«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жоқ көлікке салық төлеген

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда республикалық “Халық заңгері” акциясы өтті. Құқықтық көмекті тегін алуға келгендер әділет органдары, прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарына жүгінді.

Петропавл тұрғыны Жанат Қариев осыдан 20 жыл бұрын халық арасында “копейка” аталып кеткен “Жигули” автокөлігін сатқан. Бірақ осы күнге дейін жоқ машинаның салығын төлеп келеді. Басында 6 мың теңге болса, қазір салығы 9 мың теңгеге жеткен.

“Төлемеп едім, маған “арест” қойды. Атымнан шығарайын десем, көлік жоқ. 40 жылдық машина ғой, бір жерде бүгінде шіріп жатқан шығар. Қайдан табамын. Сатып алған адамды іздестірдім, Бескөл тұрғыны осыдан 17 жыл бұрын қайтыс болған екен. Жол полициясынан анықтама алдым. Халыққа қызмет көрсету орталығы бұл мәселені шеше алмаймыз деді. Прокуратура өкілдері көмектесе алмайтындарын айтты. Петропавл қалалық және Бескөл аудандық сотына екі рет жүгіндім, нәтиже болмады”, – дейді Жанат Қариев.

Қала тұрғыны “Халық заңгері” республикалық акциясына келіп, мамандардың көмегіне жүгінді. Оған алдағы уақытта облыстық әділет департаментінің мамандары көмектесетін болды.

Іс-шараға келген тұрғындардың қарасы қалың болды. Әлеуметтік акция енді аудан орталықтарында жалғасын таппақ.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp