«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚОШ БОЛ, НАСЫБАЙ!” дейтін кез келді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда билікті бас-көзге қарамай, тілі жеткенше сынау арқылы жұртқа танымал болуды көздеген популистер қара сөзбен де, өлеңдетіп те әжуалап, бұқаралық коммуникация құралдарында жұрт талқысына түсіріп жүрген тақырыптың бірі – насыбаймен күрес.

Біз, бүгінгі аға ұрпақ өкілдері, өз әкелеріміз қонақта бастары қосылғанда қалталарынан мүйіз шақшаларын шығарып, насыбай атып, үй иелерінен түкіргіш сұрап алып, соған шырт-шырт түкіріп, елтіп отырғанын талай көрдік. Кейде араларындағы әншісі қолына домбыра алып, атақты Ақан серінің “Майда қоңырын” шырқап:

“Қағаз шай, ащы насыбай – ер арқасы,

Күйіңе түсіреді қай-қайдағы.

Ай! Қай-қайдағы-ау!”, – деп күңіреніп, ішіндегі шерін тарқатқандай сыңай танытатын. Бірақ бұл әдет бізге тым ерсі һәм мәдениетсіз болып көрініп, көңілімізді баурай алған жоқ. Сондықтан да шығар, біздің замандастарымыздың біразы насыбайға емес, одан гөрі “мәдениеттілеу” шылымға үйірсектеді. Алайда кейінгі кезде ел ішінде, әсіресе, жастар арасында насыбай ату тағы да белең алып кетті.

Шынтуайтында, елімізде насыбайды өндіру мен таратуға бұдан тоғыз жыл бұрын тыйым салынған. Бұл норманы бұзғаны үшін “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекстің 196-бабына сәйкес 25 айлық есептік көрсеткіш (92300 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл да көзделген. Мұндай тыйым ТМД-ға мүше мемлекеттердің ішінде біздің елден бұрын Түркіменстан мен Ресей заңнамаларында қарастырылған болатын.

Бірақ еліміздің құқық қорғау органдары биылға дейін аталған заң нормасының орындалуын жіті қадағалады деу қиын. Сол себепті осы жылғы 13 наурызда Парламент Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы Үкіметке депутаттық сауал жолдап: “Заңда шектеу қойылғанына қарамастан, бұл зиянды зат сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде бала деп, жас деп қарамай, еркін сатылып келеді. Бағасы да қолжетімді, ал залалы шаш-етектен. Оның үстіне бүгінде нысанын өзгертіп, кәдімгі қалташадағы шай секілді қораптап, шақшалап түрлендіріп, “Жевательный табак”, “Снюс”, “Шайба” деген атаулармен таратылып жатыр”, – деді. Халық қалаулысының айтуынша, насыбай – не мәдениетке, не әдепке, не гигиенаға сай келмейтін жиіркенішті қалдықтардан жасалатын зат. Өкінішке қарай, бұрын оны тек үлкен адамдар атқан болса, қазіргі кезде мұнымен балғын жастар, оның ішінде қыздар да әуестеніп жүр. Тіпті ел үміт күтіп отырған спортшы жастар арасында да осы теріс әдеттің қалыпты жағдайға айналғанын қалай түсінуге болады?! Кейбір деректер бойынша, халықтың 10 пайыздан астамы насыбайды қолданады екен.

Халық қалаулысы көтерген осы өзекті мәселеге биылғы 15 наурызда Ұлттық құрылтайдың Атырауда болған үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып: “Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны белгілі: ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, соның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. Насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр. Құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Қазір – ХХІ ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллект қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде, бұл – барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату қажет. Жалпы насыбай өндіріп, оны таратқаны үшін заң жүзінде белгіленген жауапкершілік тым төмен. Қазір осыған қатысты заңдарға түзету енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл – ұлт саулығына да, еліміздің абырой-беделіне де кесірін тигізетін әдет. Біз өркениетті ел боламыз десек, одан толық арылуымыз керек”, – деді.

Мемлекет басшысының айтуы мұң екен, Ішкі істер министрлігі насыбай өндіру мен таратуға қарсы күресті белсене қолға алды. Полицейлер ел аумағында биылғы 18-31 наурыз аралығында арнайы жедел-профилактикалық іс-шара өткізіп, насыбай сияқты шегілмейтін өнімдерді сату мен таратудың 1,6 мыңнан астам дерегін анықтады және олардың 3 тоннасын тәркіледі. Соның ішінде елордамыз – Астана қаласының бір өзінде ғана 2 тоннадан астам насыбай тәркіленгені осы келеңсіз құбылыстың насырға шауып бара жатқанын анық байқатты.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға шекарашылар да жұмыла кірісті. Атырау шекара отрядына қарасты “Құрмангазыавто” тексеру-өткізу пунктінің шекарашылары Атырау – Астрахань бағытымен жол жүріп бара жатқан екі ресейлік азаматтың “ГАЗ 3022” маркалы жүк автомобильдерін тексеру барысында олардың шанақтарына артылған ұнның арасына жасырылған 180 қап, жалпы салмағы 6 тонна насыбайды тауып алған.

Міне, осылайша насыбай мәселесі ушығып бара жатқандықтан, оған қарсы күрес заңнамасын қатайтуға тура келді. Атап айтқанда, қос палаталы Парламентіміз кеңінен талқылап қабылдап, Мемлекет басшысы осы жылғы 19 сәуірде қол қойған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң арқылы Қылмыстық кодекс жаңа 301-1-баппен толықтырылды. Онда насыбай сияқты шегілмейтін темекі бұйымдарын таратқаны үшін 200 айлық есептік көрсеткішке (738400 теңгеге) дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы белгіленген. Ал насыбай өндіргені үшін мүлкі тәркіленіп немесе 2000 айлық есептік көрсеткішке (7 млн. 384 мың теңгеге) дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын болады. Егер насыбай өндіру мен таратумен қылмыстық топ айналысып, ол аса ірі мөлшерде кіріс алумен ұштасса және бірнеше рет жасалса, мүлкі тәркіленіп, 5000 айлық есептік көрсеткішке (18 млн. 460 мың теңгеге) дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына тартылады. Бұл насыбай өндіру және тарату енді бұрынғыдай жеңіл құқық бұзушылық ретінде емес, қылмыстық іс ретінде қарастырылады деген сөз.

Сонымен, “Қош бол, насыбай!” дейтін кез келді, ағайын!

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp