«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Алпысов алпысқа дейін күресе ме?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қырықтың бел ортасынан асып, елуге қадам басса да бойында күш-қуаты тасып тұрған, түрлі жарыстарда жастарға есе жібермей жүрген спортшылар бар. Солардың арасында облыстық деңдейдегі турнирлерді айтпағанда, халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген балуандармен мақтанамыз. Мәселен, Мамлют ауданының тумасы Дулат Алпысов күрестің бірнеше түрін меңгерген. Жақында ғана Азия үздігі атанды.

Дулат Алпысовтың кіндік қаны тамған жер – Мамлют ау­данындағы Октябрь ауылы. Атауы бірнеше рет өзгертілсе де, жергілікті жұрт бұл елді ме­кенді байырғыша Көксау қорым деп атайды. Бүгіндері онда екі-үш үй ғана қалған. Бірақ жырақ­та жүрсе де туған ауылдарын ұмыт қалдырмайды. Біздің мақа­ламыздың кейіпкері де өзі туралы әңгіменің әлқиссасын ата­қоныстан бастауды жөн көрді.

– Кез келген адам кіші Ота­ны­мен мақтануы тиіс деп ойлаймын. Мен балалық шағымды Көксау ауылында өткердім. Мұнда білім алып, үлкен өмірге қадам бастым. Қазір Қызыл­жар­да тұрсам да, облыстық жарыс­тарға Мамлют ауданының атынан қатысып жүрмін. Туған жеріме адалмын, – дейді Дулат Алпысов. 

Ол қазір шекара қызметінде. Әскери салаға қадам басқаны­на он үш жыл болыпты. Осы ара­лықта қайсарлық пен өжеттілікті талап ететін мамандықтың қыр-сырын әбден меңгеріп алған. Ше­кара күзету үшін қырағылық қажет, бос уақыт та аздау. Сондықтан Дулат Алпысов қолы қалт етсе спорт залға қа­рай жүгіреді. Амалын тауып об­лыстық, республикалық, тіпті ха­лықаралық жарыстарға қаты­сып жүр. Жеткен жетістіктері бір төбе.

– Бала күнімнен спортпен айналысып келемін. Алғаш рет күрес үйірмесіне 5-ші сыныпта оқып жүргенде жазылдым. Ол кезде еркін күрес пен грек-рим стиліндегі белдесулер танымал еді. Ал жоғары сыныптарда ұлт­тық спортымыз – қазақ күресіне аңсарым ауып, қалалық және аудандық сайыстарда бағымды сынай бастадым. Есейе келе сам­бомен айналысуға бел бу­дым. Студенттік шақта да талай жарыстарға қатысып, жастар арасындағы турнирлерде жүл­де­гер атандым, – дейді ол.

Күрестің бірнеше түрін мең­гергенімен, ұлттық спортымыз­ға деген махаббаты ерекше. 2011-2016 жылдар аралығында бірнеше рет “Қазақстан бары­сы” турнирінде Қызылжардың намысын қорғады. Республика­лық додада жүлдеге ілінбегенімен қазақ күресін тастаған жоқ. Керісінше өзін қайрай түсті.

– Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Бір турнирде сү­рінсең, келесі жолы айың оңы­нан туады. Мен де бірде жеңі­лістің ащы дәмін татсам, кейін міндетті түрде жүлдегерлер қа­тарынан көрінемін. Мәселен, 2013 жылы республикалық жа­рыста жеңілдім. Алайда кейін самбодан ТМД елдерінің шека­рашылары арасындағы додада үш жыл қатарынан қола жүлде­ге қол жеткіздім. 2023 жылы Се­мейде самбодан шеберлер бә­секесінде тағы үшінші орынды олжаладым, – дейді Дулат Ал­пысов.

Балуанның жасы қазір 45-ке келсе де, боз кілемнен кететін ойы жоқ. Соңғы уақытта дзюдо күресін де меңгеріп алған. Мәселен, өткен жылы жер­лесіміз Алматыда осы спорт тү­рі­нен республикалық сайысқа қатысып, күміс медаль еншілеген.

– Спорт жасқа қарамайды. Бүгіндері жасөспірімдер, жас­тар, ересектер және ардагер­лер арасында түрлі жарыстар өт­кізіліп тұрады. Биыл мен үш бірдей жарыста бақ сынадым. Астанада самбодан үшінші орын алсам, Ақтаудағы Азия және Океания елдері арасындағы біріншілікте жеңімпаз атандым. Сондай-ақ биыл ке­зекті рет “Қызылжар барысы” турнирінде белдестім, – дейді ардагер спортшы. Ақтауда өт­кен самбодан Азия және Океа­ния елдерінің чемпионатында Дулат Алпысов Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Моң­ғолияның балуандарымен кү­ресіп, барлығының жауыры­нын жер иіскеткенін айта кеткен жөн. Қырығында қамал алып, Азияда үздік атанған жерлесіміз енді ердің жасы елуде әлем чем­пионы болсам деп алдына мақсат қойып отыр. Тегі Алпысов болған соң алпыс жасқа дейін кү­рессе де артық емес.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp