«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНА СЫРТЫНДАҒЫ СЫРЛЫ ӘЛЕМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күйбең тірлік шаршатқанда, театрға ат басын бұрып, рухани демалуды әрбір адам қалайды. Көрерменнің көп жағдайда сахнада көркем туындының желісі бойынша әзірленген қойылымнан өзін көретіні жалған емес. Театрдың миссиясы да осы. Кейіпкердің мінез-құлқы, ғұмыры арқылы адамды, қоғамды тәрбиелеу. Бірақ сахнадағы көрініс әдеттегі өмірден өзгешелеу, әдемі. Әртүрлі жарықтар мен қойылымдық техника арқылы спектакльдің бейнелі де көркем образын жасаған декорация. Әртістің өз образына лайық киімі. Сайып келгенде сахна сыртындағы қоңыр тіршілік театр жанашырларына қызықты екені бесенеден белгілі. Хас сұлудың көз жасындай өнердің сырына тереңірек үңілу үшін Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаровтың жанында бір күн жүріп, сахнагерлердің өнерлеріне қанықтым.

Ең қиын мамандық

Көркем образдар жүйесі ар­қылы адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесіндегі құ­былыстарды бейнелейтін қоғам­дық сана мен адам танымының формасы – өнер. Сондықтан өнер адамы – сезімтал, өте сен­гіш, аңғал, аңқау, ерекше құбы­лыс иесі.

– Сахнада сан алуан рөлдер­ді ойнап, бірнеше образды шы­ғару үлкен еңбекті талап етеді. Мен актерлікті ең қиын ма­ман­дықтар қатарына жатқызар едім. Өйткені, әр сахнагер қоғамның сыздауық жарасын өне бойла­рынан өткізулері керек. Обра­зың­ды толық зерттеп, жан-жақты саралап, алпыс екі тамырыңа қан жүгіргендей сезіну – мін­детің. Соған орай репетиция жүргізіледі. Спектакль – жеке бастың шаруасы емес, ұжымдық еңбек, – дейді Дәурен Тойбазаров.

Өнер адамына артылатын тағы бір міндет – үнемі ізденіс үс­тінде жүру. Күнделікті ұйымдас­ты­рылатын би сабағы, вокал, тренинг, дайындық жұмыстары­нан бөлек, актер 24 сағат ізде­ністе болады. Қоғамдық көлік­терде отырса да, көшеде жаяу жүрсе де, өз ойын мазалап, өз бойын тазалап, өзімен-өзі жұмыс істейді. Кітап оқиды, газет-журналдарды ақтарады, режиссер тапсырған рөлге ену үшін түрлі фильмдерді тамашалайды. Ол кейде көшеде кетіп бара жатқан адамның соңынан ілесіп, өзінің сахнадағы рөлін іздеуі мүмкін.

– Актерлерге артылатын тағы бір міндет – спортпен айналысу. Өнер адамдары өздерін үнемі бабында ұстап жүруі қажет. Спектакль премьера үшін ғана қойылмайды. Ол көрерменге жыл бойы ұсынылады. Қаңтар айында жұқалтаң адамның рөлін сомдаған актер арада бірнеше ай өткенде сол рөлдегі келбетін сақтап қалмаса, оның сахнадағы миссиясының аяқталғаны. Қиын мамандық деуімнің бір себебі – осы, – дейді Дәурен Тойбазаров.

Көркемдік кеңестің шешімі керек

Белгілі жазушы-драматург Сайын Мұратбеков ертеректе мынадай бір пікір айтқан екен: “Жылына жүзге жуық пъеса жа­зылатын көрінеді. Бұл – менің­ше, сапасыздықпен қатар салмақ­сыздықтың да дәлелі. Ерте­ректе жылына бір пьеса дүниеге келсе – келетін, келмесе – үлкен әңгіме болатын. Ал терең толға­ныстан туған, халық өмірін бей­нелейтін пьесалардың сахнада­ғы өмірі де ұзақ болатын. Қазір ше?”. Иә, пъеса жазып, драма­тург атанғысы келгендердің қа­тары қалыңдап жатқаны бәріміз­ге де аян. Дәурен Мұратұлының айтуынша, пьеса ең алдымен көр­кемдік кеңес мүшелерінің сын-талқылауынан өтіп барып, сахнаға шығарылуы керек. Әр пъе­саның айтар ойы, берер тә­лімі қоғамның өзекті мә­селе­сімен үндес болғаны абзал. Сах­наға шығармас бұрын ре­жис­сер, сценограф, хореограф, автор, ком­позитормен келіссөз­дер жүр­гізіледі екен. Содан кейін барып пъеса мазмұны театрдың шы­ғар­машылық ұжымына жан-жақты таныстырылады. Бұл жұ­мысқа көркемдік жетекші жауап­ты. “Мысалы, Баатырбек Шам­бе­товтің режиссерлігімен сах­наланған түркі тілдес халықтар­дың жарық жұлдызы Мағжан Жұ­мабаевтың “Шолпанның күнәсі” туындысын алып қарайық. Әр- түрлі сыртқы жағдайлардың және ішкі толқыныстардың нәти­жесінде үнемі өзгеріп, дамып отыратын бейнені арқалаған, қа­сірет жамылған қайғылы әйел – Шолпан басында “Бала берме!” деп, кейін тәубесіне келіп, арқа­сүйер азаматы Сәрсенбайға ұр­пақ сыйлауды мұрат етеді. Бірақ оның мұраты асыл емес еді. Осы­ны білгеннен кейін спек­такль­дің көрермендері екі тарапқа бө­лінді. Бірінші тарап үшін Шолпан­ның күнәсі – Сәрсенбайды шы­найы сүйгендігі, бала зарын бір өзі тартып, жоқты бір өзі іздеуге мәжбүр болуы, екінші тарап үшін қазақы менталитетке жат әдет. Біз таңдауды көрерменге қал­дыр­дық. Көрерменнің адалдық, ақ жолды таңдары шүбәсіз. Бұл ұжымның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жүріп, біріге қызмет еткенінің белгісі”, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі.

Талғам мен жанашырлық

Пъеса көркемдік кеңестің сы­ны­нан өткен соң режиссер спек­такльде ойнайтын әртістерге өзіне қажетті кітаптарды оқуға тапсырма береді. Өйткені әртіс өзіне берілген образды ашу үшін адам тағдырын түбегейлі зерт­теп, зерделеуі қажет. Мен бұған көркемдік кеңестің кезекті оты­рысында көз жеткіздім. “Күлтө­бе­нің басында күнде кеңес” дей­тіндей, көркемдік кеңес отырыс­тары “тыныш” өтпейді. Кеңес мүшелерінің пьесаны бес сау­сақтай білетіндері сөздерінен, айтқан ойларынан көрініп-ақ тұр. Біреуінің сөзін екіншісі іліп әкетіп, үшіншісі алғашқы екі адамның ойына түбегейлі қарсы шығуы ға­жап емес. Бұл кеңесте пікір айту үшін пьесаны жатқа білуің аздық етеді. Зор талғам мен өнерге деген жанашырлық керек.

– Пъеса кейіпкерінің сөздерін жаттап алып, сахнаға шығу ак­тердің деңгейінің төмендігін көр­сетеді. Мысалы, маскүнем Са­ғындықтың рөлі берілді дейік. Сағындықтың неліктен ішкілікке салынғанын нақтылап, салда­рын қарастыруға міндеттіміз. Сағындықтың тағдырын өз басы­мыздан өткіземіз. Яғни оның аяқ киімін киіп алып, Сағындық жүр­ген жолмен жүруіміз керек. Сон­да ғана актер өзіне берілген рөл­дің табиғатына бір табан жақын­дай түседі, – дейді Дәурен Мұ­рат­ұлы.

Кішкентай рөл болмайды

Көркемдік жетекшінің міндеті­не театрдағы барлық шығарма­шылық ұжымдарды басқару, олардың еңбек тәртібін қадаға­лау, төраға ретінде көркемдік ке­ңестің жұмысын жүргізу, театрда қойылатын жаңа қойылымдар­дың жылдық жоспарын алдын ала қарастырып, ағымдағы ре­пертуарды, жоспарды ай сайын бекіту кіреді. Дәурен Мұратұлы бұл жұмыстардан бөлек, сахнаға шығып, көрерменге ерекше әсер сыйлауды міндетіне балайды. Ол жуырда тұсауы кесілген “Жұ­мағым” атты қойылымда береке­сі қашқан отбасының көршісі Петр Сергеевичтің рөлін сомда­ған.

– Барзу Абдураззаков маған осы рөлді ұсынғанда бас тарта алмадым. Қызметім – көркемдік жетекші болса да, мамандығым – әртіс. Сондықтан өзімді шың­дау үшін сахнаға жиі шыққанды жөн көремін. Жалпы Сәбеңнің есі­мін иеленген театрымды қат­ты жақсы көремін. Театрдың абы­ройы мен беделі асқақтайтын қандай да бір міндет ұсынылса, бас тарта алмаймын, – дейді ма­ман.

Мен актерлердің дайындық ала­ңына қатысып, олардың қо­йылымға қалай әзірленетіндерін көрдім. Сондағы байқағаным, ұжым мүшелері ауызбіршілікті бі­рінші орынға қояды екен. Ұжым­дық жұмыста әрбір айтылған пікір маңызды, қисынға келмесе де, ойын білдіруге кез келген адамның құқығы бар. Әртістердің түсінігі бойынша, “кішкентай рөл бол­майды, кішкентай әртіс болады”.

Көрермен – басты сыншы

Көрермені жоқ театрдың қа­дір-қасиеті болмайтыны бесене­ден белгілі. Содан болар, өз жан­күйерлерін қалыптастыра алған өнер адамы кез келген сынаққа қасқайып қарсы тұра алады. Ол үшін өнерпаз сахнада өз шынайы­лығын сақтауға барын салуға міндетті.

– Әртіс те – қуанышы мен қайғы­сы қатар жүретін пенде. Сахнада кеудеңді шаттық кер­неп тұрса да, қайғырып жылай­сың, үйің қара жамылса да, есің шығып қуанасың. Себебі, сце­на­рий – өміріңнің тақтасы емес. Мы­салы, әріптестеріміз Олжас Жа­лауов та, Самал Тәшимова да дәл сахнаға шығайын деп жат­қанда әкесі дүниеден өткені жай­лы суыт хабар алды. Екеуіне де күліп ойнайтын образ тапсырыл­ған. “Бүгін қайғы жамылып отыр­мын, бұл рөлді ойнай алмай­мын”, – деп айтқан жоқ. Бұл де­геніміз актердің қандай жағдай болмасын халықтан үлкен емес екендіктерін көрсетеді.

Дәурен Тойбазаров “Дөкей келе жатыр” комедиясында есепші Шилаудың рөлін сом­да­ған. Басынан соңына дейін көң­ілді, секіріп-жүгіретін рөл. Дәл сол күні актердің дене қызуы көтеріліп, қатты ауырып қалады. Бірақ уақытты кері шегере ал­майсың, қойылымның өтетін мер­зімін өзгертуге де қақың жоқ. “Жалпы ауыл, мейлі аудан бол­сын, жо­ғарыдан бастықтар келе жатса, аулаларын сы­пырып, мұн­таздай етіп қояды. Ойдым-ойдым көшелерді жамайды, қаңғы­бас иттерді қамайды… Ардагер­лерден құрылған оркестр арнау айтып келе жатқан шендінің ал­дынан шығады. Шашу шашады, дәм ауыз тигізеді. Жергілікті бас­шының ондағы ойы – көзге түсіп қалу шығар. Арғы жағын айтар болсақ, жұмысынан қандай да кемшілік табылса, үлкен бас­тық көзін жұма қараса деген мақ­сат. Иә, театр – айна. Көрермен бір жарым сағат­қа созылған Са­фуан Шаймерденовтің “Дөкей келе жатыр” шығармасы желісі­мен қойыл­ған комедиялық спек­такльді бір демде көріп шықты. Күлді, қол соқты, ойланды. Соңын­да “дөкей” дегендері, сол ауылдың оқуға аттан­ған Дөкей дей тұғын баласы болып шықты. Ал мен көрермендердің қошеме­тінен соң ауырғанымды да ұмы­тып кеттім”, – дейді Дәурен Мұратұлы.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp