Бүгіндері онда екі-үш үй ғана қалған. Бірақ жырақта жүрсе де туған ауылдарын ұмыт қалдырмайды. Біздің мақаламыздың кейіпкері де өзі туралы әңгіменің әлқиссасын атақоныстан бастауды жөн көрді.
– Кез келген адам кіші Отанымен мақтануы тиіс деп ойлаймын. Мен балалық шағымды Көксау ауылында өткердім. Мұнда білім алып, үлкен өмірге қадам бастым. Қазір Қызылжарда тұрсам да, облыстық жарыстарға Мамлют ауданының атынан қатысып жүрмін. Туған жеріме адалмын, – дейді Дулат Алпысов.
Ол қазір шекара қызметінде. Әскери салаға қадам басқанына он үш жыл болыпты. Осы аралықта қайсарлық пен өжеттілікті талап ететін мамандықтың қыр-сырын әбден меңгеріп алған. Шекара күзету үшін қырағылық қажет, бос уақыт та аздау. Сондықтан Дулат Алпысов қолы қалт етсе спорт залға қарай жүгіреді. Амалын тауып облыстық, республикалық, тіпті халықаралық жарыстарға қатысып жүр. Жеткен жетістіктері бір төбе.
– Бала күнімнен спортпен айналысып келемін. Алғаш рет күрес үйірмесіне 5-ші сыныпта оқып жүргенде жазылдым. Ол кезде еркін күрес пен грек-рим стиліндегі белдесулер танымал еді. Ал жоғары сыныптарда ұлттық спортымыз – қазақ күресіне аңсарым ауып, қалалық және аудандық сайыстарда бағымды сынай бастадым. Есейе келе самбомен айналысуға бел будым. Студенттік шақта да талай жарыстарға қатысып, жастар арасындағы турнирлерде жүлдегер атандым, – дейді ол.
Күрестің бірнеше түрін меңгергенімен, ұлттық спортымызға деген махаббаты ерекше. 2011-2016 жылдар аралығында бірнеше рет “Қазақстан барысы” турнирінде Қызылжардың намысын қорғады. Республикалық додада жүлдеге ілінбегенімен қазақ күресін тастаған жоқ. Керісінше өзін қайрай түсті.
– Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Бір турнирде сүрінсең, келесі жолы айың оңынан туады. Мен де бірде жеңілістің ащы дәмін татсам, кейін міндетті түрде жүлдегерлер қатарынан көрінемін. Мәселен, 2013 жылы республикалық жарыста жеңілдім. Алайда кейін самбодан ТМД елдерінің шекарашылары арасындағы додада үш жыл қатарынан қола жүлдеге қол жеткіздім. 2023 жылы Семейде самбодан шеберлер бәсекесінде тағы үшінші орынды олжаладым, – дейді Дулат Алпысов.
Балуанның жасы қазір 45-ке келсе де, боз кілемнен кететін ойы жоқ. Соңғы уақытта дзюдо күресін де меңгеріп алған. Мәселен, өткен жылы жерлесіміз Алматыда осы спорт түрінен республикалық сайысқа қатысып, күміс медаль еншілеген.
– Спорт жасқа қарамайды. Бүгіндері жасөспірімдер, жастар, ересектер және ардагерлер арасында түрлі жарыстар өткізіліп тұрады. Биыл мен үш бірдей жарыста бақ сынадым. Астанада самбодан үшінші орын алсам, Ақтаудағы Азия және Океания елдері арасындағы біріншілікте жеңімпаз атандым. Сондай-ақ биыл кезекті рет “Қызылжар барысы” турнирінде белдестім, – дейді ардагер спортшы. Ақтауда өткен самбодан Азия және Океания елдерінің чемпионатында Дулат Алпысов Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Моңғолияның балуандарымен күресіп, барлығының жауырынын жер иіскеткенін айта кеткен жөн. Қырығында қамал алып, Азияда үздік атанған жерлесіміз енді ердің жасы елуде әлем чемпионы болсам деп алдына мақсат қойып отыр. Тегі Алпысов болған соң алпыс жасқа дейін күрессе де артық емес.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.