Көктемгі қызыл судың арыны қайтқанымен, әлі де өзектілігін жоймаған мәселелер баршылық. Қазіргі уақытта су тасқынының ауыр зардаптарын шұғыл түрде жоюдың, одан зиян шеккен отбасылардың шеккен шығындарын өтеу, жайлы баспанамен қамтамасыз ету, инфрақұрылымдарды жөндеу жұмыстары кешенді түрде атқарылуда. Осынау бүкілхалықтық шаралардың бел ортасында құқық қорғау органдарының қызметкерлері де жүр. Адамдарды қауіпті аймақтардан эвакуациялауға, ықтимал қылмыстардың алдын алуда аумақтық патрульдік топтар жан-жақты жәрдемдесті. Олардың қатарында облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасы алдыңғы шептен көріне білді. Күн сайын кезекшілікке шығып отырды. Заречный кенті бойынша қиындыққа душар болған тұрғындарды эвакуациялауға, сондай-ақ “Birgemiz” еріктілер ұйымымен бірлесіп, Қызылжар ауданы Тепличное ауылының аумағында бөгетті нығайтуға белсене қатысты. 1-ші және 2-ші полиция батальондары басқару аппаратының қызметкерлері мен жеке құрамы Мағжан Жұмабаев ауданына азық-түлік пен киім-кешек жеткізуге жәрдемдесті. Батальон командирінің орынбасары, полиция майоры Ж.Көбеев кезекті еңбек демалысында жүргеніне қарамастан зардап шеккендерге көмек қолын созды. Басқарма қызметкерлері стратегиялық объектілерді бақылап, ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алып отырды.
Су тасқынынан кейін қаланы тазартып, қалпына келтіруге кірісіп кетті. “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында үйлерді абаттандыруға және сенбіліктерге қатысты.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.