Сан ғасырдан бері қазақ әйелінің қоңыр тіршілігінің бір қабаты тігіншілікпен байланысты болған. Он саусағынан өнер тамған қандасымыз Нұрсәуле Жайлаубай осыдан 10 жыл бұрын Қытай елінен отбасымен бірге Есіл ауданы Бірлік ауылына қоныс аударған. Қазір осы ауылда халықтың сұранысына байланысты үйден алысқа бармай-ақ кәсібін дөңгелетіп отыр.
Тігін тігу үшін адамға ептілік, шеберлік, шыдам керек. Нағыз маманның қолынан шыққан дүние ғана үйлесімін тауып, әдемі көрінеді. Нұрсәуленің іс бөлмесіндегі ою-өрнекті кестемен кестеленген сәнді ұлттық киімдер, моншақтармен өрнектелген сәукелелер, балалардың ұлттық киімдері тігіншінің көз майын тауысып, бар ынта-жігерін салғанын аңғартады. Сонымен қатар ұлттық киімдерді тігуде қарапайымдылық пен жинақылыққа ерекше мән беретіні сүйсінтеді.
Тігінші сөз арасында істеп жатқан еңбегі үлкен ыждағаттылық пен табандылықты талап ететіндіктен, үнемі ізденіс үстінде жүретінін айтып қалды. Өйткені заманның талабы мен ағымына сай сұранысқа ие болатын ұлттық киімдерді тіккенді жөн санайды.
Нағашы әпкесінің “Кәсіп нан сұрамайды, өзі тамақтандырады. Болашақта керек болады”, – деген ақылына құлақ түріп, тігіншілікке ден қойған. Кейін өзі аңсаған Қазақстанға, қазіргі тұрып жатқан Бірлік ауылына көшіп келгеннен кейін ұлттық киімдерге сұраныстың жоғары екенін байқап, қазақы қамзол мен шапаннан бастап, бесікке салу, тұсау кесер, тұскиіз, қыз жасауына қолжетімді бағада тапсырыстар қабылдап, табыстың көзіне айналдырған.
Нұрсәуле қайтарымсыз грант ұтып, заманауи тігін машиналарын сатып алуды және кәсібін кеңейтуді армандайды. Оған себеп – үйдің бір бөлмесі тарлық етеді, он жыл бұрын алынған тігін машиналары ескіргендіктен, жиі бұзылып, кей кездері кәсібі тоқтап қалады.
“Ауылға көшіп келген жылдары шалбардың балағын қысқартумен айналысып жүрдім. Кейін ұлттық киімдерге, қыз жасауы, киіз үй жабдығы мен әшекейлі әйелдер бас киіміне тапсырыс қабылдай бастадым. Тапсырыс көбейген уақытта түннің бір уағына дейін отырамын. Тіпті санаулы күнде 40 домбырашы оқушыға киім тіккен кездерім де болды.
Үкіметтің кәсіпкерлерге беріп жатқан қайтарымсыз несиесін ұтып, замануи тігін машиналарын сатып алсам, жұмысым біраз жеңілдеп қалар еді. Қасыма көмекшілер алып, ұлттық киімдерді бұдан да ерекше қылып тігер едім. Бірақ жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілетін мемлекеттік несиелерге немесе грантқа қол жеткізу үшін жұмыссыз болуың шарт. Ал тігіншілік – менің қосымша табысым. Мектептегі тұрақты жұмысымнан шығып кетуге болмайды. Егер бағыт берер адам болса, идеям көп, ынта-жігерім жетеді”, – деп ағынан жарылды “Күміс алқа” иегері Нұрсәуле Жайлаубай.
Сөзінше, ұлттық және сахналық киімдерге тапсырыстар осы ауылдағы мектеп оқушыларының ата-аналары мен ұстаздарынан, жеке адамдардан жиі түседі. Көрші Николаевка ауылының тұрғындары да тапсырыс береді.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, жалпы ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Ал қандасымыз Нұрсәуле секілді тігіншілердің қолынан шыққан ұлттық киімдер қазақтың рухын одан бетер асқақтатары анық.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.