Өткен ғасырдың басындағы “кіші қазан” саясаты, күштеп ұжымдастыру, асырасілтеушілік, әсіреқызыл науқаншылдық қазақты қынадай қырып, зардабы зор ашаршылыққа алып келді. Ашаршылық жылдары талай қазақ үйін тастап, иен далаға босып кетті. Байтал түгіл бас қайғы болып, өлім құшты. Мұның бәрі қалам ұстаған қауымды ойландырмай қоймады. Аталған тақырыпқа алғаш қалам тартқан қайсар қаламгерлердің бірі – қызылжарлық Жақан Сыздықов еді. Оның “Әли қарттың әңгімесі” поэмасы 1927 жылы жарық көріп, онда алапат жұттың ауыр зардаптары баяндалады. Ашаршылық жылдары туралы ақын:
Жұтқа салып ылаңын.
Ойнатып жын-боранын,
Кімге зәрін шашпады?
Талайлары арандап,
Сұрқия аштық жалаңдап,
Кімге аранын ашпады? – деп жазады.
Өз заманында бұл шығарма ел арасында кең тараған. Аға буын өкілдері “Әли қарттың әңгімесін” оқып өскендерін әлі күнге дейін айтып отырады.
Өкінішке қарай, бұл шығарма ақынның басына қара бұлт үйірді. Кеңестік жүйенің қызыл-көз жендеттері қаламгерді нысанасына алып, талай рет қысым жасады.
Автордың тағдыры туралы профессор Тұрсынбек Кәкішев “Осы фактіні 1937 жылы талайдың сорын қайнатқан қара ниетті жазушы, енді ғана əдебиетінің табалдырығын аттайын деп жүрген екі пысық та ұтымды пайдаланады. Жақанның сағын сындыру үшін осы құбылысты көрінген жерде бетіне басып, өнімді қаламгерлердің қатарынан ығыстырып тастады. Газет-журналдар бірнеше жыл Жақанның шығармасын баспады. Жиналыс-жиындарда идеялық сақтықты күшейту əңгіме болса, Жақанды сынап, көзге түрткі еткені де рас”, – деп жазады.
Әдебиетімізде кейін жазылған Нұрхан Ахметбековтың “Күләндам”, Шахан Мусиннің “Сөнбеген сенім”, Бүркіт Ысқақовтың “Тас еден ызғары” дастандары да осы тақырыпқа арналды. Бұл шығармалар авторларының тағдыры да жеңіл болды деп айта алмаймыз. Бейімбет Майлиннің “Айт күндері” әңгімесін де осы қатарға қосуға болады.
Ашаршылық тақырыбына алғаш болып қалам тартқан қызылжарлық ақын-жазушылардың енді бірі – Байбатыр Ержанов. Оған қатысты 1936 жылы шыққан сот үкімінде “1933 году написал рассказ “За колхоз” носящий явно контрревоюционный характер” деп жазылған. Оған қатысты материалдардың ішінде әлдебір куәгердің осы шығармаға қатысты берген жауабы да келтірілген. “Ержанов в одном своем рассказе “ОЛЕМКШТУ” (“Өлім құшты”) посвященном колхозному строительству излагал исключительно свою алашординскую идеологию и этот рассказ по своему содержанию является явно антисоветским. Ержанов этот свой рассказ дал мне посмотреть и дать рекомендацию для направления в издательство”, – делінген жауапта.
Өкінішке қарай, ашаршылыққа арналған аталған шығарма жарық көрген жоқ. Алайда, құжаттарда, айыптау үшін орысша аударылған кей үзінділері сақталған.
Бір қызығы, үзіндіде баяндалған Үлгі, Богдановка елді мекендері бүгінгі – Жамбыл ауданындағы ауылдар. Үзіндіден Хасен атты кейіпкердің ауылдан шығып, Богдановкаға жаяу кеткенін көреміз. Бүгінде Үлгі мен Богдановканың арасы – небәрі 15 шақырымдық жер. Автордың өзі Жамбыл ауданында болғанын Ғабит Мүсіреповтің естеліктері де растайды. Аталған шығарманың өңір тарихы үшін құндылығы да осында.
Тоқсаныншы жылдардың соңынан бастап ашаршылық, саяси-қуғын сүргін тақырыптары қайта көтеріліп, шығармаларға арқау бола бастады. С.Елубай, Б.Мұқай, Ғ.Жайлыбай сынды ақын-жазушылар осы тақырыптар жайлы ойлы туындылар қалдырды. Әдебиетіміз ілгері дамыған сайын шерлі жылдардың қасіреті де жаңаша көрініс тауып, терең суреттеле түсетініне сенім мол.
Гүлден АСҚАРҚЫЗЫ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.