«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ескіні есептен шығарған жөн

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Негізгі құралдар мен тауар-материалдық құндылықтарды есептен шығарудың, тозуын есептеудің өз тәртібі бар. Ұзақ пайдалану салдарынан негізгі құралдар ескірмей тұрмайды. Осы себепті құны кеміп,  материалдық да, материалдық емес те активтерге жатқызылуы мүмкін. Сол кезде оның жалпы сомасы активті пайдаланудың қалдық құнының әрбір кезеңіне, сондай-ақ құнды біркелкі төмендетуге негізделген әдіске негізделіп есептеледі. Тозуды есептеу барысында активтің бастапқы құнын айқындау, тозу нормаларына сәйкес оны пайдалану мерзімін белгілеу, есептеу әдісін таңдау, әрбір есепті кезеңге тозу сомасын есептеу және бухгалтерлік есеп пен есептілікте тозуды көрсету шарт. Бұл талаптар бухгалтерлік есеп мақсаттары үшін жасалып, есепке алудың міндеттілігін, заңнамаға сәйкес есептеу әдісін қолданудың дұрыстығын, сондай-ақ тексерулер мен аудит үшін тиісті құжаттаманың және есептеулер негіздемесінің болу қажеттілігін айқындайды. Егер пайдалану мерзімінде өзгерістер немесе активпен байланысты басқа да факторлар болған жағдайда есептелген тозуды қайта қарау талап етілуі мүмкін. Бұл бухгалтерлік есептілікті және салық базасын түзетуге әкеп соқтыруы ықтимал. Тозуды есептеу рәсімін неғұрлым егжей-тегжейлі зерделеу және активтерді есепке алудың дұрыстығын қамтамасыз ету үшін қаржы мамандарымен немесе аудиторлармен ақылдасу артықтық етпейді.

Негізгі құралдарды есептен шығару активтердің тозуы мен ескіруін есепке алу, сондай-ақ бухгалтерлік есептің дәлдігі мен дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатымен жүргізіледі. Оған физикалық тозу және пайдалану қасиеттерін, нарықтық құнды жоғалту, мүлікті сату немесе бұзу, қайта ұйымдастыру болмаса қызметін тоқтату себеп болуы мүмкін. Есептен шығару үдерісі активтiң ағымдағы құнын бағалауға, активтi есептен шығару туралы шешiм қабылдауға, одан әрі бухгалтерлiк операциялар жүргiзуге және тиiстi құжаттаманы ресiмдеуге жалғасады. Негізгі құралды есептен шығару актісін рәсімдеу, есептен шығару үшін негіздемелерді есепке алу, ішкі және сыртқы аудиторлық тексеру үшін құжаттарды сақтау маңызды. Оның соңы баланстық активтер құнының азаюына әкеледі, пайда мен қаржылық көрсеткіштерге әсер етеді,  негізгі құралдарды басқаруды оңтайландыруға ықпал етеді.

Тұтастай алғанда, негізгі құралдарды есептен шығару активтерді жаңарту және оңтайландыру үшін қажет, ал үдерістің бақылау сипаты мүлікті басқаруды жақсартуға игі ықпал етеді. Ең бастысы, заңнама мен бухгалтерлік есеп ережелері қатаң сақталуы тиіс.

Тауарматериалдық құндылықтарды есептен шығару кәсіпорындағы шығындар мен залалдарды есепке алу, қаржылық есепке алудың дұрыстығын қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылады. Бұл үрдіс ескірген қорларды, зақымданулар мен бүлінулерді, ұрлықтар мен жоғалуларды, тауарлардың жарамдылық мерзімінің аяқталуын қамтиды. Бұл жағдайда құндылықтардың санатын айқындаудың, жоғалған құндылықтардың құнын бағалаудың, есептен шығару актiсiн рәсiмдеудiң, бухгалтерлiк операцияларды жүргiзудiң және мүдделi тараптарды хабардар етудің мәні айрықша. Оның маңызды бөлігі құжаттама болып табылады. Есептен шығару актісіне жауапты тұлға мен келісуші тұлғаның қолы қойылып, есептен шығару фактісі мен себептері расталады. Шығындар есебін жүргізу және пайдасын азайту, тауар-материалдық құндылықтар айналымы үдерістерін бақылау және шығындарды қысқарту қорларды оңтайландырудың бір көзі іспеттес.

Тауар-материалдық құндылықтарды есептен шығару қаржылық есепте маңызды рөл атқарады. Үдерістің нақтылығы мен құжатталуы ашықтыққа және бақылауға, кәсіпорынның қаржылық көрсеткіштеріне, экономикалық қызметіне айтарлықтай әсер етеді.

Дариға КАМАЛИЕВА,

облыстық мүлік және жекешелендіру департаменті қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp