Қазақ әдебиеті мен ғылымына, педагогикасы мен баспасөзіне өлшеусіз үлес қосып, негізін қалаған Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының өмірінен сыр шертер көркем фильм көрерменге жол тартты. “Соңғы үкім” туындысы ұлт ұстазысының өмір кезеңдерінен, қайраткерлік жолынан, ұлты үшін еткен ерен еңбегінен хабар береді.
Өткен ғасырдың басында Орынборда жарық көрген “Маса” жинағында ақын:
Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді, оянып!
Қанған жоқ па, әлі ұйқың?
Ұйықтайтын бар не сыйқың, – деп ұлтына сөз арнап, ұйқыдағы халқын жырымен оятқысы келген.
Өзінің туған халқына деген адал ниеті жайлы қаламгер “Қазақ” газетінде жариялаған Жанша Сейдалинге арнаған хатында “Сіздің де, біздің де ойлағанымыз қазақтың азып-тозбас қамы. Сіздің де, біздің де ниетіміз қазақтың азып-тозбасына қызмет ету. Тілегіміз қазақ халқы басқа халықтармен қатар жұрт қалпында ғұмыр шегуге басқаларға теңелсе екен”, – депті.
Саналы ғұмырында сан салада талмай еңбек етіп, қазақтың басқамен терезесін теңестіруді арман еткен арысымыз жайлы фильмді түсіру 2022 жылы басталған. Екі жыл бойы Алматы, Семей, Жетісуда түсірілген туындыда тарихи тұлғаның рөлін Азамат Сатыбалды сомдайды. Сценарий авторы – Ғалым Доскен. Режиссерлері – Ерген Тоқмырзин мен Ерлан Нұрмұхамбетов.
Тұтас ұлтқа ұстаз болып, жол көрсеткен тұлғаға арналған туындының жарыққа шығуын жұртшылық зор қуанышпен қабыл алды. Өткен жылы Міржақып Дулатұлы жайлы фильмге кезекке тұрып, кинозалдарды лық толтырған ағайын осы жолы да игі істен шет қалмайтынына сенім мол.
Кешеден бері жергілікті кинотеатрларда “Соңғы үкім” фильмінің көрсетілімі басталып кетті. Туындыны алғашқылардың бірі болып өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов те тамашалады. Қызылжарлықтар фильмді қаладағы “City Mall” және “Dostyq mall” сауда орталықтарындағы кинозалдардан көре алады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.