«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Дәйекті күрес жемісін береді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоғамды іштен жегідей жеп тынатын жемқорлық адамзатпен бірге жасасып келеді деуге болады. Оны еңсеру бағытында атқарылып жатқан іс-шараларға, қолданылып жатқан небір тегеурінді тойтарыстарға қара­мастан тамырын тереңге жайып, өте-мөте қауіпті кеселге айна­лып отыр. Президент сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз кү­ресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдылықтардың бірі екенін атап өткен болатын. Заң үстемдігін орнатып, нағыз құқық­тық мемлекет құру жолында оның тамырына балта шабу баршахалықтық талап болып саналады. Осы себепті ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақ­ты­лыққа төнген қатер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кешенді бағдар­ламаны дәйекті түрде жүзеге асыру басты міндет болып қала береді.

“Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес туралы” Заң қабылдан­ғаннан бергі уақыт бедерінде бұл салада мол тәжірибе жи­нақталып, нақты іс-әрекеттер дәйектілікпен жүзеге асырылып келеді. Мемлекет пен қоғамның бірлігі және өзара сенімділігі ғана түпкілікті еңсеруге мүмкін­дік береді. Өз елінің болашағына алаңдайтын, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін еліміз­дің әр азаматы бұл мәселенің қан­шалықты өзекті екенін жақсы түсінеді. Осы орайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өз құзіреті ше­гінде оған қарсы төзбеушілік иммунитетін қалыптастырудың, білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шараларды жүйелі жүргізудің маңызы зор. Әрбір азаматтың бойында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқтығын ұялата білсек, осы дерттің одан әрі өршімеуінің басты себебі болар еді. Сыбайлас жемқор­лықпен күрес жөніндегі құқық қорғау органдары осы бағытты басты нысана еткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қыз­меті, полиция департамен­тінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы, ұлттық қауіпсіздік департаменті, арнаулы прокурорлардың бір­лесе қимылының арқасында биыл қоғамдық кеселді анықтау көрсеткіші 45,5 пайызға артты. Бүгінде қылмыстық қудалау ор­гандарының өндірісінде осы санаттағы 45 іс тіркелген. Сот үкімімен сегіз адам әртүрлі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Былтыр қалалық тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашы­лығы басшысының бұрын­ғы орынбасары мен “Коммунхоз” МКК-ның бірқатар мердігерлік ұйым­дарының жетекшілеріне қатыс­ты қылмыстық іс қаралды. Олар шаhар жолдарын жөндеу­де өзара келісімшарт жасасу бары­сында небір қитұрқылыққа бар­ған. Сметалық бағаны қым­бат­тату және орындалмаған жұ­мыс көлемін қабылдау нәтиже­сінде 26 млн. теңге мөлшерінде бюджет қаржысы жымқырылған. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жо­лаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бөлімінің қыз­меткері “Rixos Hotel Borovoe” қонақ үйінде тегін тұрған, келі­сімшартта көзделмеген ақша, квадрацикл мен өздері айырбас­таған көліктер құнының айырма­сын алған. Күдіктінің кінәсі куә­герлер, сараптама, істің мате­риалдары арқылы дәлелденді. Кінәлілер мемлекеттік қыз­метте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айырылып, әртүрлі мерзім­дерге сотталды. Мемле­кетке келген шығын толық өтел­ді. Сот үкімі 6 мамырда заңды күшіне енді.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жүр­гізілетін болады.

Аида БАБАСОВА,

облыс прокурорының аға көмекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp