Адам өмірінің ең бір кемеліне келіп, толысып, жүрекке даналық пен дегдарлық ұялаған шағы ақсақалдық қой. Кейде бізге жаңылғанда жөн сілтеп, өмірімен үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ақсақалдар жетпейтін сияқты көрінеді. Бар ғұмырын халқына арнап, өмірінің соңғы сәтіне дейін қоғамдық істен, қалам жұмысынан ажырамаған адам – ардақты әкем Балғожа Кенжеғозин еді.
Балғожа Кенжеғозин 1902 жылы Жамбыл ауданы, Есперлі ауылында дүниеге келген. Өзінің шыққан тегі туралы әкемнің “Осы өлеңнің иесі – Балғожа атым, Орта жүз Көшебе-Керей арғы затым” деп жазған өлеңі бар.
Бұрынғының адамдары өмірді ерте танып, еңбекке бала кезден араласқан ғой. Балғожа Кенжеғозин де 11 жасынан бай есігінде жұмыс істей бастады. Тағдыр тауқыметі адамды биікке бастап, ширатады емес пе? Әкем де көрген қиындығына қарамастан ет тірілігінің арқасында хат таныды. Кейін үлкен оқуға қолы жетіп, бірнеше жерде ауылдық кеңестің, тұтынушылар одағының төрағасы болды. 1940-1942 жылдары еңбек армиясы қатарында Орал қорғаныс зауытында жұмыс істеді.
Балғожа Кенжеғозин 1943 жылы өз еркімен майданға сұранды. Орал ерікті танк корпусының құрамында Орталық майдан шебінде бөлімше командирі болды. Соғыста жүріп өзінің батыл шешімдерімен, ерлік істерімен көзге түсті. Бірде ұрыс үстінде ротада тірі қалған жауынгерлерді өзі басқарып, жауға қарсы тұрғаны бар. Сөйтіп, жаудың шебін бұзып, өз жауынгерлерімен қосылды. Оған бұл ерлігі үшін 1 дәрежелі “Отан соғысы” ордені берілді. Өкінішке қарай, Курск түбіндегі шайқас Балғожа Кенжеғозиннің денсаулығына ауыр залал келтіріп, елге оралды. Әкем ел ішіне келгеннен кейін де қарап жатқан жоқ. Преснов ауданындағы “Айымжан”, “Қарағаш” совхоздарын басқарды. Тың игеруге белсенді араласып, “Жамбыл” кеңшарының негізін салушылардың бірі болды. Осылайша 1966 жылы құрметті демалысқа шыққанша тізе бүккен кезі жоқ. Оның жауынгерлік жылдарынан бөлек, бейбіт күнде алған марапаттары да – бір төбе.
Балғожа ақсақал – бойына біткен өнерімен де көпке танылған жан. Оның суырыпсалма ақындығы, шешендігі, ауыз әдебиетіне жетіктігі көзін көрген адамдардың таңданысын туғызатын. Бұдан бөлек, ол ескі жыр-дастандарды, небір фольклор үлгілерін, Қожаберген жырау, Тоқсан би, Сегіз сері, Шағырай шешеннің туындыларын жаңылмай жатқа айтатын еді. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтердің елге келген сайын әкеммен кездесіп кететіні де оның бойындағы дарынының қаншалықты зор екенін көрсетеді.
Әкем әдебиет үлгілерінің шебер орындаушысы, насихаттаушысы болумен қатар өзі де бірқатар шығармалар жазды. Оның “Ақ бүркіт”, “Әлім мен Рәзия”, “Әсет-Әсия” сынды туындылары – ұрпағы үшін өшпес мұра. Бұл шығармаларының біразы өз уақытында облыстық газетке де жарияланып, оқырман қауымның бағасын алды.
Әкем Жәмила анамызбен бірге 7 бала тәрбиелеп өсірді. Ұл-қызының бәрі бір-бір маман иесі атанып, олардан өрген немере-шөберелері ата есімін ардақтап келеді.
Балғожа Кенжеғозин аузы дуалы, сөзі уәлі, ескілікті тарихты, ауыз әдебиетін молынан білетін қазақ ақсақалдарының соңы еді. Мінезі де байыпты, сыпайы, салмақты болатын. Ол туралы жазушы, журналист Жарасбай Сүлейменов “Бәкеңді ел құрметіне бөлеген, абырой биігіне өрлеткен, ең алдымен, қарапайымдылығы дер едім. Ол кісі болдым-толдым деп асып-тасуды білмейтін. Ішкі мәдениеті өте жоғары адам болды. Үлкенге де, кішіге де “сіз” деп сөйлейтін. Жүрек жылуының молдығы соншалық, кез келген адамды ерекше бір мейірім шуағына бөлеп, бірден баурап алатын” – деп жазады. Балғожа Кенжеғозиннің мейіріміне бөленіп, тағылымын көріп өскен азаматтар көп. Олардың бәрі кейін елінің тізгінін ұстаған өз саласының майталмандарына айналды. Солардың бірі Қосыл Омаров әкем жайлы: “Мен тәубе деп, өмірге риза болатыным, шынымды айтсам, осындай жақсы ағаларыммен көп кездесіп, ақыл-кеңестерін естіп, істерінен үлгі алып өстім, ағалардың жұмсақ алақандарының жылуын сезініп, өмір жолыма бағдарлама алып отырдым”, – деп жазады. Әкемнің көзін көрген жандардың осындай жылы естеліктері көп. Олардың біразы 2013 жылы жарық көрген “Өмірде ізін де, ісін де қалдырған” атты жинақта жарық көрді. Балғожа Кенжеғозиннің өзі жазған жыр-дастандар, ел аузынан жинаған ауыз әдебиеті үлгілері мен ақын, шешендердің сөздері де осы кітапқа жинақталған.
Ыбырай Алтынсарин сияқты алаштың данасын өсірген Балғожа би сияқты менің Балғожа әкем де ғылымның қиясына қанат қаққан бір ғалымды тәрбиелеп шығарды. Ағам Марат Кенжеғозин экономика ғылымын зерттеп, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қазақ ғылымының ілгерілеуіне өз үлесін қосты. 30 мамырда ардақты ғалымның дүниеге келгеніне 85 жыл толады.
Марат Кенжеғозин Жамбыл ауданындағы Благовещенка орта мектебін тамамдағаннан кейін Мәскеудегі Г.В.Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтында оқиды. Осы институт қабырғасында оның ғылымға қызығушылығы оянып, ірі ғалымдардың алдын көреді. Кандидаттық, докторлық диссертациясын сәтті қорғап шыққаннан кейін Алматыға келіп, ғылыми орталықта жұмыс істейді. Кейін жоғары мектепке басшылық етіп, математикалық әдістер арқылы экономиканы оңтайландырудың жолдарын іздестіреді. Осы уақытта Экономика институтының директоры Аманжол Қошановпен танысып, академик, ғалымдардың ортасына түседі. Кейін Марат Кенжеғозиннің өзі де осы Экономика институтының басшылығына келіп, оны өмірінің соңына дейін атқарады. Бұл уақытта ғалым институттың зерттеу бағыттарын тәуелсіз елдің қажеттілігіне қарай өзгертіп, өзі нарықтық жаңа жағдайларда макроэкономика бойынша елдегі жетекші экономистердің бірі атанды.
Марат Балғожаұлының бастамасымен елде 2003-2012 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық мемлекеттік бағдарлама қалыптасты. Сонымен қатар ол өңірлік экономика, Еуразиялық және әлемдік экономикалық қауымдастықтың әлеуетін ел үшін тиімді пайдалану жолдарын зерттеді.
Ғалым тәуелсіз қазақ ғылымын ұйымдастыруға да күшін салды. Жаңа нарықтық жағдайларда ғылыми ортаға тиісті жағдайлар жасалуын қадағалап, ғылымды бюрократиядан тазартуға кірісті.
Жақсының ізіне еріп, тәлімін көрген шәкірттері де көп. Ол диссертациялық кеңестерге мүшелік етті. Білім және ғылым министрлігінің төралқа мүшесі болып, жоғары оқу орындарындағы экономика кафедраларының жұмысын ұйымдастыруға атсалысты. Шәкірттерге жол көрсетіп, 17 докторлық, 45 кандидаттық диссертацияның жазылуына жетекшілік етті. Ал өзі ел экономикасын байыту туралы 400-дей еңбек жариялады. Оның ішінде көлемді 30-ға жуық монография бар. 1999 жылдан бері “Экономика және статистика”, “Транзитная экономика”, “Аналитик”, “Труд в Казахстане” журналдарының редакциялық алқасына, “Қазақстан энциклопедиясы” журналының бас редакциясына мүше, “Экономика. Әлемдік классика” он томдығының бас редакторы болды. Ғылымдағы еңбегі үшін экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру, Еуразияның халықаралық экономикалық академияларының академигі дәрежелерін иеленді. Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықпен, “Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін” төсбелгісімен, “Құрмет” орденімен, Кембридж халықаралық биографиялық орталығының орденімен марапатталды. Ғылым жолында Марат Балғожаұлы АҚШ, Англия, Франция, ҚХР, Италия, Польша, Малайзия, Жапония т.б. елдерді аралап, тәжірибе алмасты.
Ол ғылыммен қатар қоғамдық іске де белсенді араласты. Президент жанындағы жоғары экономикалық кеңес мүшесі, мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңес мүшесі, жоғарғы аттестациялық комиссияның экономика ғылымы саласындағы эксперттік кеңес төрағасы қызметтерін атқарды. Осы уақытта Парламент пен Үкімет мүшелеріне өз ұсыныстарын білдіріп отырды.
Өз ғұмырында еліне өлшеусіз еңбек сіңірген ғалымның атын елі ұмытпайтыны ақиқат. Алайда оның есімін ұрпақ жадында қалдыру үшін игілікті шаралардың қолға алынғаны дұрыс. Соның бірі өзі оқыған Благовещенка орта мектебіне Марат Кенжеғозиннің атын беру дер едім.
Біржан КЕНЖЕҒОЗИН.
СУРЕТТЕ: Солдан оңға Біржан, Балғожа, Марат Кенжеғозиндар.