Партия қызметін қайта құрылымдауға арналған кезектен тыс съезде республикалық саяси ұйымның атауы өзгеріп, қызмет сипаты өзгеше арнаға бет бұрды. Форумда сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Аманат – халқымыздың мәдениетінде ерекше ұғым, ол ата-бабамыз аманат етіп қалдырған тәуелсіздіктің өшпес мұраттарын, тұғырлы мемлекеттілік құндылықтарын, ұлттық бірлікті, туған жеріміздің ұлан-ғайыр кеңістігін білдіреді. Біз осы баға жетпес мұраны көздің қарашығындай сақтауымыз және нығайтуымыз керек. Бұл – өткен және болашақ ұрпақ алдындағы біздің қасиетті парызымыз”, – деген болатын.
Содан бері жаңару мен жаңғыртуды басты мұрат еткен “AMANAT” партиясы мемлекеттілікті нығайтудың, ел бірлігін бекемдеудің алдыңғы шебінде қалтқысыз қызмет етіп келеді. Жүйелі әрі кешенді түрде атқарылған саяси, идеологиялық, ұйымдастырушылық жұмыстардың нәтижесінде партияның аумақтық филиалының құрылымы кеңейтіліп, сапалық деңгейі жақсара түсті. Бүгінде 14 бастауыш партия ұйымы 1440 белсенді мүшені біріктіріп отыр. Олардың ішінде ең ірілері – қалалық (250 адам), білім саласы қызметкерлері топтасқан “Болашақ” (224 адам) және “Новомихайловское” (152 адам) бастауыш ұйымдары. Еліміздегі ең ықпалды республикалық саяси ұйым қабылдаған 2023-2027 жылдарға арналған “Халықпен бірге!” сайлауалды бағдарламасы бәрімізді ортақ мақсатқа жұмылдырып, күш-жігер берді. Президенттің алдағы жеті жылдық кезеңдегі еліміздің даму бағытын айқындайтын “Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін! Қазір және әрдайым” іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыруға және сайлаушылар жүктеген аманаттардың орындалуына барынша ықпал жасау басты талап саналады. Республика азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға және ішкі өндірісті арттыруға бағытталған 10 міндет, 205 іс-шараны қамтитын “Жол картасының” маңызы айрықша. Бұл жоба аясында ауданда биыл 59 іс-шара атқарылуда. Оның әрбір тармағы бойынша нақты тапсырмалар бекітілген. Өткен жылы Қызыләскер мектебі, Афонькино мен Андреевкада мәдениет үйі жөнделіп, Калугинода тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілді. “Новомихайловское-2003” ЖШС басшылығы 5 млн. теңгеге білім ошағының жылу жүйесін қалпына келтірді. Биыл Дубровное орта мектебі, Бикедегі Мәдениет үйі, Мамлютка қаласындағы, Сенжарка – Троицк – Николаевка –Ленино бағыттарындағы аудандық маңызы бар жолдар, Қызыләскер мен Новомихайловкадағы фельдшерлік-акушерлік пункттер қалпына келтіріліп, Дубровное, Бексейіт, Мамлюткада сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жүргізіледі. Осыған орай жер-жерлерде партиялық бақылау бекеттері құрылып, нысандарға жүйелі түрде мониторинг ұйымдастырылып, нәтижелері әлеуметтік желілерде жарияланып отырады. Партиялық бақылаудың міндеті – жоспардың уақытылы орындалуын, бюджет қаражатының игерілуін, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын ұдайы қадағалау.
Партиялық жобалар негізінде еліміз бойынша сапалы білім мен медициналық қызметте – 40, әлеуметтік қамқорлық бағытында 14 іс-шара жоспарланған. “Жеке баспана мен жайлы инфрақұрылым” бағдарламасы шеңберінде сапалы үйдің қолжетімділігін арттыру мақсатында барлық қаржыландыру көздері есебінен 78 млн. шаршы метр тұрғын үй тұрғызылмақ. Бір сөзбен айтқанда, алдағы қадамдар “Жол картасын” нақты орындауға бағытталып, партия мен Үкіметтің ерекше бақылауына алынған. Бастауыш партия ұйымдары осындай іргелі міндеттердің бел ортасынан табылып, сүбелі үлесін қосуды қашанда басты парыз санайды. Мәселен, “Бақытты отбасы” партиялық жобасын іске асыру шеңберінде облыс орталығы мен Жамбыл ауданындағы әріптестеріміздің қатысуымен “Қазіргі әлем жағдайындағы дәстүрлі отбасылық құндылықтар” атты аудандық конференция өткізілді. Онда жас отбасылар, аға буын өкілдері арасындағы жарасымдылық, сабақтастық өнегелері дәріптеліп, іс-тәжірибе алмасылды. Жалпыға ортақ құндылықтарды жас ұрпақ бойына дарыту жөнінде құнды ой-пікірлер айтылды. “Ұлттық мұра” жобасы аясында мектеп оқушылары арасында тоғыз құмалақ турнирі ұйымдастырылды.
Президент былтырғы Жолдауында “AMANAT” партиясы бастамашылдық көрсеткен “Қарызсыз қоғам” жобасын айрықша атап өтіп, оның игілігін барлық азаматтар сезінуі тиіс екенін айтқан болатын. Бүгінде қанатқақты жоба өз тиімділігін көрсетіп, қамтылу аясы әлдеқайда кеңіген жалпыхалықтық бағдарламаға айналды. Оның негізінде несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған, төлеу мерзімін өткізіп алған ауыл тұрғындары, сонымен қатар мемлекеттік жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер қаржылық сауаттылық курстарынан өте алады. Ақпан айында 106 адам оқытумен қамтылды. Мамыр-маусым айларында 100-ге жуық адам тартылатын болады. Тұтыну несиесін рәсімдеушілер қатарының өсіп келе жатқанын ескерсек, бағдарламаның қажеттілігі артпаса кемімейді.
Мемлекет басшысының “Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы” Жарлығы шеңберінде Үкімет пен “AMANAT” партиясы бірлесіп, “Ауыл аманаты” жобасын іске қосқаны белгілі. Ондағы мақсат ауылдықтардың әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу болып табылады. Жолдауда атап өтілгендей, бүгінгі таңда агроөнеркәсіптегі стратегиялық басым бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен оның қосылған құнын арттыру, кооперативтерді дамыту. Алдағы жеті жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 1 трлн., ал жобаны жүзеге асыруға 52 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қадам ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ауданда “Ауыл аманаты” жобасына қатысуға 39 адамнан өтінім түсті. Осыған орай ұйым жанынан әдістемелік қамтамасыз ету, азаматтарды оқыту, өтініштерді қабылдау, қаражат бөлу барысын қадағалайтын жобалық кеңсе құрылған. Жобаның артықшылықтары барлық ауылдық округ тұрғындарына түсіндіріліп, басқа да пәрменді шаралар қолға алынған.
Аудандық филиал жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмесіне келушілердің қарасы үзілген емес. Оларды көбіне әлеуметтік жайттар толғандырады. Жыл басынан бері 150 адам өтініш-тілек айта келді. Мәселелерді қарау нәтижелері бойынша 94 өтініш оң шешімін тапты. Солардың бірі – Леденовода тұратын, баспанасы өртеніп кеткен, асырауында төрт баласы бар жалғызілікті ана Н.Салютинаға 650 мың теңгенің қайырымдылық көмегі берілді. Көп балалы ана Б.Ақжарова да қамқорлықтан шет қалған жоқ. Бұдан бөлек аудандық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың басшылары 108 адамды қабылдады. Мәслихаттағы депутаттық фракция жұмысының жандануына В.Щеголев, В.Кейсарчук, Р.Балкина, тағы басқа халық қалаулылары әркез белсенділікпен атсалысады. №6 сайлау учаскесінен депутаттық мандатқа ие болған Бике мектебінің директоры Д.Нұртаев Ақмола облысынан көшіп келген 7 баласы бар Ұтқыр Ахмедовтың аталған ауылға қоныстану туралы өтінішін аяқсыз қалдырған жоқ. “Мәмбетов және К”, “Ділдібаев”, “Дәулетті ел” агроқұрылымдары 0,5 млн. теңге мөлшерінде демеушілік көмек көрсетіп, баспананы жөндеп берді. Сондай-ақ “Қайырымдылық жаса!” акциясы ұйымдастырылып, азық-түлік өнімдері мен киім-кешек сатып әперілді. Отағасы білім ошағына математика пәнінің мұғалімі және директордың кәсіптік бағдар беру мәселелері жөніндегі орынбасары қызметіне қабылданды. Менің жеке қабылдауыма Өзбекстаннан қоныс аударған Жомарт Баиров деген азамат келіп, тұрақты жұмыс таппай, қиналып жүргенін жеткізді. Ол бұған дейін түрлі мекемелерде жүргізуші болған. Жалақының аздығынан бес баланы мектеп пен колледжде оқыту оңайға түспеген. Соңғы жылдары такси жүргізушісі болып ауысуына тура келген. Бірақ одан жағдайы жақсарып кетпеген. Өтініш иесіне филиалдан жүргізушілік жұмыс ұсынылып, қуана келісті. Аманаттықтардың тікелей араласуымен зейнеткер Ф.Ананьеваның үйінің ауласын тазалауға “СМ спецтехника” ЖШС-ның басшылығы жәрдемдесті. Воскресеновкадағы Мәдениет үйі 1985 жылы салынған. 2012 жылы терезелерін ауыстырумен ғана шектелген. Округ әкімі фракциялық топтың белсенді мүшесі К.Бекеновке келіп, жобалық-сметалық құжаттарды рәсімдеуге көмектесуді өтінді. Нәтижесінде “Воскресеновка”, “Стан” серіктестіктері 4 млн. теңгеге тиісті құжаттарды реттеп берді.
Фракция мүшелері 48 азаматты қабылдап, олардан түскен 52 өтінішті жан-жақты зерделеп, тиісті орындарға 5 сауал жолдады. Партияға 19 адам қабылданып, қатарымыз тың күшпен нығая түсті. Ізімізді басып келе жатқан “Жастар рухы” жастар қанаты” қозғалысының қимылы ширақ. Олар көктемгі су тасқыны кезінде белсенді көмекшімізге айнала білді.
Алтын САҒИТОВА,
“AMANAT” партиясы Мамлют аудандық филиалының атқарушы хатшысы.