«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Итгершілік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Құлағына қонған шыбынды мазасыздана сілкіп қойып көлең­кеде жатқан. “Бұл арсыз шыбындардың Маржанның жуылмай қалған қазанынан бастап қон­баған жерлері жоқ, менің құла­ғыма келіп қонбаса қанаты талып бара ма екен?”. Әбден зығырда­ны қайнап, тістемек болған, тісі сақ-сақ етіп ауа қармады да қал­ды. Біреудің көлеңкесі түсті. Бір аяғының қысқалығына қарап, ақсақ Елтай екенін білді де, ор­нынан тұрды. Түн ішінде ауласы­н­ың ішінде бүгежектеп терезені сығалап тұрған әлдекімді көрген кезде ұры ма деп сескеніп, бар кү­шін азу тісіне жинаған күйі тап берген. Елтайдың шолақ аяғы­нан қапқан екен. Таныс адамды қауып алғанына өзі де өкінді, иесі Маржан да маңдайынан сипай қоймады. Екі күн жуынды құйыл­м­аған итаяқ күннің көзіне кеуіп қал­ды. Сол күнгі айыбын жуып-шаймақ болып, құйрығын бұлғаң­дата еркелеп, Елтайдың шаң бас­қан балағын жалады. Аздап жы­миып, күлімсірегісі де келген. “Адамдар бақытты, ә? Күлкісі келсе күле алады…”.

– Ақтөс, Ақтөс! Өзі ақылды, жа­қын адамдарын түн ішінде та­нымай қалатыны болмаса, жақ­сы ит қой, – деп басынан сипаған Елтайды тіптен жақсы көріп кетті. Кешірімді, ақкөңіл жанды арсыз­дықпен тістеп алғанына қапалан­ғанын көзінің ағын молайтып, екі құлағын жымпитып қарап білдір­гісі келді. Таба нанның екі тілімін алдына тастай салғанда тіпті аб­дырап қалды Ақтөс. Алғыс айт­пақ болып, бір табанын көтере Елтайдың алақанына тосқан, бір уыс батпақпен былғап тастады. Ебедейсіздігі үшін жазасын күтіп, Елтайдың керзі етігіне жағының астын тосып еді. Күткен соққы­ның орнына Елтай құлағының түбін еркелете қасыды. Іші біртүрлі жы­лып, көзі жасаурағандай болды. Өзінің иесі Талап дүниеден өтке­лі маңдайы бір сипалмаған сор­лы басы мейірімге шөлдеп жүр еді. Орта жолда бұны сараң Мар­жанға қаратып кеткені үшін иесі­не де өкпесі бар. “Жүрегі нашар екен”, “Түбіне сол қу арақ жетті ғой”, “Ақкөңіл еді” деп жаназаға жиналған халықтан бұл да жұба­ныш күтіп, есік алдында елеусіз жатып алды. Мәйіт көтерген қауым­ның соңына тұра жүгірген алты жасар ұлға қосылып жан­ұшыра жүгіріп еді. Құбыладағы бейітке қарай бағыт алған ма­ши­наның шаңына көміліп, шырқырап жылаған баланы ересектер үйге қарай көтеріп әкетті. Иесінің алдындағы соңғы парызын осы­лай өтемек болып, өкпесі өшкені­не қарамастан, алты шақырым алыстағы бейітке машина соңы­нан ажырамастан жетті. Бәрін көзімен көрді, өлім дегенді ұқпаса да, әйтеуір енді иесін көрмейтінін білді.

Қабірші қауым тараса да, бейіт басындағы жас топырақты иіскелеп ұзақ жүрді. Талапқа тән арақтың ащы термен аралас иі­сін сезгісі келген, көктемгі көк шөп­тің тамырынан үзіле қопарылған топ­ырақтан өзгеше иіс келді. Жас қабірдің иісі, ажалға мойынұсына қоймаған өмірдің соңғы иісі осы болса керек…

Алдына тасталған екі тілім нан­ды азу тісімен екі асап жеп алды да, ұзын тілімен мұрыны­нан жалап, Елтайға еркелей қа­рады. “Ит тойған жерінде” дейді ғой, екі тілім нанға тоя қоймаса да, Елтайдың бойындағы мейірім мен кешірімшілдікті сезді, ит те болса. Жанымда аздап кідіріп, әң­гіме айтса деген қалауы да жоқ емес. Марқұм иесі арақ ішіп кел­ген күнгі үйіндегі ылаңнан кейін Ақтөсін келіп құшақтап, мұңын айтып ұзақ отыратын. “Итпен ит болып отырысын қара сорлы­ның” деген Маржанның зілді дауысына иесі “Ит те болса, Ақ­төс артық сендерден”, – дегенін естіп, аздап қомпаңдап қалатын. Елтай жанында көп кідірмеді. Бір жамбасын бұлтыңдатып, ақсақ­тап үйіне қарай кете барды.

Үйдің алдында босқа тамақ күтіп жата бергенше, ертең Елтайдың қойын қайтарысып, аздап қолғабыс етпекші ниетімен кө­лең­кеге келіп, шыбынға ермек бо­лып тағы жата бергені сол еді, іші солқ етті. Ет бауыры күйіп, аузы­на қанның дәмі келді. Тамағы құр­ғап, тілі аузына сыймай аласұр­ды келіп. Не болғанын шамалап та үлгермеді. “Кендебайдың кү­шіктей беретін қаншық итіндей етіп мені атып тастаған шығар”, – деп ойлады. Айналасына қарап, жағ­дайды анықтайтын шамасы жоқ, өліп барады. Ауа жетпейді, су ішсе жазылып кететіндей қың­сылап келіп, үйдің есігін тырна­лады. Иесі арақтан тұншығып өліп бара жатқан кезде де міз бақпаған Маржан бұның аузына су тамыза қоюы екіталай. Жан­ұшы­рып Елтай достың үйін бетке алып жүгіре жөнелді. Аяғынан әл кетіп, сүйретіліп, әрең жетті. “Елтай көрсе өлтіре қоймас, құтқа­рып алар мына кесапаттан”. Те­ре­зенің жабындысын ашып қара­ған Елтайдың сұлбасын көріп, есік­ке жүгірді кері. Сырт етіп ашылар есіктегі ілмектің дауы­сын күтіп жатты. Тұратын, жүре­тін әлі бітіп бара жатыр. Дәрменсіздігіне жылағысы келді. “Адам­дар бақытты ғой, жылағысы кел­се, көзінің жасын көл етіп жылай алады”. Арақтан босаған жәшікке салып күшік кезінде иесі алып келген үйге. “Жеті жүз теңгенің им­портный арағына ауыстырып ал­дым бұл күшікті”, – деп бағасын кө­теріп Ақтөсін мақтан ететін. Араққа бәстесетін ауылдың жігіттері жиналып тамашалайтын ит төбелесте иесін жерге қарат­пауға тырысып, бар жанын сала­тын. Құлағын жалбыратып тістет­ті, қолтығының астын да жыртып алды азулы иттерге. Бөрібасар атты итпен қызыл ала қан болып ақырына дейін төбелесіп, жеңіліп қалған күні иесі Талап та бір шыны араққа шығындалып ал­ған. Қабырғасының астына түс­кен жарақаты іріңдеп, шыбындап жүргенде де иесінің алдында өзін кінәлі сезініп, мыңқ етпеген Ақтөс қой бұл.

Есік ашылды ма екен деп бір ба­сын көтеріп қарап еді, көзінің алды тұманданып, бүкіл өкпесі ау­зынан ақтарылып түскендей лоқсыды. Жылағысы келіп еді, ыңы­рана ұлыды. Со­дан кейін ештеме сезбеді де.

Түнделетіп иттің өлексесін ая­ғынан сүйреп күл төгілген қоқыс басына қарай ақсақтап Елтай ке­тіп бара жатты. Күндіз нанға қос­қан улы дәрісінің қалғанын шұңқырға тастады да, үш-төрт күрек то­пырақпен бетін жаба салды. Ақтөсті көміп келгеннен кейін, терін басып салқын суға жуынып алды да, үтіктелген шыт көйлегін киіп, Маржанның шамы өшпеген терезесін бетке алды. Жібек халаттың өңіріне сыймай, ілгегін ашса төгілгелі тұратын Маржанның екі омырауына уысын толты­рып алып, мең-зең күй кештіретін рахатын ойлап, асыға басып еді, қысқа аяғы икемге келмей ынты­ғып қалды. Есік алдындағы Ақ­төстің итаяғына сүрініп құлай жаздады. Талаптан қалған есте­лік Ақтөстен құтылғанда, күнге қаңсыған жұқа темір итаяқ не бо­лыпты. Шолақ аяғын шолтаң етіп көтеріп, бір тепті. Содан соң есік­ке жетіп “Ақ Маржан, Маржантай мен келдім”, – деп үздіге сыбырлағаны сол еді, тоспасына май тамбаған кәрі сүйегі ыңыранып ескі есік айқара ашылды.

Бақытгүл СӘРМЕКОВА,

жазушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp