«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҰРҚИЯ САЯСАТТЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымызға қарсы жасалған қасіреттің таңбаланып, күнтізбеге енгізілгеніне биыл 26 жыл толады. Бірақ қуғын-сүргіннің қасіреті, аштық жылдардың ақиқаты, қазақты ұлт ретінде жою саясатының сұрқия жоспары толық ашылды деп айтуға әлі ерте. Түбіне тереңдей берсең, талай тағдыр мен тың деректердің шығары анық. Бас көтергенін баудай түсірген сол кездегі биліктің айқын бет-бейнесін бүгінгі ұрпақ танып-білуі тиіс.

“Ұлттың қасіретін ұлықтай алмаған ұлт ұлттық қуанышын да ұлықтай алмайды”, – деп текке айтылмаған. Қазақ халқының ХХ ғасырда басынан өткерген қасіретіне қатысты мәселелерді терең зерттеп жүрген тарихшы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық офисінің жетекшісі ретінде сезінгенім, ұлттық қасіретті ұмытуға, оның тарихи салдарына жеңіл қарауға әсте болмайды. Мемлекет басшысының “егер біз 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтірмесек, онда әділетті мемлекет пен демократиялық қоғам құра алмаймыз”, – деген сөзі әлі күнге дейін санамда жаңғырып тұр. Ең бастысы, ғылыми-теориялық тәжірибелік тұрғыдан ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже бар. Осы жылдар ішінде көп деңгейлі жұмыс атқарылды. Алға қойған мақсатымызға терең бойлай отырып, әдіснамамыз бен тәсілдерімізді жан-жақты толыққанды игерудің арқасында комиссия мүшелері мен ғалымдар, сарапшылар декоммунизация мен деколонизацияның нақты үдерістерін анықтап берді. Сіресіп қалған бұл жүйе, әсіресе, күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының қызметінде анық байқалды.

Бүгінде мемлекеттік комиссия жұмысы аясында кеңес кезіндегі жаппай саяси қуғын-сүргін мәселелерін мемлекеттік деңгейде шешудің және Қазақстандағы қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаудың жаңа тұжырымдамасы қабылданып, қолданылып келеді. Онда қуғын-сүргіннің ерекшеліктері айқындалып, зардап шеккендер мен құрбандардың негізгі (базалық) санаттары белгіленген. Жалпы бұл бағытта деректі материалдар ғана емес, сонымен бірге үлкен ғылыми-теориялық капитал жинақталды десе де болады. Тарихшы, заңгер, саясаттанушы, ғалымдар мен басқа да қоғамтанушылардың алдында тұрған ендігі міндет – жаңа ғылыми-тақырыптық бағыттарды одан әрі дамыту. Соның бірі ең үлкен террор және жаппай қуғын-сүргіннің басы саналатын “кіші қазан” саясатын күштеп іске асыруға қатысты. Бұл – Қазкрайкомның бірінші хатшысы Ф.Голощекиннің И.Сталинмен келісілген авантюралық шешімдер қабылдауының ауыр салдары екенін жұртшылық енді біліп жатыр. Осы саясатқа қарсы шыққандардың барлығын, яғни келіспеушілік пен қарсылық білдіргендерді қатаң жазалау акцияларымен сағын сындырған, ел тарихындағы бұрын-соңды болмаған трагедияға айналдырған. Жасыратыны жоқ, бұл тақырып жан-жақты әрі терең зерттелген жоқ. Биліктің көзқарасы, оның жүйелі жүргізіп келген іс-әрекеттерінің басты көздегені қазақ халқының тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудің қалыптасқан әлеуметтік-шаруашылық қауымдастығын жою болды. Мұны айғақтайтын материалдар жеткілікті болғанымен, нақты саяси бағаның берілмей келгені өкінішті. Құпиясыздандырылған құжаттар бүкіл ауыл мен аудан халқы аштықтан қырылып жатқанда мал, ет, астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін тәркілеу жөніндегі саяси науқандардың жалғасқанын айғақтайды. Большевиктік-сталиндік биліктің қолшоқпарлары – Ф.Голощекин, оған белсенді қолдау көрсеткен ОГПУ органдары, қызыл әскер, милиция бөлімдері, прокуратура органдары мен соттардың қолдап-қолпаштауымен “голощекиндік” революция жүйелі түрде жүзеге асырылды. Олар мемлекеттік зорлық-зомбылық, жаппай саяси қуғын-сүргін, соның салдарынан болған орасан зор құрбандықты, халықтың жаппай қырылуын екінші дәрежелі мәселе санады.

Мемлекеттік комиссия архивтер әдіснамасы және құпиясыздандыру жөніндегі кешенді іс-шараларды атқару мақсатымен кіші комиссиялар және 10 ғылым-зерттеу жұмыс тобын, сондай-ақ, қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандардың негізгі санаттарын кешенді зерттеу үшін облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда өңірлік комиссиялар, ал олардың жанынан тақырыптық бағыттар бойынша жұмыс топтарын құрды. Олардың құрамына 240-тан астам ғалым мен сарапшы тартылып, құпия құжаттарға қол жеткізілді. 2 млн. 400 мыңнан астам архив құжаты құпиясыздандырылып, 311 мыңнан астам құрбандар мен зардап шеккендер ақталды. Ең алдымен, кеңестік кезеңде, еліміздің тәуелсіздігі жылдарында қолданылған ақтаудың бұрынғы тәсілдері мен тәжірибесі, большевиктік-сталиндік биліктің мемлекеттік саясаты дербес зерттелді. Кеңес одағы, Қазақ автономиясы мен кеңестік республикалардың партиялық-кеңестік органдары қабылдаған негізгі мемлекеттік актілерге, қазақстандықтардың жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырауына түрткі болған жазалаушы органдар қабылдаған негізгі актілерге ғылыми-құқықтық талдау жүргізілді. Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерді зерттеудің өзіндік қағидаттары мен критерийлері түзіліп, отандық әдіснамасы әзірленді. Мәселен, мемлекеттік комиссия, кіші комиссиялар және жұмыс топтарының мүшелеріне жалпы әдіснама, жадынама нұсқаулықтар дайындалды. Біздің көздегеніміз – өзге халықтар мен басқа мемлекеттерді кінәлап, жау іздеу емес, жазықсыз құрбандар мен зардап шеккен отандастарымызды саяси қуғын-сүргіннен толық ақтауға бағдарланды.

Мемлекеттік комиссия мен жұмыс топтарының мүшелері күштік құрылымдарға да архив құжаттарын құпиясыздандыруға көп көмектесті. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларының болмауына, сақтау мерзімінің аяқталуына (80-100 жыл) байланысты оларда сақталған материалдарды құпиясыздандыру қажеттігі дәлелденді. Бұл жұмыстардың барлығы ғылыми, құқықтық жоспардағы халықаралық өлшемдерге сүйене отырып іске асырылды. Тарихи оқиғалар мен ақиқат фактілерге, мемлекеттік органдар мен тарихи қайраткерлердің рөлі мен қызметіне баға беруде мемлекеттік ұстанымда болу шарт.

Былтыр жарық көрген қуғын-сүргін тарихына арналған құжаттар мен материалдардың 31 томдық жинағына негізінен отандық архивтерден, бұрын жабық болған, сондай-ақ шетелдік қорлардан жаппай саяси қуғын-сүргінге құжаттық негіздеме болған кеңес одағы мен Қазақстанның партиялық-кеңестік органдарының, сондай-ақ олар құрған күштік құрылымдар, орталық және жергілікті арнайы органдардың актілері топтастырылды. Жоғары тұрған органдар мен лауазымды тұлғалардың құқық қолдану практикасының құжаттары (циркулярлар, хабарламалар, ақпарат, актілер, есептер, айыптау қорытындылары мен үкімдері, т.б.) қоса тіркелді. Жинақтың алғашқы он томына тақырыптық бағыттар, аймақтардағы жаппай саяси қуғын-сүргін материалдары жинақталды. Құжаттардың дені бұрын жарияланбаған. Меніңше, кеңестік кезеңнің жаңадан құпиясыздандырылған материалдары белгілі бір құбылыстарды, фактілерді, цифрлық деректерді объективті бағалауға мүмкіндік берері сөзсіз. Бір мысал. Бұған дейін отандық ғалымдар мен зерттеушілер елімізден шетелге еріксіз кеткен миллионнан астам босқынды “көшпенділер”, тіпті кеңес өкіметінің шешімдеріне қарсы шыққан “бандалық құрылымдар” деп баға беріп келген болатын. Отандастарымыздың елден қашуының себептері мен мән-жайларына тереңірек үңілсек, талдау қорытындылары олардың “мәжбүрлі босқын” мәртебесінің белгілеріне жататындығын айғақтайды. Алдағы уақытта қабылданатын заңдардың бірі қуғын-сүргін құрбандарының жекелеген санаттарын саяси ақтау қажеттігінен туындап отыр. Бұлар – марксизм-ленинизмге қайшы келетін ғылыми идеялары үшін құрбан болған ғалымдар мен шығармашылық адамдар, дін қызметкерлері, Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күресушілер және тағы басқалар. Осы санаттағы құрбандар үшін үкімнің қарапайым күшін жою, яғни заңдық тұрғыдан ақтай салу жеткіліксіз. Олардың ұрпақтары талай жылдан бері патриотизм мен жанкештілік ерліктерін ақтауды талап етіп келеді. Бұл жағдайда құқықтық қатынастардың тәуелсіз блогі, реттеудің жеке пәні, ақтау мен тағзым етудің құқықтық механизмі қажет. Мұндағы субъектілер (құрбандар) – қылмыскерлер емес, өздерінің рухани құндылықтарын сақтап, қорғаған адамдар, қазақ халқының бостандығы, Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы, сондай-ақ орасан зор ғылыми жаңалықтар мен қорытындылар әзірлеушілер. Тағы бір заң 1 миллионнан астам мәжбүрлі босқын мен олардың Қазақстаннан тыс жерде тұратын ұрпақтарына қатысты. Осы идеяларымыз бен ойларымыз орындалса, Мемлекет басшысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі алға қойған міндеттері толығымен жүзеге асары шүбәсіз.

Мемлекеттік комиссияның бастамасымен мемлекеттік, күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының арнаулы архивтерінде саяси қуғын-сүргінге қатысты барлық архив қорын жүйелеу, түгендеу ісі жалғасып келеді. Жоғарғы сотта, прокуратура органдарында, ҰҚК, Әділет министрлігінде салалық архив құжаттарын құпиясыздандыру бойынша тұрақты жұмыс істейтін комиссиялар бар.

Сабыр ҚАСЫМОВ,

“Қаhармандар” республикалық қоғамдық қорының президенті, заң ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp