Бұл суретпен қалың қазақ әлі таныса қойған жоқ. Себебі Алаш арысы Әлихан Бөкейханның жарқын бейнесін сақтаған жәдігер жақында ғана табылды. Фото Ресейдің Омбы мемлекеттік тарихи өлкетану мұражайының Орыс императорлық географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімі қорында сақталып келген. Сурет табылған папкада фотоға “Алиханъ Букейхановъ. Павлодаръ, 1908” деген анықтама берілген. Құнды жәдігерді тауып, көшірмесін “azattyq.org” сайтына жариялаған – Сұлтанхан Аққұлы.
Алаш арыс Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатова бір естелігінде Әлихан Бөкейханның мына жазбасын келтіреді:
“Қамауға аларда бас-аяғымды қалдырмай тінтіп шығып, соңынан қолымдағы портфелімді алғандарына қатты абыржып қалдым, оның ішінде Абайдың баспаханаға өткізейін деген қолжазбасы болатын. Түрмеде өзімді қанша ұстап жазаласа да маған бәрібір, тек “Абайым” сақталса екен дегеннен басқа ойыма ешнәрсе кірген жоқ, тек арыз арқылы соны естеріне салдым. Ал кісі түрмеде қарап отыра алушы ма еді, қолыма алған еңбекті аударып тастайын деп жұмысқа кірісіп кеттім. Мезгілдің қалай тез өткенін байқамай қалыппын. Бір күні түрме бастықтары келіп: “Сіз, Бөкейханов мырза, абақтыдан босатылдыңыз, жолыңыз ашық, шығыңыз” дегенде, мен: “түрмеден әзір шықпаймын, жұмысымды бітіргенім жоқ, біраз күн отыра тұрайын”, дегенімде, әлгілер сенер-сенбесін білмей: “Это Ваше дело, пусть будет так” деп шығып кеткен еді”.
Әлиханның 1937 жылы Мәскеудегі тергеушілер мен сотта айтқан мынандай сөздері бар:
1) Қазақтың буржуазиялық зиялылары мені “ұлт көсемі” деп атады.
2) Мен қазақ халқын Совет билігіне қарсы күреске бастадым.
3) Мен ешқашан Совет өкіметін сүйген емеспін, бірақ мойындадым.
Үшіншісі – ақтық сөзі! 1937 жылдың 27 қыркүйегі күні 11:00 мен 11:20-ның арасындағы сотта айтыпты. Алаш арысын атуға үкім шығаруға небәрі 20 минут жұмсалған.
Сержан Нұртолқынұлы,
“Soltüstık Qazaqstan”.