«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әртараптандырудың берері мол

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімінің бірінші орын­басары Марат Тасма­ған­бетов Уәлиханов, Ақжар аудандарына жұмыс сапа­ры­мен барып, егіс науқаны ба­рысымен танысты. Сонымен қатар агроқұрылым басшы­ларымен кездесіп, Ақжарқын және Восход ауылдық округ­те­ріндегі бірқатар ауыл ша­руа­шылығы нысандарын ара­лады.

Алдымен Ақжарқын ауыл­дық округіндегі “Керейт” ша­руа қожалығының егіс алқа­бы­на барды. Шаруашылық бас­шысы Медет Көкешев ма­ңызды науқанның барысы ту­ралы баяндады. Шаруа қо­жалығы егістікті әртарап­тан­дыруды жоспарлы түрде жүр­гізеді, барлық ауыл шаруа­шы­лығы шараларын қатаң сақ­тай отырып, бидай мен арпа­дан басқа техникалық дақыл­дар­ды да егеді.

Шаруа қожалығының егіс­тік алқаптарының жалпы ау­ма­ғы шамамен 10 мың гек­тар­ды құрайды. Шаруашы­лық­та жайылымдық жерлер де бар. “Керейттің” машина-трактор паркі “К-701” және “МТЗ-82” тракторлары, “ДЖОН-ДИР”, “Есіл”, “ЕНИ­СЕЙ” комбайндары, “Бюл­лер” егіс кешендері және тағы да басқа ауыл шаруа­шы­лығы техникаларымен жаб­дық­тал­ған. Шаруа қожа­лы­ғы ірі қара өсіруге де ден қойған.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары аг­роқұрылым­дардың басшыла­рымен кез­десті. Фермерлер­дің өзекті сұрақтарына жауап беріп, биылғы егіс алдыңғы науқан­дардан ауа райының қолайлы жағдайымен ерек­ше­ленетінін атап өтті. Жанар-жағармай, тыңайтқыштар, ауыл­ ша­руашылығы техника­ларын сатып алу секілді мә­селелер­ге қызығушылық та­нытты.

Марат Иманбайұлы ауыл ша­руашылығы құрылым­да­ры­ның басшыларына егінші­лікпен қа­тар мал шаруашы­лы­ғымен, оның ішінде сүт­ өндірісімен, мал азығы­мен, оның ішін­де судан шөбі, жоңышқа өсі­румен айналысу қажет еке­нін атап өтті. Өйткені бұл өн­ді­ріс бүкіл әлем бойынша үл­кен сұранысқа ие. Оң мысал ретінде облыстың озық ша­руа­шылықтарының бірі “Бе­кет” шаруа қожалығының ди­ректоры Марат Шапеновті атады.

Фермерлерді барлық аг­ротехникалық талаптарды қа­таң сақтауға, өндірісті кеңей­туге, жаңа жұмыс орындарын ашуға шақырды, ал мемлекет өз кезегінде ұдайы көмек көр­сетіп отырады.

Кездесуде қаржы ұйымда­рының өкілдері өз тарапынан диқандарды өте тиімді кре­диттер алудың жаңа шартта­ры­мен таныстырды.

Одан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Восход ауыл­дық округіне барып, тәжі­рибелі шаруашылық маманы Әскер Қабдрахманов басқара­тын “Эрсалды” шаруа қожалы­ғының жайылымында болды. Мұнда ол мал шаруашы­лы­ғы­мен, зама­науи техникалық жаб­дықтармен танысып, округтің ауыл ша­руашылығы құрылым­да­рының басшыларымен кез­десу өткізді.

“Эрсалды” шаруашылығы 2020 жылы құрылған. Ауыл ша­руашы­лығы жерлерінің жалпы аумағы 4540 гектарды құрайды, оның ішінде егістік – 3640 га, жайы­лым – 900 гектар. Ірі қара­ның саны – 1473 басты құ­раса, одан бөлек 496 бас жылқы мен 1573 қой бар. Сондай-ақ ша­руа­шылықтың техника паркі трак­тор, комбайн, егіс кешен­дері, жүк тиегіштерімен толық­қан.

“Эрсалды” шаруашылы­ғы­ның жұмысына тиісті бағасын бер­ген облыс әкімінің бірінші орынбасары мал шаруашылы­ғының болашағы зор екенін ерек­ше атап өтіп, өндірісті ке­ңейту бойынша бірқатар ұсыны­сын айтты.

Өңір басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмаған­бетов жұмыс сапарын Уәли­ханов ауданында жалғастырып, егіс алқаптарындағы жұмыс­тардың барысымен танысты.

Жанат Есем­баев басқара­тын “ДН-ТехноСер­­вис” ЖШС Кішкенекөл ауыл­дық округінде орналасқан. Жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тікте ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерлер 1107 гек­тарды құрайды. Оның ішінде егіс алқабы – 991 га, жайылым­дар – 116 га. Биыл 777 гектар егіс алқабына дәнді дақылдар­ды егу жоспарланған. Айта ке­тетіні, аталған шаруа­шылықта барлық агротехника­лық шара­лар қатаң сақталады екен. Биыл­ғы жылы 214 гектар жерде сүдігер жыртылған. Өт­кен жыл барлық шаруашылық­тар­дағы­дай өнім аз болды, дән­ді дақыл­дар бойынша өнімділік гектары­нан 5,6 центнерді құ­рады.

Егіс науқанының барысы­мен танысқаннан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары ал­қап басында ауданның шаруа­ла­рымен кездесу өткізді. Әң­гі­ме­лесу барысында Марат Иман­байұлы егістіктің қалай және қандай мерзімде жүргізі­ле­тіні көп жағдайда егіннің қан­дай болатынына байланысты екенін атап өтті. Барлық агро­техникалық іс-шараларды сақ­тау қажет. Сонымен қатар жұ­мыс барысында жұмысшылар­дың қауіпсіздік техникасын қа­таң сақтауына баса назар ау­дарды. Қажырлы еңбек иелері­нің уақытылы демалуы үшін бар­лық жағдайды жасап, ла­йықты жалақы төлеуді тапсыр­ды. Ал мемлекет өз тарапынан субси­дия­ларды төлеу, кре­дит­тік қа­рыздар беру секілді орасан кө­мек пен қолдау көрсетеді.

Марат Тасмағанбетов Қоң­дыбай ауылының аумағында орналасқан “Жолдасбай агро” фермерлік шаруашы­лы­ғында болды. Шаруашылық басшысы Сүйіндік Жолдасбаев астық қа­былдайтын аумақ 4.5 гектарды құрай­тынын, сыйымдылығы 17 мың тонна болатын 4 қойма са­лын­ғанын мәлімдеді.

Облыс әкімінің бірінші орын­басары бұдан кейін Бидайық ауылдық округінде болып, су тас­қыны кезінде қираған Жұ­мыс­шы ауылындағы көпірді ба­рып көрді.

Жұмыс сапарын қорытын­дылай келе, облыс әкімінің бі­рін­ші орынбасары Марат Тас­мағанбетов Уәлиханов және Ақ­жар аудандарында ауыл ша­руашылығын дамыту, егіс ал­қап­тары бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізіліп жатқа­нын айтты.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp