Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов Уәлиханов, Ақжар аудандарына жұмыс сапарымен барып, егіс науқаны барысымен танысты. Сонымен қатар агроқұрылым басшыларымен кездесіп, Ақжарқын және Восход ауылдық округтеріндегі бірқатар ауыл шаруашылығы нысандарын аралады.
Алдымен Ақжарқын ауылдық округіндегі “Керейт” шаруа қожалығының егіс алқабына барды. Шаруашылық басшысы Медет Көкешев маңызды науқанның барысы туралы баяндады. Шаруа қожалығы егістікті әртараптандыруды жоспарлы түрде жүргізеді, барлық ауыл шаруашылығы шараларын қатаң сақтай отырып, бидай мен арпадан басқа техникалық дақылдарды да егеді.
Шаруа қожалығының егістік алқаптарының жалпы аумағы шамамен 10 мың гектарды құрайды. Шаруашылықта жайылымдық жерлер де бар. “Керейттің” машина-трактор паркі “К-701” және “МТЗ-82” тракторлары, “ДЖОН-ДИР”, “Есіл”, “ЕНИСЕЙ” комбайндары, “Бюллер” егіс кешендері және тағы да басқа ауыл шаруашылығы техникаларымен жабдықталған. Шаруа қожалығы ірі қара өсіруге де ден қойған.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары агроқұрылымдардың басшыларымен кездесті. Фермерлердің өзекті сұрақтарына жауап беріп, биылғы егіс алдыңғы науқандардан ауа райының қолайлы жағдайымен ерекшеленетінін атап өтті. Жанар-жағармай, тыңайтқыштар, ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу секілді мәселелерге қызығушылық танытты.
Марат Иманбайұлы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен, оның ішінде сүт өндірісімен, мал азығымен, оның ішінде судан шөбі, жоңышқа өсірумен айналысу қажет екенін атап өтті. Өйткені бұл өндіріс бүкіл әлем бойынша үлкен сұранысқа ие. Оң мысал ретінде облыстың озық шаруашылықтарының бірі “Бекет” шаруа қожалығының директоры Марат Шапеновті атады.
Фермерлерді барлық агротехникалық талаптарды қатаң сақтауға, өндірісті кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға шақырды, ал мемлекет өз кезегінде ұдайы көмек көрсетіп отырады.
Кездесуде қаржы ұйымдарының өкілдері өз тарапынан диқандарды өте тиімді кредиттер алудың жаңа шарттарымен таныстырды.
Одан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Восход ауылдық округіне барып, тәжірибелі шаруашылық маманы Әскер Қабдрахманов басқаратын “Эрсалды” шаруа қожалығының жайылымында болды. Мұнда ол мал шаруашылығымен, заманауи техникалық жабдықтармен танысып, округтің ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесу өткізді.
“Эрсалды” шаруашылығы 2020 жылы құрылған. Ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы аумағы 4540 гектарды құрайды, оның ішінде егістік – 3640 га, жайылым – 900 гектар. Ірі қараның саны – 1473 басты құраса, одан бөлек 496 бас жылқы мен 1573 қой бар. Сондай-ақ шаруашылықтың техника паркі трактор, комбайн, егіс кешендері, жүк тиегіштерімен толыққан.
“Эрсалды” шаруашылығының жұмысына тиісті бағасын берген облыс әкімінің бірінші орынбасары мал шаруашылығының болашағы зор екенін ерекше атап өтіп, өндірісті кеңейту бойынша бірқатар ұсынысын айтты.
Өңір басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов жұмыс сапарын Уәлиханов ауданында жалғастырып, егіс алқаптарындағы жұмыстардың барысымен танысты.
Жанат Есембаев басқаратын “ДН-ТехноСервис” ЖШС Кішкенекөл ауылдық округінде орналасқан. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 1107 гектарды құрайды. Оның ішінде егіс алқабы – 991 га, жайылымдар – 116 га. Биыл 777 гектар егіс алқабына дәнді дақылдарды егу жоспарланған. Айта кететіні, аталған шаруашылықта барлық агротехникалық шаралар қатаң сақталады екен. Биылғы жылы 214 гектар жерде сүдігер жыртылған. Өткен жыл барлық шаруашылықтардағыдай өнім аз болды, дәнді дақылдар бойынша өнімділік гектарынан 5,6 центнерді құрады.
Егіс науқанының барысымен танысқаннан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары алқап басында ауданның шаруаларымен кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында Марат Иманбайұлы егістіктің қалай және қандай мерзімде жүргізілетіні көп жағдайда егіннің қандай болатынына байланысты екенін атап өтті. Барлық агротехникалық іс-шараларды сақтау қажет. Сонымен қатар жұмыс барысында жұмысшылардың қауіпсіздік техникасын қатаң сақтауына баса назар аударды. Қажырлы еңбек иелерінің уақытылы демалуы үшін барлық жағдайды жасап, лайықты жалақы төлеуді тапсырды. Ал мемлекет өз тарапынан субсидияларды төлеу, кредиттік қарыздар беру секілді орасан көмек пен қолдау көрсетеді.
Марат Тасмағанбетов Қоңдыбай ауылының аумағында орналасқан “Жолдасбай агро” фермерлік шаруашылығында болды. Шаруашылық басшысы Сүйіндік Жолдасбаев астық қабылдайтын аумақ 4.5 гектарды құрайтынын, сыйымдылығы 17 мың тонна болатын 4 қойма салынғанын мәлімдеді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары бұдан кейін Бидайық ауылдық округінде болып, су тасқыны кезінде қираған Жұмысшы ауылындағы көпірді барып көрді.
Жұмыс сапарын қорытындылай келе, облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов Уәлиханов және Ақжар аудандарында ауыл шаруашылығын дамыту, егіс алқаптары бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізіліп жатқанын айтты.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.