«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Алаш жолы — азаттық жолы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен ғасырдың басындағы күштеп ұжымдастыру, асы­ра­сілтеушілік, саяси қуғын сүргін қазақ тарихының қасіретке толы қанды беттеріне жазылды. Осы жылдары қаншама арыстар жазықсыз құрбан бо­лып, ұлтымыз өзінің бас көте­рер азаматтарынан айырылып қалды. Кеңестік жүйенің қызыл оғы ұлт зиялыларын нысанаға алып, қазақ даласында бұрын соңды болмаған қасіретті ке­зең басталды. Тәуелсіздік ал­ға­лы бері тарихтағы ақтаңдақ­тарды ашып, есімі ұзақ жыл­дар тасада қалып келген арыс­тарымыздың өмірін зерттеп, ақтау ісі нықтап қолға алынды. Бірнеше жыл бұрын саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақ­тау жөнінде арнайы комиссия құрылып, көлеңкеде қалған есім­дер қайта жаңғырды. 31 ма­мыр – Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде Қызылжар жұрт­шылығы сол жылдары қуғын көрген азаматтарды еске алды.

Еске алу шарасы облыс ор­талығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ес­керткішке гүл шоқтарын қою­дан басталды. Қуғын көрген аза­маттардың ұрпақтары, бел­гі­лі ғалымдар, зерттеушілер, қала тұрғындары ескерткіш алдына жиналып, марқұмдар­­дың рухтарына тағзым етті.

“Мен Есіл ауданындағы Жар­қайың ауылының тума­сы­мын. Әкем Нұрахмет Қазиев на­қақ сотталып, Қарағанды түр­месінде отырды. Қуғындауға Қа­зи атамыздың молда болға­ны себеп болған. Оның есімі тек тоқсаныншы жылдары ғана ақталды. Бүгін әкем­ді еске алып, ескерткішке келіп гүл қой­дық”, – дейді Хамит Нұрах­метұлы.

Еске алу шарасынан кейін С.Мұқанов атындағы облыс­тық ғылыми-әмбебап кітапха­нада конференция ұйымдас­ты­рылды.

Жиынға “Қаһармандар” рес­пуб­ликалық қоғамдық қорының пре­зиденті Сабыр Қасымов, “Алаш” ғылыми-зерттеу орталы­ғы­ның директоры Сұлтан-Хан Аққұ­лұлы, тарих ғылымдарының док­торы Аманжол Күзембаев, про­фессор Зарқын Тайшыбай және өзге де зерттеушілер мен ақтау ісіне үлес қосып жүрген азамат­тар қатысты. Шарада қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша өңірлік комиссияның жұмысы туралы да айтылды. Қазақстан­ның тәуелсіздігі мен аумақ­тық тұ­тастығы үшін күре­сушілерді то­лық құқықтық ақтау және саяси оңалту, байларға, кулактарға, жар­­тылай феодал­дарға және ор­та таптағыларға қа­тысты саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын ақтау, күштеп жер ауда­рылған халық­тар мен арнайы қоныстанушы­ларға қатысты оңал­ту, дәстүрлі діни қызмет өкілдерін оңалту, 372 халықтық көтерілістер мен нара­зылықтар­ды басу кезінде атыл­ғандарды оңалту бойынша жұ­мыс топтары ауқымды зерттеу жүр­гізіп, Қы­зылжардың шерлі та­рихына қатысты тың деректер тапқан.

– Ресей империясына 200, одақ құрамында 70 жыл бағы­ныш­ты тіршілік кешкен қазақ хал­қы талай рет тәуелсіздік майда­нына шығып, сан мәрте беті қайт­ты. Сол күрес жолында Алаш қайраткерлерінің бастауымен 1918 жылдың жазында Қызыл­жар­да Міржақып Дулатұлының қатысуымен жиын өтті. Больше­виктер құрған өкімет саясаты Алаш азаматтарына аяушылық танытқан жоқ. Біздің аймақтық комиссия 3 жыл ішінде жазықсыз жапа шеккендерді анықтап, ақтау жолында жан-жақты жұмыстар атқарды, – дейді Солтүстік Қа­зақстан облыстық архивінің директоры Сәуле Мәлікова.

Жиында шерлі жылдар шежі­ре­сін жасау ісіне үлес қосқан аза­маттарға облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталып, ғалымдар баяндама жасады. Жиналғандар ХХ ғасырдың басында барша қа­зақ баласының басын қосып, ха­лықтың қолын ғылым-білімге, ер­кіндікке, теңдікке жеткізуді көз­деген Алаш арыстары туралы ой бөлісті.

– Алаш жолы сол кездегі қазақ ренессансының көрінісі еді. Бүгінгі еліміздің мемлекеттік, қо­ғам­дық-саяси бағдары Алаш бо­луы керек. Егер большевиктер билікке өркениетті жолмен, қан­төгіс пен белден басусыз талас­са, онда Алаштың жеңіске жетері анық еді. Бүгінде сол оқиғалар­дың бәріне атүсті қарайтын “ноебольшевиктердің” бары да жа­сырын емес. Алайда больше­вик­тер төңкеріс жасап, билікке ке­ліп, қорқытып-үркіту арқылы бас­шылық жасады. Нәтиже­сінде ел­де ашаршылық пен қу­ғын-сүргін басталды. Біз сол жыл­дардағы саясатқа қарсы шыққан орыс ғалымдарының да пікірле­рін тап­тық. Олар қазақты малдан айы­рудың ауыр зардаптары бо­ла­тынын ескерткен. Егер билік ба­сындағылар бұған құлақ ас­қан­да ашаршылықтан миллион­да­ған қазақ өлім құшпайтын еді, – дейді Сабыр Қасымов.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp