Бүгінде өңірде 10 мыңнан астам NEET санатындағы жас бар. Оқуға бармайтын, әрі жұмыс істемейтін бұл топтағы тұрғындардың мәселесін шешу – жастар саясатымен айналысатын ұйымдар жұмысының басым бағыттарының бірі. Мемлекет тарапынан да жыл сайын түрлі жобаларға қолдау көрсетіліп, гранттар бөлініп келеді.
“Zhas project” жобасы да – екі қолға бір күрек таппаған жастарды қолдауға арналған игілікті бағдарламалардың бірі. Жыл сайын ел бойынша жүздеген жас жоба аясында өздерінің әлеуметтік, бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін 1 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз грант иеленіп келеді. Биыл аталған грантты 8 қызылжарлық жас алды.
Жоба жеңімпаздарын марапаттау салтанаты қалалық жастар ресурстық орталығында өтті. Орталық директоры Дамир Абдин грант иегерлеріне қаржыны игеру талаптарын түсіндіріп, келісімшарт жасасты.
Бұл – жастарға өз идеяларын жүзеге асырып, кәсібін дамыту үшін таптырмас мүмкіндік. Жыл сайын өтетін іріктеуге түрлі жобалар келіп түседі. Былтыр 6 солтүстікқазақстандық грант иеленсе, биыл қайтарымсыз 1 млн. теңге 8 жасқа бұйырды. Грантқа жалпы саны 33 өтініш келіп түсті. Негізгі талап – қатысушының NEET санатынан болуы.
Грант иегерлерінің арасында соңғы жылдары бала күтімімен үйде отырған аналар, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар да бар. Олардың ұсынған жобалары да түрлі бағытта.
– Мені сұлулық саласы қызықтырады. Осы бойынша курстан өттім. Алайда 5 жыл декреттік демалыста болып, бастаған ісім аяқсыз қалды. Биыл “Zhas project” туралы естіп, бақ сынап көруді шештім. Сұлулық саласында бірнеше мамандықты меңгердім. Алдағы уақытта өз білгеніммен бөлісіп, тегін шеберлік сағаттарын өткізуді жоспарлап отырмын, – дейді жоба жеңімпазы Виорика Депершмидт.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Аяжан НҰРАХМЕТ.