«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тектіден текті туады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адам өмірінің ең бір кемеліне келіп, толысып, жүрекке даналық пен дегдарлық ұялаған шағы ақ­сақалдық қой. Кейде бізге жа­ңылғанда жөн сілтеп, өмірімен үл­гі-өнеге көрсетіп жүрген ақсақал­дар жетпейтін сияқты көрінеді. Бар ғұмырын халқына арнап, өмі­рінің соңғы сәтіне дейін қоғамдық істен, қалам жұмысынан ажыра­маған адам – ардақты әкем Балғожа Кенжеғозин еді.

Балғожа Кенжеғозин 1902 жылы Жамбыл ауданы, Есперлі ауылында дүниеге келген. Өзінің шыққан тегі туралы әкемнің “Осы өлеңнің иесі – Балғожа атым, Орта жүз Көшебе-Керей арғы затым” деп жазған өлеңі бар.

Бұрынғының адамдары өмір­ді ерте танып, еңбекке бала кез­ден араласқан ғой. Балғожа Кен­жеғозин де 11 жасынан бай есігін­де жұмыс істей бастады. Тағдыр тауқыметі адамды биікке бастап, ширатады емес пе? Әкем де көр­ген қиындығына қарамастан ет тірілігінің арқасында хат таныды. Кейін үлкен оқуға қолы жетіп, бір­неше жерде ауылдық кеңестің, тұтынушылар одағының төраға­сы болды. 1940-1942 жылдары ең­бек армиясы қатарында Орал қорғаныс зауытында жұмыс іс­теді.

Балғожа Кенжеғозин 1943 жылы өз еркімен майданға сұ­ранды. Орал ерікті танк корпусы­ның құрамында Орталық майдан шебінде бөлімше коман­дирі бол­ды. Соғыста жүріп өзінің батыл ше­шімдерімен, ерлік істе­рі­мен көз­ге түсті. Бірде ұрыс үс­тінде ро­тада тірі қалған жауын­герлерді өзі басқарып, жауға қар­сы тұрға­ны бар. Сөйтіп, жаудың шебін бұ­зып, өз жауынгерлері­мен қосыл­ды. Оған бұл ерлігі үшін 1 дәре­желі “Отан соғысы” ор­дені беріл­ді. Өкінішке қарай, Курск түбінде­гі шайқас Балғожа Кенжеғозиннің денсаулығына ауыр залал келті­ріп, елге орал­ды. Әкем ел ішіне келгеннен кейін де қарап жатқан жоқ. Прес­нов ауданындағы “Айымжан”, “Қарағаш” совхозда­рын басқар­ды. Тың игеруге бел­сен­ді ара­ласып, “Жамбыл” кең­шарының не­гізін салушылардың бірі бол­ды. Осылайша 1966 жы­лы құр­метті демалысқа шыққан­ша тізе бүккен кезі жоқ. Оның жа­уын­герлік жылдарынан бөлек, бейбіт күнде алған марапаттары да – бір төбе.

Балғожа ақсақал – бойына біт­кен өнерімен де көпке танылған жан. Оның суырыпсалма ақын­ды­ғы, шешендігі, ауыз әдебиеті­не жетіктігі көзін көрген адамдар­дың таңданысын туғызатын. Бұ­дан бөлек, ол ескі жыр-дастан­дарды, небір фольклор үлгілерін, Қожаберген жырау, Тоқсан би, Сегіз сері, Шағырай шешеннің туындыларын жаңылмай жатқа айтатын еді. Сәбит Мұқанов, Ға­бит Мүсіреповтердің елге келген сайын әкеммен кездесіп кететіні де оның бойындағы дарынының қаншалықты зор екенін көрсе­теді.

Әкем әдебиет үлгілерінің ше­бер орындаушысы, насихаттау­шысы болумен қатар өзі де бір­қатар шығармалар жазды. Оның “Ақ бүркіт”, “Әлім мен Рәзия”, “Әсет-Әсия” сынды туындылары – ұрпағы үшін өшпес мұра. Бұл шы­ғармаларының біразы өз уа­қы­тын­да облыстық газетке де жария­ланып, оқырман қауымның ба­ғасын алды.

Әкем Жәмила анамызбен бірге 7 бала тәрбиелеп өсірді. Ұл-қызының бәрі бір-бір маман иесі атанып, олардан өрген неме­ре-шөберелері ата есімін ардақ­тап келеді.

Балғожа Кенжеғозин аузы дуа­лы, сөзі уәлі, ескілікті тарихты, ауыз әдебиетін молынан білетін қазақ ақсақалдарының соңы еді. Мінезі де байыпты, сыпайы, сал­мақты болатын. Ол туралы жазу­шы, журналист Жарасбай Сүлей­менов “Бәкеңді ел құрметіне бө­леген, абырой биігіне өрлеткен, ең алдымен, қарапайымдылығы дер едім. Ол кісі болдым-толдым деп асып-тасуды білмейтін. Ішкі мәдениеті өте жоғары адам бол­ды. Үлкенге де, кішіге де “сіз” деп сөйлейтін. Жүрек жылуының мол­дығы соншалық, кез келген адам­ды ерекше бір мейірім шуағына бөлеп, бірден баурап алатын” – деп жазады. Балғожа Кенжеғозин­нің мейіріміне бөле­ніп, тағы­лымын көріп өскен аза­мат­тар көп. Олардың бәрі кейін елінің тізгінін ұстаған өз саласы­ның майталмандарына айналды. Солардың бірі Қосыл Омаров әкем жайлы: “Мен тәубе деп, өмірге риза бо­ла­тыным, шынымды айтсам, осын­дай жақсы ағаларыммен көп кез­десіп, ақыл-кеңестерін естіп, іс­терінен үлгі алып өстім, ағалар­дың жұмсақ алақандарының жы­луын сезініп, өмір жолыма бағ­дарлама алып отырдым”, – деп жа­зады. Әкемнің көзін көрген жан­дардың осындай жылы естелік­тері көп. Олардың біразы 2013 жылы жарық көрген “Өмірде ізін де, ісін де қалдырған” атты жи­нақ­та жарық көрді. Балғожа Кен­жеғозиннің өзі жазған жыр-дас­тандар, ел аузынан жинаған ауыз әдебиеті үлгілері мен ақын, ше­шендердің сөздері де осы кітапқа жинақталған.

Ыбырай Алтынсарин сияқты алаштың данасын өсірген Балғожа би сияқты менің Балғожа әкем де ғылымның қиясына қанат қаққан бір ғалымды тәрбиелеп шығарды. Ағам Марат Кен­жеғозин экономика ғылымын зерт­теп, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қазақ ғылымының іл­герілеуіне өз үлесін қосты. 30 ма­мырда ардақты ғалымның дүние­ге келгеніне 85 жыл толады.

Марат Кенжеғозин Жамбыл ауданындағы Благовещенка орта мектебін тамамдағаннан кейін Мәскеудегі Г.В.Плеханов атын­дағы халық шаруашылығы институтында оқиды. Осы инсти­тут қабырғасында оның ғылымға қызығушылығы оянып, ірі ғалым­дардың алдын көреді. Канди­дат­тық, докторлық диссертациясын сәтті қорғап шыққаннан кейін Ал­матыға келіп, ғылыми орталықта жұмыс істейді. Кейін жоғары мек­тепке басшылық етіп, математи­ка­лық әдістер арқылы экономи­каны оңтайландырудың жолда­рын іздестіреді. Осы уақытта Эко­номика институтының директоры Аманжол Қошановпен танысып, академик, ғалымдардың орта­сына түседі. Кейін Марат Кенже­ғозиннің өзі де осы Экономика институтының басшылығына ке­ліп, оны өмірінің соңына дейін ат­қарады. Бұл уақытта ғалым инс­титуттың зерттеу бағыттарын тәуелсіз елдің қажеттілігіне қарай өзгертіп, өзі нарықтық жаңа жағ­дайларда макроэкономика бо­йынша елдегі жетекші экономистердің бірі атанды.

Марат Балғожаұлының бас­тамасымен елде 2003-2012 жыл­дарға арналған индустриалдық-инновациялық мемлекеттік бағ­дарлама қалыптасты. Сонымен қатар ол өңірлік экономика, Еуразиялық және әлемдік экономи­калық қауымдастықтың әлеуетін ел үшін тиімді пайдалану жол­да­рын зерттеді.

Ғалым тәуелсіз қазақ ғылы­мын ұйымдастыруға да күшін сал­ды. Жаңа нарықтық жағдайларда ғылыми ортаға тиісті жағдайлар жасалуын қадағалап, ғылымды бюрократиядан тазартуға кірісті.

Жақсының ізіне еріп, тәлімін көр­ген шәкірттері де көп. Ол дис­сертациялық кеңестерге мүшелік етті. Білім және ғылым министр­лігінің төралқа мүшесі болып, жоғары оқу орындарындағы эко­номика кафедраларының жұмы­сын ұйымдастыруға атсалысты. Шәкірттерге жол көрсетіп, 17 док­торлық, 45 кандидаттық диссер­тацияның жазылуына жетекшілік етті. Ал өзі ел экономикасын байыту туралы 400-дей еңбек жа­риялады. Оның ішінде көлемді 30-ға жуық монография бар. 1999 жылдан бері “Экономика және статистика”, “Транзитная экономи­ка”, “Аналитик”, “Труд в Казах­стане” журналдарының редак­циялық алқасына, “Қазақстан эн­циклопедиясы” журналының бас редакциясына мүше, “Экономика. Әлемдік классика” он томдығы­ның бас редакторы болды. Ғы­лымдағы еңбегі үшін экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпарат­тандыру, Еуразияның халықара­лық экономикалық академияла­рының академигі дәрежелерін ие­ленді. Шоқан Уәлиханов атын­дағы сыйлықпен, “Қазақстан ғылы­мының дамуына қосқан үлесі үшін” төсбелгісімен, “Құрмет” ор­денімен, Кембридж халықаралық биографиялық орталығының ор­денімен марапатталды. Ғылым жолында Марат Бал­ғожаұлы АҚШ, Англия, Франция, ҚХР, Италия, Польша, Малайзия, Жапония т.б. елдерді аралап, тәжірибе алмасты.

Ол ғылыммен қатар қоғамдық іске де белсенді араласты. Пре­зидент жанындағы жоғары эконо­микалық кеңес мүшесі, мем­лекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңес мүшесі, жоғарғы аттеста­циялық комиссияның экономика ғылымы саласындағы эксперттік кеңес төрағасы қызметтерін атқарды. Осы уақытта Парламент пен Үкімет мүшелеріне өз ұсы­ныстарын білдіріп отырды.

Өз ғұмырында еліне өлшеусіз еңбек сіңірген ғалымның атын елі ұмытпайтыны ақиқат. Алайда оның есімін ұрпақ жадында қал­дыру үшін игілікті шаралардың қолға алынғаны дұрыс. Соның бірі өзі оқыған Благовещенка ор­та мектебіне Марат Кенжеғозиннің атын беру дер едім.

Біржан КЕНЖЕҒОЗИН.

СУРЕТТЕ: Солдан оңға Бір­жан, Балғожа, Марат Кенжеғо­зиндар.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp