«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тігіншілік – тиімді кәсіп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сан ғасырдан бері қазақ әйелінің қоңыр тіршілігінің бір қабаты тігіншілікпен байланысты болған. Он саусағынан өнер тамған қандасымыз Нұрсәуле Жайлаубай осыдан 10 жыл бұрын Қытай елінен отбасымен бірге Есіл ауданы Бірлік ауылына қоныс аударған. Қазір осы ауылда халықтың сұранысына байланысты үйден алысқа бармай-ақ кәсібін дөңгелетіп отыр.

Тігін тігу үшін адамға ептілік, шеберлік, шыдам керек. Нағыз маманның қолынан шыққан дүние ғана үйлесімін тауып, әдемі көрінеді. Нұрсәу­ленің іс бөлмесіндегі ою-өрнекті кестемен кестеленген сәнді ұлт­тық киімдер, моншақтармен өрнектелген сәу­келелер, балалардың ұлттық киім­дері тігіншінің көз майын тауысып, бар ынта-жігерін салға­нын аңғартады. Сонымен қатар ұлттық киімдерді тігуде қара­пайымдылық пен жинақылыққа ерекше мән беретіні сүйсінтеді.

Тігінші сөз арасында істеп жатқан еңбегі үлкен ыждағат­тылық пен табандылықты талап ететіндіктен, үнемі ізденіс үстін­де жүретінін айтып қалды. Өйт­кені заманның талабы мен ағы­мына сай сұранысқа ие бо­латын ұлттық киімдерді тіккен­ді жөн санайды.

Нағашы әпкесінің “Кәсіп нан сұрамайды, өзі тамақтандыра­ды. Болашақта керек болады”, – де­ген ақылына құлақ түріп, тігінші­лікке ден қойған. Кейін өзі аңса­ған Қазақстанға, қазіргі тұрып жат­қан Бірлік ауылына көшіп келгеннен кейін ұлттық киімдерге сұраныстың жоғары екенін бай­қап, қазақы қамзол мен ша­паннан бастап, бесікке салу, тұ­сау кесер, тұскиіз, қыз жасауына қолжетімді бағада тапсырыстар қабылдап, табыстың көзіне ай­налдырған.

Нұрсәуле қайтарымсыз грант ұтып, заманауи тігін машиналарын са­тып алуды және кәсібін кеңейтуді армандайды. Оған себеп – үйдің бір бөлмесі тарлық етеді, он жыл бұрын алынған тігін машина­лары ескіргендіктен, жиі бұзы­лып, кей кездері кәсібі тоқтап қалады.

“Ауылға көшіп келген жылда­ры шалбардың балағын қысқар­тумен айналысып жүрдім. Кейін ұлттық киімдерге, қыз жасауы, киіз үй жабдығы мен әшекейлі әйелдер бас киіміне тапсырыс қабылдай бастадым. Тапсырыс көбейген уақытта түннің бір уағына дейін отырамын. Тіпті са­наулы күнде 40 домбырашы оқушыға киім тіккен кездерім де болды.

Үкіметтің кәсіпкерлерге беріп жатқан қайтарымсыз несиесін ұтып, замануи тігін машинала­рын сатып алсам, жұмысым бі­раз жеңілдеп қалар еді. Қасыма көмекшілер алып, ұлттық киім­дерді бұдан да ерекше қылып тігер едім. Бірақ жаңа бизнес-идея­ларды іске асыру үшін бері­летін мемлекеттік несиелерге не­месе грантқа қол жеткізу үшін жұмыссыз болуың шарт. Ал тігін­шілік – менің қосымша табысым. Мектептегі тұрақты жұмысым­нан шығып кетуге болмайды. Егер бағыт берер адам болса, идеям көп, ынта-жігерім жетеді”, – деп ағынан жарылды “Күміс алқа” иегері Нұрсәуле Жай­лаубай.

Сөзінше, ұлттық және сахна­лық киімдерге тапсырыстар осы ауылдағы мектеп оқушылары­ның ата-аналары мен ұстаздарынан, жеке адамдардан жиі тү­седі. Көрші Николаевка ауылы­ның тұрғындары да тапсырыс береді.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, жалпы ұлт мәдениеті – халық өмірінің ай­насы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тіке­лей байланысты. Ал қандасы­мыз Нұрсәуле секілді тігіншілер­дің қолынан шыққан ұлттық киім­дер қазақтың рухын одан бетер асқақтатары анық.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp