Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Айыртау ауданында болып, кәсіпорындардың жұмысымен танысып, егіс науқанының барысын бақылады. “Saumalkol Sut” серіктестігі ірімшік өндірісіне арналған цехті жаңғыртып жатыр. Нәтижесінде жылына 450 тонна ірімшік өнімдері шығарылмақ.
Өңір басшы “Таза Қазақстан” акциясы аясында ауылдарды абаттандыру жұмыстарын көріп, өртке қарсы күреске арналған шараларды тексерді. Сонымен қатар аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Атап айтқанда, балаларды қолдау орталығы мен Константиновкадағы мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауданда сумен қамту мәселесі де шешілуде. Шалқар мен Антоновка ауылдарында локалды су жүйесі мен тарату желілері салынып жатыр. Соңғысында 437 үй су құбырына қосылмақ.
“Агро Елецкое” ЖШС 400 гектарда тамшылатып суару жобасын жүзеге асырып, оның аумағын 1 мың гектарға жеткізбек. Оған қоса, 10 мың тонналық жаңа көкөніс сақтау қоймасын салып жатыр. Оның қуаттылығын 35 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Бұл шаруашылықта қазіргі заманғы технологиялар енгізілуде, нақты уақыт режімінде дала жағдайында топырақ параметрлерін көрсететін цифрлық анализатор қолданылуда.
Облыс әкімі тарихи мекен – Айғаным қонысында болып, туризм саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Мемлекет Имантау-Шалқар курорттық аймағын инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, инвесторлар үшін тартымды жағдай жасауда. Жыл бойы жұмыс істейтін экоқонақ үйлерді, глэмпингтер мен автокараванингті дамыту үшін курорттық аймақтағы инвесторларға 19 жер учаскесі берілген. Бұл курорттық аймаққа туристер ағынын екі есеге өсіруге мүмкіндік береді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.