«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бeйбiтгүл ӘБІЛМӘЖІНОВА: “ҚАЗІРГІ ЖАСТАР ӨМІРБАЯНДЫҚ ӘДЕБИЕТТЕРДІ КӨП ОҚИДЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Бeйбiтгүл Мағжанқызы, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрыл­тай­дың үшінші отырысында кітапха­на желісі мәселесіне ерекше тоқ­талып, “Озық ойлы ел болудың ең төте жолы – кітап оқу” деп атап өтіп, қоғам­да кітап оқу мә­дениетін ба­рынша орнықтыруды тапсыр­ды. Сіз басшылық етіп отыр­ған Сәбит Мұқанов атын­дағы облыстық кітап­хана ғылыми-әмбебап болғандықтан, әртүр­лі жастағы оқырмандар келе­тіні белгілі. Оқырманның кітап оқуға құмарлығын арт­тыру үшін қандай тәсілдерді қолданасыз­дар?

– Қор – кітапхананың бай­лығы. Ол оқырман қажеттілік­те­рін қанағаттандырудың негізгі кө­зі болып табылады. С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана қорын­да 700 мыңнан астам кітап бар. Әртүрлі жанрдағы ғылыми және әмбе­бап сипаттағы кітаптармен толық­қан. Келушінің тұрақты оқыр­манға айналып, кітап оқуға деген қызы­ғушылығының артуы басы­лым­дардың түрлілігіне байланыс­ты. Сондықтан біз кітапхана­ның бі­лімдік, тәрбиелік, ақпарат­тық функцияларына сәйкес ке­ле­тін әдебиеттерді мақсатты жинақ­тау, іріктеу үдерісін мұқият ой­лас­тырып жүргіземіз.

Кітаптар өзекті және сұра­ныс­қа ие болып, оқырмандар­дың қажеттіліктерін қанағаттан­дыруы үшін кітапхананың әлеу­меттік желілердегі парақшала­рында сауалнама жүргізіледі. Алынған мәлімет­тер­г­е сүйене отырып, оқырман қызығушылық танытқан кітап­тар­дың тізімі жа­са­лады. Осы тә­сіл арқылы кітап­хана қоры ба­йытылады. Өйткені, біз кітапха­на­ның жүрегі мен жаны – оқыр­ман­дарымыз екенін әсте естен шығармаймыз. Осы жерде Үнді кітапханатанушысы Ш.Р.Ранга­на­танның: “Бәрі оқыр­ман үшін, бә­рі оқырман арқылы, бәрі оқыр­манға!”, – деген сөзі біздің ұра­нымызға айналғандай.

Оқырманның кітапханамен се­німді қарым-қатынасы, имид­жі, сайып келгенде, біздің жұмы­сы­мыз­дың тиімділігі де келуші­лерді қа­лай қарсы алып, онымен қан­дай қарым-қатынас орната­ты­ны­мызға байланысты. Әмбе­бап бол­ғандықтан, біздің кітапха­наға 7 жастан 90 жасқа дейінгі оқырман­дарымыз келеді. Сенбі, жексенбі күндері кітапхана бала­ларға то­лы. Олар үшін тар­тым­ды, жайлы балалар орталығы бар. Кішкен­тай­лар кітапханада өз­дерін үй­лерінде жүргендей ер­кін сезіне­ді. Жалпы кітап оқы­ған білімді ұрпақ болашағымыз еке­нін есте сақта­ғандықтан, оқыр­манда­ры­мыз үшін барынша жай­лы, қы­зық­ты жағ­дай жасауға ты­рысамыз.

– Қоғамда “кітап оқу мәде­ниеті жоғалды” деген біржақ­ты пікірлер көп айтылады. Жал­­пы оқырмандардың кітап­ханаға, кі­тапқа деген құрметі мен көзқа­расы туралы айтсаңыз. Күніне қанша оқырман ке­леді?

– Оқырмандарымыз үшін біз­дің ғылыми-әмбебап кітапха­на­ны “трансформер” деп атар едім. Ке­лушілер кітапханада кітап оқып қана қоймай, клубтар мен үйір­ме­лерде сүйікті істерімен ай­на­лысады, көрмелерді тамаша­лай­ды, дәрістер тыңдайды. Тұ­сау­кесерлерге қатысып, үстел ойын­дарын ойнайды, яғни кітап оқуға келген адамның өз қызы­ғушылы­ғына сәйкес іспен айна­лысуына барлық мүмкіндіктер жа­сал­ған. Оқырманды жайлы жағ­дай жасау арқылы тартуға тыры­са­мыз. Кі­тап­хана іші оқырман­ның кітап оқуына және өзін-өзі дамы­туына ыңғайлы орын таба ала­тын­дай етіп ойластырылған. Оқыр­­ман­дар­ға өздері сүйіп оқи­тын әде­биеттеріне еркін қол жет­кізе ала­тындығы, ішкі кеңістіктегі навига­цияның интуитивті түрде түсінікті екені ұнап жатады. Оқыр­мандар­мен кері байланыс­­ты мұқият қадағалап, сұра­ныста­рына сай жұмыс істеуге ты­рысамыз.

Кітапханаға келушілер саны күннен-күнге артып келеді. Бүгінде кітапхана оқырмандардың бір-бірімен қарым-қатынас жа­сауы үшін белсенді алаңға ай­налды. Күніне бірнеше ауқымды іс-шаралар өткізіліп, оған 500-ден 3 мыңға дейін адам белсенді қатысады.

– Сөзіңізге қарағанда, кітапхананың тұрақты оқырман­дары бар және кітапсүйер қа­уымның да қатары қалыңдап келеді. Қа­зіргі таңда оқырман­дар тарапы­нан қандай жанр­да­ғы кітаптарға сұраныс жоға­ры?

– Оқырмандарымыз өзін-өзі дамыту және жеке өсу, медици­на, философия және психология бойынша әдебиет­терді ықылас­пен оқиды. Абай Құнанбаев, Мағ­жан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин секілді клас­сик жазушыларымыз да на­зар­дан тыс қалған емес. Жастар­дың фэнтези, тарихи романдар, мис­тика, антиутопия жанрында­ғы кітаптарға деген қызығушы­лы­ғы жоғары. Саяхат, ынталан­дыру туралы көп оқиды. Қазақ­стандық және шетелдік классик­тердің романдары да сөрелерде шаң басып жатқан жоқ.

Айтпақшы, оқырмандары­мыз­­­дың 34 пайызы – кітапха­на­ның интернет-ресурсын пай­далану­шы­­лар. Соңғы кездері оқыр­ман­дар өлкетанушылар­дың, жер­гілік­ті ақындар мен жа­зу­шы­лар­дың шығармаларын жиі сұ­рай­ды. Бұ­ған облыстық кітап­ха­на­ның әлеу­меттік желідегі парақ­ша­ла­рын­дағы әдеби өлкетануға ар­нал­ған көптеген әдеби кеш­тер, кез­десу­лер, тұсаукесерлер, бей­недәрістер ықпал етті деп ойлаймыз.

Ал жаңа буын – жас оқырман­дар жаңашылдыққа ұмтылады. Біз­дің кітапханаға 23 мыңнан ас­там жас кітап оқуға келеді. Менің байқағаным, қазіргі жастардың көбі өмірбаяндық әдебиеттерді бағалайды. Олар Уолтер Айзек­сонның “Стив Джобс”, Марғұлан Сейсембайдың “Миссия выпол­нима”, Криштиану Роналдудың “Технология счастливой жизни”, Лука Кайолидің “Одержимый со­вершенством”, Дінмұхамед Қо­наевтың “Ақиқаттан аттауға бол­майды”, Мэй Масктің “Женщина, у кото­рой есть план. Правила счастли­вой жизни” және тағы да басқа осы мәндес кітаптарды қызыға оқиды.

Мұндай кітаптар арқылы жас­тар атақты тұлғалардың ойла­рымен, пайымдарымен таны­сады.

– Ұлттық құрылтай кезінде Мем­лекет басшысы тәулік бойы жұмыс істейтін кітапха­налар санын арттыруды тап­сырды. Мы­салы, шетелде оқыр­мандар кі­тап­ты өзіне жай­лы форматта – те­резенің ал­дында немесе арнайы бөлме­де кофе ішіп отырып оқиды. Сіз­­дерде кітапхананы түрлен­ді­ру, оқырманға жайлы ету үшін қандай жоспарларыңыз бар?

– Өз басым өңіріміздегі әрбір кітапхананың модельді кітапха­наға айналғанын қалаймын. Ол үшін кітапханаларда жайлы ке­ңістік, ыңғайлы жиһаз, жаңа жаб­дықтар болуы керек. Бұл орайда қазіргі кітапханалардың нағыз қайта өрлеу дәуірін бастан өт­керіп жатқанына қуанамын.

Бірде америкалық кітапха­на­лармен танысу үшін АҚШ-қа шақырту алдым. Сол сапарда университеттің тәулік бойы жұ­мыс істейтін кітапханасын көру мүм­кіндігі туды. Оларда кітап­хана ғылым орталығы ретінде қарастырылған және оқырманға ыңғайлы, барлық жағдай жасал­ған. Осы ретте Мемлекет басшы­сының тапсырмасын қолдай­мын. Кітапхана оқырман үшін әдемі, сәнді безендірілуі керек.

Бұл тұрғыда біз үнемі ізденіс үс­тіндеміз. Ашықтық, қолжетім­ділік, жайлылық кітапхананы тар­тымды және сұранысқа ие етеді. Кітапхана осы күні кездесу­лер­мен пікірталас­тар алаңына ай­налды. Заманауи кеңістік, ком­пьютерлер, интерак­тив, интер­нет, әлемдік кітап бестселлер­ле­рі – мұның бәрі қазір С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әм­бебап кітапханада қолжетімді. Бі­рақ кемелдікке шек жоқ қой. Күні бүгін кітапхана­мызда кітап оқуды насихаттау бойынша 44 жоба жүзеге асы­рылуда. Олар – “Туған жер”, “Сол­түстіктің інжу-маржа­ны” онлайн-картасы, “Біз­дің Мағжан” порталы, “Көше, мо­бильді кітап­ханалар”, Смарт-орындықтар, “Вики-Прииши­мье”, “Qyzylz­har кітапханасы” мобильді қосым­ша­сы. “Сәбит Мұ­қановтың өмірі мен шығармашы­лығының вир­туал­ды антоло­гия­сы” сайты – жа­зушы туралы кі­тап­тарды, мақа­ла­ларды, муль­ти­медиа мате­риал­дарды қам­титын көпфунк­цио­налды цифр­лық ресурс.

– Жоғарыда жастар жағы өмірбаяндық кітаптарды көбі­рек оқитынын айтып өттіңіз. Мы­сал­ға алынған кітаптар­дың дені – ше­телдік басы­лым­дар. Алайда жас­тар тарапы­нан қа­зақ әдебиетіне сұра­ныс­ты арт­тыруға басымдық беру керек сияқты. Осы ретте кі­тап­хана қо­ры жыл сайын қандай әде­биеттермен толығып тұра­ды?

– Біздің оқырмандар қазақ ті­лінде көп оқиды. Әсіресе клас­сикалық қазақ әдебиеті жо­ғары сұ­ранысқа ие. Мағжан Жұ­ма­баев, Сәбит Мұқановтың кі­тап­тары, Әзілхан Нұршайықов­тың “Махаббат, қызық мол жыл­дар”, “Ақиқат пен аңыз”, Мұхтар Әуе­зов­тің “Абай жолы”, Ілияс Есен­берлиннің “Көшпенділер”, Мұх­тар Мағауиннің “Жармақ” атты шығармалары, Мұқағали Мақа­таевтың, Есенғали Рауша­новтың жыр жинақтары, Әбдіжә­міл Нұр­пейісовтің “Қан мен тер” три­логиясы, Дулат Исабековтің “Қарғын” романы, Әлібек Асқа­ровтың шығармалары оқырман­дардың қолынан түспейді.

Жастардың арасында Бақыт­жан Бұқарбайдың “Марғұлан. Бизнес пен өмір туралы”, Сан­жар Керімбай мен Абзал Құспан­ның “Бейсен және болмыс” кіта­бы сұранысқа ие. Қа­зіргі таңда кітапхананың мемле­кеттік тілдегі қоры 215 мыңнан асады, биыл ол 10 мың дана кі­таппен толық­ты­рылды.

– Ескі қолжазбалар, тарихи құндылығы мол сирек кезде­се­тін көне кітаптар – кітапха­наның бай­лығы. Судан да, желден де, күн­нен де көздің қарашығындай сақтайтын бұл мұраны елге таныстыру мақ­сатында қандай жоспарлары­ңыз бар?

– Облыстық кітапханада си­рек кітаптар музейі құрылды. Бұл – танымдық және тарихи құнды­лығы бар XVIII-XX ғасырлардағы 3000-нан астам баспа басылым­дары. Кітаптардың көпшілігі ғы­лыми және тарихи құндылығы­мен қатар, букинистік сиректігі­мен ерекшеленеді. Кейбір кітап­тарды кітап шығару және түптеу шеберлігі өнерінің алғашқы үлгі­леріне жатқызуға болады. Олар – суретшілер мен баспагерлер­дің, арнайы қаріп таңдап, мұқа­басын алтын бедермен немесе мәрмәр қағазбен (эбру), металл қаптамалармен безендіретін кітап ісі шеберлері – түптеуші­лердің, типографтардың көп еңбегін талап ететін кітаптар.

– Қателеспесем, биыл С.Мұ­­қа­нов атындағы облыстық ғылы­ми-әмбебап кітапхананың құрыл­ғанына 90 жыл толады. Осы жыл­дар ішінде кітапхана ұжымының жеткен жетістігіне тоқталып өтсеңіз.

– С.Мұқанов атындағы об­лыс­тық ғылыми-әмбебап кітап­хананың 90 жылдық тарихы бар. Кі­тапхана – көптеген республи­калық және халықаралық кәсіби байқаулардың жеңімпазы және жүлдегері. 2014 жылдан бастап кітапхана “ХХІ ғасырдағы Қазақ­станның үздік кітапханасы” ата­ғына ие, ха­лықаралық қорлар­дың 27 гран­ты­ның иегері. Біз үшін ең үлкен табыстың бірі – мүм­­кін­дігі шек­теулі жандарға ар­налған робото­техника кабинетін ашу грантын ұтып алғанымыз. Бұл ка­бинетте мүмкіндігі шек­теулі жан­дар за­манауи құрыл­ғылармен, техни­каларды қолда­на отырып, ойлау жүйесі мен де­не қимылда­рын дамытатын түрлі шаралар­мен айналысатын бо­ла­ды.

Кітапханамыз бүгінде сұхбат орталығына айналды, ақ­па­рат­тық кеңістікте белсендіміз. Түрлі жас ерекшеліктері мен қы­зы­ғушылықтарды ескере оты­рып, ондаған онлайн жобалар іс­ке қо­сылды. “Өлкетану дәрісха­на­сы”, “Табыс формуласы”, оқу жөнінде және тағы басқа іс-шаралар көпшіліктің игілігіне ай­налды. Қы­зығушылықтар бойын­ша “Қа­лам­гер”, “Қалам сынама­сы”, “Өл­кетанушы” сынды 11 клуб жұмыс істейді. Қазір жас­тарға ко­микс­тер қызықты, ал мұн­дай орталы­ғы бар кітапханалар аз. Бізде “Комикстер орталығы” үшінші жыл жұмыс істейді.

Кітапхананың 90 жылдық ме­рейтойына орай ғылыми-прак­тикалық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз, қазіргі уа­қытта оған үлкен дайындық жұ­мыстары басталып кетті.

– Ашық әңгімеңіз үшін рақ­мет!

Сұхбаттасқан

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Аяжан НҰРАХМЕТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp