Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында ауаға таралатын ластаушы заттардың үлесі 33,7 пайызға ұлғайғаны айтылды. Оның 70 пайыздан астамы “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ-ға тиесілі.
“Аққайыңдар өлкесі” аталатын Қызылжар өңірінің ауасы таза дегенді жиі естуші едік. Себебі бізде ауаға түрлі зиянды қалдықтар тарататындай ірі өнеркәсіп орындары жоқ. Дегенмен соңғы жылдары саф ауаның сынын кетіретін зиянды заттардың үлесі артып барады. Тиісті сала өкілдерінің сөзіне сүйенсек, өткен жылы “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ жылу және электр энергиясын өндіру үшін 2 млн. тоннадан астам Екібастұз көмірін және 3,5 мың тонна мазут жаққан. Салдарынан кеңістікке 24,6 мың тонна қалдық тараған. Бұл бұрынғы жылдардағы көрсекіштен әжептәуір көп.
“СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы Николай Максимов 2023 және 2022 жылдарды салыстырғанда айтарлықтай өсім бар екенін растады. Көрсеткіш 18,39 мың тоннадан 24,6 мың тоннаға дейін немесе 33,7 пайызға ұлғайған. Бірақ мұның да өз себебі бар.
– Былтыр жылу және электр энергиясын өндіру көлемі артты. Мысалы, электр энергиясы 43,8 пайызға көп өндірілді. Тиісінше, атмосфераға таралған ластаушы заттардың үлесі көбейді. Қазіргі таңда компания тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Николай Максимов.
Өндірістік экологиялық бақылау аталған компанияның барлық объектілерде жүзеге асырылады. Өткен жылдан бастап №3 түтін мұржасына мониторингтің автоматтандырылған желісін енгізу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж, іске қосу-жөндеу жұмыстары аяқталған. Желінің деректерді беру жолын жүйелендіру үшін Smart Bridge тұғырнамасына қосылған. Бұл тұғырнама қажетті ақпараттарды қоршаған ортаны қорғаудың ұлттық деректер банкіне беру үдерісін жүзеге асырады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.